» » АҚПАРАТ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН АРУ

АҚПАРАТ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН АРУ

Тележурналистика – жүрек пен жауапкершіліктің кәсібі. Бұл саланың иесі болу үшін комментатордың камера алдында сауатты сөйлеп, көркем көріне алуы бір бөлек, адами мақсат-мұраты да ақиқатты жақтайтын халық пен билік арасындағы алтын көпір бола алуымен айқындалады. Осы бір күрделі де қадірлі саланы жан-тәнімен сүйіп, кәсіби қызметінде биік белестерді бағындырып келе жатқан жандардың бірі, туған жер түлегі Индира Тұрсынбаймен мереке қарсаңында азкем сұхбаттасудың сәті түсті
Индира Тұрсынбай 1983 жылы 2 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Кішкентай кезінен айналасына зер сала қарайтын, өзіндік пікірімен дараланған баланың жазу өнеріне жақындығын ата-анасы ерте аңғарды.
– Менің журналистикаға қызығушылығым бала кезден оянды. Ол кезде 90-жылдардың ортасы, «Хабар» телеарнасы жаңа ашылып, дүркіреп тұрған кез. Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Айгүл Мүкей, Жайна Сламбек сынды кәсіби журналистерді көріп, қызығушылығым артты. Әкем үнемі «Қаратаудың қыздары қайсар, өжет болады» деп мені шабыттандырып отыратын. Журналистикаға бет бұруыма сол кісінің ықпалы зор болды. Менің журналистикаға қызығушылығымды әкем оятты десем болады. Содан бастап, қазақ тілі мен әдебиетін ерекше жақсы көріп оқыдым. Әлбетте, барлық сабақты үздік бағаға оқыдым. Дейтұрғанмен, қазақ тілі мен әдебиетке қызығушылығым басым болды. Осылайша саналы түрде журналист болуға дайындалып, алдыма мақсат етіп қойдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, журналистикаға алғашқы қадамым басталды, – дейді Индира өткен күндерді еске алып.
Ол университетті қызыл дипломға тәмамдап, магистратураға түсіп, оны да қызыл дипломмен аяқтайды. Университет қабырғасында жүріп-ақ өзінің еңбек жолын бастап кетуі – оның талапты да епті, еңбекқор студент болғанының айғағы болса керек. Индираның кәсіби жолы 2003 жылы, студент шағында басталады. Ол сыпайылығы мен ұқыптылығының арқасында шағын телеарналардың бірінен тәжірибе жинақтап, журналистика әлеміне алғашқы қадамын нық басты. Сол уақыттан бері ол еліміздегі ірі арналардың тізгінін ұстап, түрлі форматтағы жобаларда еңбек етті. «Алматы» телеарнасында – жаңалықтар тілшісі әрі жүргізуші, «Экология бекеті» – әлеуметтік бағдарлама редакторы, «Қазақстан» ұлттық арнасында – жаңалықтар тілшісі, «Бизнес KZ» экономикалық жобаның авторы әрі жүргізушісі, «Астана» телеарнасында – жаңалықтар жүргізушісі, тілші, «Хабар» арнасында «Таразы» бағдарламасының журналисі, «Еуразия» арнасында жаңалықтар жүргізушісі болып қызмет атқарды. Президенттік пул құрамында ел ішіндегі іссапарларды эфирге шығарды. Журналистикадағы еңбек жолынан кейін ол аутсорсингтік компанияда 6 жыл еңбек етеді. Осы тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында «Балапан» телеарнасының директоры болып тағайындалып, онда біржарым жыл бойы балғындар медиа кеңістігін дамытуға үлес қосады. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар «Жібек жолы» арнасында халықаралық, экономикалық және саяси ақпараттарды қамтитын ««Жаһан жайы» аналитикалық бағдарламасын жүргізіп келеді. Индираның айтуынша, тележурналист болу – зор жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететін жұмыс. «Бір сөйлемді дұрыс аяқтап шығу үшін дем жетпей қала ма деген алаңдаушылық болады. Бірақ уақыт өте келе тәжірибелі бола бастайсың. Тікелей эфирде екінші дубль деген жоқ», – дейді ол.
Бұл сөздерден оның жұмысқа деген шынайы көзқарасын, эфирдегі әрбір сәттің салмағын сезініп өз-өзін шыңдаумен келе жатқан жан екенін аңғару қиын емес. Ол өз аудиториясын жақсы түсінеді. Қазіргі жастар жаңалықты интернеттен алуға бейім болса, ал телеарна көрермендері – мектеп жасындағы бүлдіршіндер және жасы елуден жоғары ел ағасы деңгейіндегі азаматтар десек жаңылыспаймыз.
Сонымен қатар «Жібек жолы» арнасында халықаралық, экономикалық және саяси ақпараттарды қамтитын «Жаһан жайы» аналитикалық бағдарламасын жүргізіп келеді. Индираның айтуынша, тележурналист болу – зор жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететін жұмыс. «Бір сөйлемді дұрыс аяқтап шығу үшін дем жетпей қала ма деген алаңдаушылық болады. Бірақ уақыт өте келе тәжірибелі бола бастайсың. Тікелей эфирде екінші дубль деген жоқ», – дейді ол. Бұл сөздерден оның жұмысқа деген шынайы көзқарасын, эфирдегі әрбір сәттің салмағын сезініп өз-өзін шыңдаумен келе жатқан жан екенін аңғару қиын емес. Ол өз аудиториясын жақсы түсінеді. Қазіргі жастар жаңалықты интернеттен алуға бейім болса, ал телеарна көрермендері – мектеп жасындағы бүлдіршіндер және жасы елуден жоғары ел ағасы деңгейіндегі азаматтар десек жаңылыспаймыз. Индира осынау көрермен көңіліне жол таба білудің, ақпаратты сезіндіре жеткізудің, олардың жүрегіне жететін тілмен сөйлеудің нағыз шебері. Индира үшін отбасы – басты құндылық. Жолдасы, жаңалықтар бөлімінің басшысы Айдос екеуінің жұмыстан тыс уақытта да шүйіркелесіп әңгімелесер ортақ тақырыбының түгесілмейтіні содан. Балалары да ата-ана жолын жалғап келеді екен. Үлкен ұлдары пиар журналистка мамандығы бойынша Америкада білім алып жүр екен. Пиар журналистика мамандығы бойынша дипломатия және халықаралық қатынастар саяси ғылымдар факультетінде білім алып жүр екен. Кіші ұлдары АҚШ-та баскетбол академиясында оқып жатыр екен. – Ерім екеуміздің де жұмысымыз аттың жалында өтіп жатқанымен отбасы жағдайына ана ретінде көп алаңдаймын. Үй шаруасы тікелей өзімнің мойнымда. Әдетте, іскер әйелдер сынды жеке қажетіме қызметші жалдау дегенді құптамаймын. Баламның сабағын оқыту мен тамақ дайындауды басқа біреуге сеніп тапсыра алмаймын, – дейді Индира.
Индира өзін ешқашан ерекше жан ретінде көрсеткісі келмейді. Хоббиі туралы сұрағанымда, ол сөмке жинағанды ұнататынын айтқанымен, оны да хобби деп атауға келмейтінін айтты. Көп уақыты әлеуметтік желіде өтпейді, бірақ халық тынысын білу үшін күніне бір-екі мәрте қарап отыратынын жеткізеді. Ал демалыс уақытын отбасымен бірге табиғат аясында өткізу – оның жанына тыныштық сыйлайтын сәттер екен. Индира Тұрсынбай – қазіргі қазақ тележурналистикасында өзіндік орны бар, кәсібіне адал, көрерменге жақын, сөзі шын, пікірі нақты маман. Кәсіби жауапкершілік пен отбасылық міндетті қатар алып жүрген заманауи қазақ әйелінің эталоны. Оның өмірі мен еңбегі – жаңа буын журналистер үшін нақты үлгі, шынайы шабыт көзі дер едік. Қоғам алдындағы жауапкершілік пен отбасы алдындағы міндетті қатар арқалап жүрген оның өмірі – көптеген жас мамандар үшін нақты бағдар, аға буын үшін – мақтаныш. Индираның эфирдегі үні – шындықтың дауысы. Ал өмірдегі бейнесі – нәзіктік пен табандылықтың жарқын үлгісі.

                                                                                                                                                 Әсел РЗАЕВА
28 маусым 2025 ж. 105 0