» » МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ МЕРЕЙІ

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ МЕРЕЙІ


Кеше Қызылордадағы Өнер орталығында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған «Қанатты қалам – 2025» атты салтанатты іс-шара өтті. Сала өкілдерін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы журналистердің мемлекеттік саясатты халыққа жеткізудегі ролін айрықша бағалап, қоғам мен биліктің арасында алтын көпір ретінде жауапты міндет атқарып отырғанын жеткізді. Бір ғасыр бұрын Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы болған тұста республикалық мерзімді басылымдар түгел осында көшіріліп, бұл Сыр елінің рухани өміріне ерекше серпіліс берді.
– Ғасырға жуық тарихы бар басылымдар мен тәуелсіздік жылдарында шыққан газеттер – аймағымыздың шежіре сандығы. Өңіріміздің тарихы, әлеуметтікэкономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дерек көзіне айналды, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сала өкілдеріне Сыр өңірінің жылнамасын, тәуелсіздік шежіресін қалыптастырудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріп, бірқатарын марапаттады.
2025 жылғы 23 маусымдағы Президент Жарлығына сәйкес облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» орденін табыстады.
Тағы бір топ әріптесіміз облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді, одан бөлек арнайы номинациялар белгіленді. Атап айтқанда, «Қанатты қалам» номинациясы бойынша облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Айнұр Батталова, «Шебер журналист» номинациясы бойынша облыстық «Кызылординские вести» газетінің аға тілшісі Айдана Мұсаева, «Ұшқын» номинациясы бойынша облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова, «Үздік ақпараттық агенттік» номинациясы бойынша «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Аида Маратбекқызы, «Тазалық жаршысы» номинациясы бойынша қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдабекова, «Ұшқыр қалам» номинациясы бойынша «Казинформ» ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Назерке Саниязова және басқа да әріптестеріміз марапат төрінен көрінді
. Сондай-ақ жиынға арнайы қатысқан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ақпарат саласының өкілдеріне министрлік марапатын табыстады. «Ардагер әлемі» газетінің бас редакторы, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетовтің кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін тақса, облыстық «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев «Ақпарат саласының үздігі» атағын иеленді. Айта кететіні, «Жаңақорған тынысы» газетінің қызметкері Жасұлан Сейдеметов аймақтың «Үздік дизайнері» номинациясын жеңіп алды. Ол бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті, тәжірибелі маман.
Еңбек жолында төл газеттің теруші қызметінен бастап, оператор, фототілші сынды сатыларынан өткен. Жасұлан Нұрланұлы бұған дейін аймақтық басылымдар арасында ай сайынғы іріктеуде жүлденің үздік үштігінен түскен емес. Осындай адал қызметі мен шығармашылық ізденімпаздығының нәтижесінде биылғы жылдың үздігі атанды. Әріптесімізді жарқын жеңісімен құттықтаймыз. Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Назерке САНИЯЗОВА
28 маусым 2025 ж. 107 0