Тіл – ұлт тұғыры
Қазақ топырағында қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде қолдану мәселесі тәуелсіздік алғалы бері табанды қолға алына бастағаны мәлім. Қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі тілдердің біріне айналуы оның қолдану аясын арттыру арқылы болады. Бұған қазақ тілінің сөздік потенциалы толығымен жетеді, тек басты шарт тілді сақтап қалу керек.
Әр халықтың тілі – бұл оның тарихи жадысы екені ақиқат. Түрлі мәдениеттердің өзара қатынасынан тіл араласуы орын алады. Біздің тіліміз ғасырлар мен дәуірлердің, жылдар мен айлардың, іздеу мен ізденудің, сан түрлі тәжірибелердің арқасында дамып, жетілді. Сөздік қорын байытты. Қазақ тілінің осындай дәуірі Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құру кезеңінен басталады. Тіл мүмкіндігін еркін пайдаланған от ауызды дүлдүл көсемдер мен шешендер, дуалы ауыз билер, ақын-жыраулар қазақ халқының баға жетпес руханияты – тілін дамытты. Кейін келе жазба мәдениеті дами бастаған шақта татар, араб, парсы тілдерінен кірме сөздер енді.
Ана тілімізді құрметтеудің басты тетігі – сөз тазалығы. Десекте, тілдің даму тарихында өзге тілдерден енген кірме сөздер көптеп кездеседі. Олардың кейбірі кеше, кейбірі өте ежелден келеді, және жер бетінде жүз пайыз өз тілін ғана қолданатын халық жоқ деуге болады.
Ғылым мен техника дамыған ғасырдың негізгі ерекшелігі – тілдер санының жедел қарқынмен азаюында. Тіл – жүйе, оған абсолютті еркіндік жат. Оны әркім өз қалауынша өзгертуге қахы жоқ. Тілдің кез-келген күйі тарихи факторлар жемісі, тілдегі таңбалардың өзгеріссіз қала беруі, өзгелермен ауыстыруға келмейтіні осыдан.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесінде сөздік қоры неше мыңдаған сөздерден тұратын қазақ тілінің зор руханиятының сынын бұзбау, халық санасынан өшірмеу бағытында жан-жақты алғышарттар қарастырылуда. Әрине, ең басты талап – таңба мәселесі. Ол «білгендерге – анықтай, білмегенге танықтай» деңгейде айқындалып алмай бұл турасында бір жүйеге түсу қиын.
Ермұханбет ӘБДРАМАНОВ,
Жаңақорған АПб-нің ТжКЖт-ның инспекторы, полиция майоры
