» » ҚАЛАМ ҰСТАҒАНДАРҒА ҚҰРМЕТ – ЖУРНАЛИСТЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚАЛАМ ҰСТАҒАНДАРҒА ҚҰРМЕТ – ЖУРНАЛИСТЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

28 маусым – елімізде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – ел мен халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген журналистерге көрсетілетін шынайы құрметтің, кәсіби еңбектің еленетін сәті. Шынайы ақпараттың шырақшысы, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір бола білген журналистер қауымы үшін бұл – ерекше мейрам.

Журналист – жай ғана мамандық емес. Бұл – үлкен жауапкершілік пен шынайылықты талап ететін, қайрат пен қабілет, білім мен біліктілікті қажет ететін абыройлы кәсіп. Ақпараттық қоғамда журналистердің рөлі орасан зор. Олар қоғамда болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп, халықтың көкейіндегі сұрақтарды билікке жеткізуші дәнекерге айналып отыр.

Заманауи медианың дамуына сай, ақпарат таратудың формалары да өзгерді. Қазір журналист тек газетке мақала жазып қана қоймайды, әлеуметтік желі, теледидар, радио, онлайн платформа арқылы да қоғаммен байланыс орнатады. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе – бұл журналистің басты миссиясы: шындықты айту, халыққа қызмет ету, әділеттің жағына шығу.

Бұл күні біз – қаламды қару етіп, қалың елдің сенімін арқалап жүрген барлық журналистерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл салада табандылық танытып, елдің үніне айналған ақпарат майталмандарына тек шығармашылық шабыт, сарқылмас қуат пен биік бедел тілейміз!

Қадірлі журналистер! Қаламдарыңыз ұштала берсін, ойларыңыз орамды, жазбаларыңыз өткір, еңбектеріңіз елене берсін! Сіздерге деген халықтың сенімі – ең үлкен марапат. Шындық пен шынайылықты ту еткен еңбектеріңіз әрдайым бағалансын!

Журналистер күні құтты болсын!
28 маусым 2025 ж. 1 611 0