Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұмау жеңіл -желпі ауру емес

Тұмау жеңіл -желпі ауру емес


Аурудың жеңілі жоқ. Жаз өтіп, күз келіп, алдымызда қыс күтіп тұрған шақта жас-кәрінің тұмаумен алысатыны белгілі. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы ауруға шалдығып, тіпті кейде науқасын асқындырып алып та жатады. Жалпы, ауданымызда тұмаудың алдын алуда қандай шаралар жүргізілуде? Тұрғындар тарапынан қандай қарекет байқалады? Осы сауалдар бойынша амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Асхан Отарбековты арнайы іздеп барып, сауалымызғаға жауап іздеген едік.

  Тұмау адамның жасы мен жынысына қарамайтын қауіпті жұқпалы ауру екені баршамызға мәлім. Күзбен бірге ере келетін осы бір дертке дес бергіміз келмесе де дене қызуымыз көтеріліп, түшкіріп, жөтеліп, әбден әлсірегенше жүре береміз. Ал дәрігерлер мұның дұрыс еместігін ескертеді.

– Бұл кеселдің ерекшелігі сол вирусы тұрақсыз, өзгермелі. Шындығына келгенде, тұмауға тең келетін ауру түрі жоқ. Әр жыл сайын қасиетін өзгертіп, түрленіп келетін ауру түрі түшкіргенде, жөтелгенде жұғады. Адамдардың тұмауды қабылдау кабілеті өте жоғары. Онымен ауырған адамның қоршаған ортаға залалы да жетерлік. Қауіптілігі сол ағзадағы созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-қан тамыры ауруын асқындырады. Жыл басынан бері фильтр кабинетіне барлығы ЖРВИ-мен аптасына 1500-ге жуық адам тіркелді. Оның ішінде 80 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Қалған көрсеткіш ересектерге тиесілі болса, олардың қатарында жүкті келіншектер де бар, - деді маман Асхан Бердіұлы.

– Сөзіңізде фильтр кабинеті дегенді айттыңыз. Ол қандай кабинет, ол жерде қандай жағдайдағы адамдар жатады? Осыған тоқталып өтсеңіз. Өйткені карантин режимінде енгізілген аталмыш кабинеттің негізгі көрсететін қызметін түсінбейтіндер әлі де болса баршылық.

– Сұрағыңыз орынды. Негізі бұл орынға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген кез келген науқас орналастырылады. Осы жерде қажетті ем шаралары көрсетіліп, науқас түрі анықталып, анализ көрсеткіші бойынша ем қабылдайтын бөлімге жолданады. Алайда осыған шыдас бермей айқай шу шығарып жататын небір кісілерді көрдік. Сабырға шақырып, тиісті шаралардың барлығы дер кезінде жасалып жатқанынан хабардар етеміз. Ал тұмаумен ауырған жағдайда фильтр кабинетінде дене қызуы тексеріледі, тиісінше керекті деген ем-шара жасалады. Егер қызуы түспесе, онда науқас инфекция бөліміне жолданады.

– Эпидемиологиялық маусымда екпенің маңызы зор. Бұл жөнінде нендей жұмыстар атқарылуда?

Осы жылдың 14-22 қыркүйегі аралығында жоспарға сәйкес, медицина қызметкерлері, «д» категориясымен есепте тұратын ересектер мен балалар, қатерлі топқа жататын 60 жастан асқан азаматтар, мүгедек ересектер мен балалар, 2-ші және 3-ші триместрдегі жүкті әйелдер, тағы басқасы бар барлығы 8500 адамға екпе егу жоспарланған. Осы күні 8409 адамға вакцина егіліп, тиісті жұмыстар жүргізілді.

– Тұмаудың алдын алуда қандай шаралар ұйымдастырылуда?

– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пайымына қарағанда, тұмаумен күресудің ең тиімді жолы вакцинапрофилактика. Оны күзде бастаған жөн. Өйткені, тұмаудың өршитін кезі наурыз бен желтоқсан айы. Бұл мезгілде екпе алғанда ағзаның иммунитеті көтеріледі. Ағзаның қорғанышы 14 күн мен 1 ай аралығында қалыптасады. Тұмаудың алдын алудың келесі бір шарасы адамдармен қарым-қатынасты шектеу, адам көп шоғырланатын жерге бармау, бетперде кию, қолды үнемі сабынмен жуу. Науқастың бөлмесін желдетіп, жеке ыдыс-аяғын сайлау да тиімді. Тұмаудың қауіптілігі аурудан кейінгі асқыну жағдайлары. Дер кезінде ем қабылдап, алдын алмаса пневмония, отит, синусит, бронхит, миокардит, миозит сияқты қауіпті ауруға ұласуы мүмкін.

– Халық медицинасына арқа сүйеу қаншалықты дұрыс?

– Иммунитетті көтеру мақсатында қолжетімді тәсілді де пайдалану керек Адам ағзасына пияз, сарымсақ, қарақат, итмұрын, қайнатпасын ішу артық етпейді. Ашытылған қырыққабат, белокқа бай және цитрус өнімдері тұмауға жақсы әсер етеді.
«Ауырып ем іздегенше , ауырмаудың жолын ізде» демекші, аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі індет басталғанға дейін тұмауға қарсы вакцина қабылдау. Ал тұмаудың алғашқы белгілері дене қызуының 38 С және одан жоғары көтерілуі, бұлшық еттер мен сүйектердің сырқырауы, бас ауруы, әлсіздік және тез шаршау, түшкіру және құрғақ жөтел, көздің қызаруы. Әр адам тұмаудан қорғану үшін дене шынықтырумен шұғылданып, дұрыс тамақтануды, уақтылы және жеткілікті дем алуды, витаминді-минералды дәрумендерді қабылдап, ағзаның қорғаныс күштерін арттыруды дағдыға айналдыруы керек. Түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір реттік орамалмен жапқан дұрыс. Өйткені, ауру дәл осы ережені сақтамағаннан таралады. Бөлмені үнемі желдету де маңызды. Тұмау және ЖРВИмен ауырған кісі отбасының басқа мүшелерінен аулақ болып, медициналық маска киіп, жеке гигиена ережелерін сақтауы керек. Бұл басқаларға ауруды жұқтырмау және ауруды таратпаудың бір амалы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Лаура БИБАСАРОВА
29 қыркүйек 2022 ж. 539 0