№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абайлаңыз, кене!

Абайлаңыз, кене!


Күн жылынып, табиғат оянған шақта тасада жатқан кенелер адам өміріне қауіпті күшейте түсетіні белгілі. Яғни, кенеден қырым-конго безгегін жұқтырғандар саны артады. Тіптен, соңғы жылдары кененің шағуынан адамның қайтыс болу фактілері тіркелді. Ауданда 19 елді мекен кене шағуы мүмкін қауіпті аймақ ретінде белгілі. Осыған орай, жылда арнайы қаржы бөлініп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Кенеден келетін қауіп-қатер жайлы мамандардан білген едік.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жататын табиғи ошақтық ауру болып табылады. Бұл аурудың туындауы, тіркелуі, таралуы тікелей иксод кенелерінің табиғатқа шығуы мен белсенділігіне тікелей байланысты. Әрине, кенемен күресте жыл сайын тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, өткен жылы Қырым қанды безгегінен 16 елді мекен қолайсыз болды, – деді аудандық емхананың дәрігер-эпидемиологы Асхан Отарбеков.
Кене шаққан адамның басы ауырып, әлсізденіп, сүйек-буындары сырқырап, тамаққа тәбеті қашып, құсу пайда болады. Дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, беті, мойны, қолы және көкірегі қызарып кетеді. Кене шағудан зардап шеккен науқастарға және байланыста болғандарды 14 күнтізбелік күн дәрігерлік бақылауда болады. Яғни, дене қызуын өлшеніп, терісі тексеріледі.
– Ауру таратушы кене 100 пайыз вирусты өз ұрпағына бөледі және 20 мыңға дейін жұмыртқалайды. Біздің ауданда иксод кенесінің 5-6 түрі кездеседі. 2018 жылдың 2-сәуірінен бастап конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз саналатын Жаңақорған кенті, Ызғар, Кейден, Жайылма, Қаратал, Қожамберді, Сунақата, Екпінді, Ақүйік, Қосүйеңкі, Кеңес, Қауық, Аққұм, Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, Ақсуат, Байкенже, Бесарық бекетіндегі төрт түлік мал, малқоралар, суат және т.б көктемгі кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын «Төрт түлік белгілері» ЖШС жүргізеді. Қазіргі таңда 4 елді мекен толық залалсыздандырылды, – деді «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда облысы бойынша филиалының Жаңақорған ауданы бөлімшесінің санэпидқызмет маманы Рақматулла Баязов.
Аудан әкімі жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы Серқожа Ыдырысовтың ескерткендей, кент және ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындары мал қораны қидан толық тазалау, дәрілеу жұмыстарының өз дәрежесінде жүргізілуін қадағалағаны игі. Себебі 2017 жылы осы науқас түрі бойынша 154 адам дәрігер көмегіне жүгінсе, 2018 жылдың ақпан-наурыз айларында 17 адам емханаға келген.
Сала мамандары орман, тоғайлы жерлерге барар алдында кененi денеге жолатпас үшiн мiндеттi түрде арнаулы киiм кию керектігін ескертеді. Яғни жеңi ұзын ер адамның көйлегiн киiп, жағасын, жеңiн түймелеп, шалбардың балағын аяқ киiмге салған абзал. Басты ашық қалдырмай, кененi жуытпайтын арнаулы химиялық заттарды жаққан да артықтық етпейді. Тоғайда демалғанда немесе жұмысқа барғанда шөбі мен бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс. Кененiң адамдарға ең көп шабатын уақыты таңғы сағат 8-ден 11-ге дейiн және кешкi сағат 5-пен 8-дiң аралығы. Ендеше, осы уақытта абай болған жөн. Себебі, қырым-конго безгегін тасымалдаушы кене адам өміріне қауіпті.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
10 сәуір 2018 ж. 2 187 0