Бірліктің қарбызы нарықта

Биыл қарбыз бен қауынның саудасы ерте қызды. Оңтүстік өңір кәсіпкерлері мен көршілес өзбек ағайындар жеткізген өнім мамыр айының өзінде нарықты жаулап алды. Сұранысқа сай бағасы да күн сайын құбылып тұр. Әйтсе де, жергілікті өнімнің жайы бөлек. Жаңақорғанның қарбызы пісті, саудаға түсті. Ақүйіктік ағайын алғашқы қарбыз саудасының көшін көршілес елдерге бұрды, содан кейін аймақ нарығына басымдық бермек. Жылдағы диқан қауымының дағдысы осылай өріліп келеді.
Берекелі Бірлікте соңғы бес жылдың ішінде бақша өнімдерінің көлемі кеңейді. 2018 жылы агро-индустриялық аймақ ашылған болатын. Берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ақүйіктік ағайынның тындырымды тірлігі биыл да нәтиже көрсетті. Ауылда еңбекке жарамдының барлығы егін алқабында еңбектенді. Таңның атысы, күннің батысы қарбызды егуден бастап, арамшөптен тазалау, суару, содан кейін шірітіп алмай жинап, сатқанға дейін тұтас отбасылар тайлы-таяғымен бақшалық басында жүр.
Ауыл әкімі Әскер Мұсаевпен байланысып, мән-жайды білуге тырыстық. – Ауыл диқандары жыл сайын егіс көлемін 20 гектарға арттырып, бақша дақылдарына барынша көңіл бөліп келеді. Биыл 156 гектарға дән тасталса, соның 130 гектары қарбызға бағытталды. Қалған гектарға картоп, асқабақ, жүгері мен қауын және жоңышқа ектік. Биыл қарбыздың жайы жаман емес, алты шаруақожалық арнайы қарбызға көңіл бөлді. Ерте көктемде басталған еңбек жемісін бере бастады. Бірліктіктер азанда ең алғаш қарбызды жинап, экспорттауды бастап кетті, – дейді ол.
Айта кететіні, егіншілер биыл малазықтың дақылдарына да аса мән беріп отыр. Өйткені Сырдағы шөп бағасы биыл құбылып тұрғаны сезілуде.
– Әзірге көршілес Ресейге жөнелтуді бастадық. Өнімді тасымалдауда Түркістан және Шымкент жүк көліктерімен, алдын ала келісімге келген болатынбыз. Негізгі меже 6 тонна болатын, бүгінгі күнге 2 тоннадан аса өнімді жөнелттік. Жоспарды жүйелесек, өзге облыстарға және Қызылорда қаласы мен өзіміздің аудан орталығына жіберетін боламыз. Шілде айының 5-нен бастап екінші кезеңі басталады. Сол кезде базар нарқы барынша тұрақталатын болады. Қазір қарбыз келісі 60-70 теңге аралығында сатылып жатыр, – дейді әкім. Мұндағы ірі шаруашылықтың бірі Мейіржан Құтыбаевтың қожалығы. Жыл сайын төраға осы аймаққа қарбыз егіп, ойдағыдай өнім алып келеді. Бұл да дәстүрге айналған үрдіс, жақсы бастама. Егінші қауым аяқсудан тарықпайды, өйткені, су таудан келеді. Сырдағы халық дария деңгейіне қарап күн бағып отырса, тау етегіндегі ауылдар таудың бұлағына иек артады. Ерте шығару үшін кленка астында, кейде тіпті жылыжайда немесе өсуді жеделдететін арнайы препараттар арқылы өсірілген өнім экологиялық тұрғыдан да, денсаулыққа әсері жағынан да сұрақ тудырады. Алайда оның барлығы жердің құнарлығына байланысты. Мойындау керек, біздің ауданның қарбыздарына сұраныс өте жоғары. Осыдан-ақ оның сапасын байқауға болады. Жалпы аудан бойынша бақша дақылдарының көлемі 2 мың гектарға жуықтаса, қарбыз бен қауынның көлемі одан кем емес. Тақырыпқа тұздық болсын.
Қазір аудан орталығында көше бойында қаз-қатар тізілген қауын-қарбыз бағасы әлі қымбат. Бір қарағанда бұл инфляцияның және логистика, жанармай, тыңайтқыш құнының артқанынан туындаған заңды нәтиже сияқты. Бірақ тереңірек қарасақ, бағаның өсуі – нарықтағы алыпсатарлық, сұраныс пен ұсыныс арасындағы дисбаланс, тіпті ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігінен туындаған түйткілдердің көрінісі. Шағын әңгелектің 500 теңгеден сатылуы, бір қарбыздың 2000 теңгеден жоғары тұруы отбасылық бюджетті де, тамақтану мәдениетін де өзгертті.
Жалпы, қарбыз жөнінен Жайылманың атағы артты. Өзімізде ғана емес көршілес елдерге де танылған ауылдың өнімі әлі де нарықта үлкен сұраныста. Енді бұл көшке Ақүйіктің диқандары да қосылып, жақсы нәтиже көрсете бастады. Бірліктік жұрт биылғы меже ойдағыдай түйінделсе, келесі жылы тағы да егіс көлемін көбейтуді жоспарлап отыр. Ең бастысы, жерге еткен еңбек жерде қалмаса болғаны.
Әли ТЕМІРБЕК