Үкімет 800 мың киік ату туралы шешім қабылдайтын болды

Министр өткен аптада киік санын реттеу бойынша ғылыми негіздеме жарияланғанын, қазір ұйымдастырушылық мәселелерді қарап жатқанын айтты. "Біз 1-2 күн ішінде өз шешімімізді жариялаймыз. Ғалымдар ұсынған негіздемеге сәйкес, бүкіл популяцияның 20 пайызы реттеуге жатады. Көктемгі санақ қорытындысы бойынша елімізде жалпы саны 3 миллион 900 мың киік бар, оның ішінде 2 миллион 300 мыңы - Орал популяциясы, 1 миллион 600 мыңы - Бетпақдала популяциясы, ал 700-800 мыңдай шағын популяция - Үстіртте", - деді Экология министрі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Сондықтан шамамен 4 миллион киіктің ішінен 800 мыңын реттеу керек.
"Онда жыныстық-жас ерекшелігі бойынша құрамы да анықталған: 40 пайызы — аталық киіктер, 40 пайызы - аналық, 20 пайызы - биылғы төлдер (лақтар) болуы керек. Яғни бізде нақты сандар мен параметрлер бар, қазір сол бойынша дайындық жүргізіліп жатыр", - деді Е. Нысанбаев.