№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданда тұмау асқынып тұр

Ауданда тұмау асқынып тұр

Маусым айы басталғалы күн ысып, тұрғындарды әбігерге салды. Арты тұмаудың түрлі бағытта өршуіне себеп болғандай. Әлде бұған басқа себеп бар ма? Коронавирус дерті күннен күнге өршіп, белең алған уақытта тұрғындардың көңілі алаң болуы түсінікті-ақ. Осы орайда, медицина саласының мамандарынан мән-жайды білдік.

Алдымен аудандық жедел-жәрдем бөлімінің меңгерушісі Әлібек Жиенбаевпен хабарластық.
– Соңғы он күннің ішінде жедел-жәрдем бөліміне түскен қоңы­рау саны әдеттегіден артты. Басты себебі – карантин кезін­дегі қойылған талапты орын­дамаудан деп білеміз. Екінші­ден, ауа-райының күрт ысып кетуі салдарынан тұрғындар мұздат­қышты (кондиционер) шамадан тыс қолданды және мұздатылған сусынға жүгінді. Мұның бәрі тұмауды асқындырып жіберді...
Мәселен, күніне 50-ден аса қоңырау түссе, соның 30-35-інен тұмау белгісі табылды. 3-3,5 есеге артқан қоңырау саны Төтенше жағдай кезінде тіркелмеген еді. Санитарлық талаптарды барынша сақтап, алдын алу шарттарын орындау маңызды, – деді ол.
Оның айтуынша, ауданда 3 арнайы бригада үздіксіз қызмет көрсетуде және олар шақыру кезінде түскен түрлі аурулардан сақтану жолын түсіндірумен қатар, жаһанды жайлаған індеттен қалай сақтану жолдарын да түсіндіреді.
Енді тақырыпқа ойысып, қанша адам тұмау белгісімен ауруханаға түсті. Бұл сұраққа ауданаралық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зәуреш Тлепбаева жауап берді.

– Қазіргі таңда аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына тұмау белгілерімен дәрігерлік көмекке азаматтар жиі жүгінуде. Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалады. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталуда. Дәл қазіргі уақытта аурухана жанынан ашылған фильтрлік бөлімде 57 науқас ем алуда. Олардың 25 пневманияға шалдығып, ОРВИ диагнозымен 15 науқас жатыр, – деді Зәуреш Әбдірейімқызы.

Айта кететіні, ауруханаға түс­кен тұрғындардан шұғыл түрде COVID-19 инфекциясына талдама алынады. Талдама анықталғанға дейін олар фильтрлі бөлімге жатқызылады. Теріс нәтижені көрсеткендер тиісті аурухананың бөлімдеріне жіберіледі. Науқастар арасында ауруын асқындырып, пневмонияға ұластырып алған­дар бар. Олар провизорлық стацио­нарда ем қабылдайтын бола­ды.
Жасыратыны жоқ, тұмау көп тарайтын жұқпалы аурудың бірі. Жылдар бойы ол эпидемия көзі болып, 5-10 пайыз ересектер мен 20-30 пайыз балаларды зақымдауда. Тұмау вирусы адамдарда өте ауыр түрде өтіп, кейде өміріне қауіп төндіреді. Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша өлімнің ең көбі тұмаудан келеді. Тіпті көптеген ауру түрлерін қоздырушысы болып табылады. Яғни өкпе абсцессі, өкпе көк ет эмпиемасы, респираторлық дистресс синдром, құлақтың қабынуы, кеңірдектің ісінуі, энцефалит, менингит, токсико-аллергиялық шок тағы басқа ауру түрлеріне ұласуы мүмкін. Бұдан алар сабақ, тұмауға қарсы алдын алу шараларының кешенді түрде жүргізілуін қадағалау керек. Одан әрі асқынса тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Негізі тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адамның микробы жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға тарайды. Сондай-ақ тұмау вирусы науқастың тұтынатын заты – ыдыс-аяқ, сүлгі, кітабы және т.б арқылы жұғады. Аурулардың салда­рынан болатын асқынулардың соңы өлімге соқтыруы мүмкін.
– Мамыр айынан бері тұмаумен екі рет ауырдық. Салқын тиіп ауыра қалсам өз басым дәрі-дәрмекті көп пайдаланбаймын. Балаларыма да дәрі бермеуге тырысамын. Оларға көбіне қызу түсіретін дәрі қолданбасам, жалпы халық арасында көп қолданылатын қазақы еммен емделемін. Таза ауада көп қыдырамын. Суық тиіп ауырған кезде көп қолданатын емім – лимон қосылған шәй, бал мен қойдың майы қосылған сүт. Жылы суды көп ішеміз, – дейді кент тұрғыны Жәмила Бағланқызы.
– Тұмау басталғанда адамның дене температурасы көтеріліп, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті төмендейді. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды.
Емі – міндетті түрде дәрігерді үйге шақырып, ем қабылдау! Өз бетімен ем қабылдамау! Дерттің асқынуына жол бермеу! – дейді Әлібек Жиенбаев.
Аурудың алдын алу шаралары:
– иммунитетті көтеру мақса­тында уақытылы құнарлы тамақ­тану;
– вакцинация;
– ауру көзі болып отырған науқастардан өзін алшақ ұстау;
– жеке бас гигиенасын сақтау.
Ендеше, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырайық...


Лаура БИБАСАРОВА
20 маусым 2020 ж. 1 101 0