№5 (8919) 21

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (8918) 17

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (8917) 13

13 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » "ТАРИХТАҒЫ ТҰЛҒАЛАР" музейлік жобасы

"ТАРИХТАҒЫ ТҰЛҒАЛАР" музейлік жобасы


Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Қандөз елді мекенінде дүниеге келген. Мұсылманша сауатын ашқан Нәзір қаладағы үш жылдық орыс-түзем училищесін бітірді. Бұдан соң сегіз жылдық коммерциялық училищеде оқыды. Бұл оқуды ойдағыдай аяқтаған ол Мәскеудегі коммерциялық оқуда оқиды. Жастайынан талантты Нәзір орыс тілінен бастап тәжік, түрік, парсы, араб, француз, неміс тілдерін жетік білді.
Нәзір Төреқұлов 1916 жылдан бастап қоғамдық өмірге араласа бастады. Ол Минск қаласында "Жер одағы" мекемесінде нұсқаушы болып жұмыс істей жүріп, 1916 жылғы 25 шілдедегі патшаның жарлығымен қара жұмысқа алынған мұсылман жастарының арасында жаңадан "Еркін дала" деген саяси ұйым құрып, оны басқарады.
Нәзір Төреқұлов 1919 жылы Ферғана облревкомының және Түркістан Орталық Атқару Комитетінің (ОАК) төрағасы болды. Ол 1920 жылы партия қызметіне алынып, Түркістан КП Уақытша Орталық Комитетінің мүшелігіне және оның атқару бюросының хатшылығына сайланды. 1920-1922 жылдары Түркістан КП Орталық Комитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару комитетінің мүшесі және төрағасы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің Түркістан бюросының, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі, 1922 жылы РК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы атқару комиссиясының мүшесі болды. Басмашыларды жоюға белсене қатысты.
1921-1922 жылдары түркі тілдес халықтардың жазуын латын алфавитіне көшіру жөніндегі Орталық комиссияның мүшесі болып, Мәскеуге қызметке ауысты және РК(б)П-нің Түркістан бюросының құрамына еңгізілді. РК(б)П-нің Х және ХІ съездеріне делегат болып қатысты.
Н.Төреқұлов мұғалімдердің Бүкілодақтық І съезінде баяндама жасады. Ол 1922-1928 жылдары СССР халықтарының Орталық баспасы басқармасының төрағасы болды. Орталық баспа басқармасының жанындағы Шығыс халықтары тілінде кітап шығаратын редакциялық алқаны да тікелей өзі басқарды.
Орта Азия мен Қазақстанда баспасөз орындарын ұйымдастыру, газет-журналдар шығару, көркем әдебиет туындыларын ұлт тілдеріне аудару мәселелеріне басшылық жасады. Сонымен бірге Мәскеудің жоғары оқу орындарында Шығыс тілдерінен сабақ берді, бірнеше ғылыми еңбектер жазды.
Осы жылдарда ол қоғамдық қызметімен қатар журналист әрі әдебиетші ретінде де жарқырап көрінді. 1923 жылы ол Мәскеуде "Темірқазық" журналын бастырып шығарды. Ташкентте тұңғыш рет Абай шығармаларын бастыру ісін басқарды. Өзбек мектептері үшін алғашқы оқулықтар жазды.
Нәзір Төреқұлов 1928-1932 жылдары Сауд Арабиясында бас консул, ал 1932-1936 жылдары СССР-дың тұрақты өкілі болды.
1936-1937 жылдары Мәскеу және Ленинградтағы Шығыс халықтары институтының ғылыми қызметкері, оқу бөлімі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.
Нәзір Төреқұловқа «Халық жауы» деген жала жабылып, 1937 жылдың 15 шілдесінде абақтыға жабылды. Сол жылдың 3 қарашасында ату жазасына кесіліп, сол күні-ақ 45 жасында жазықсыз атылып кетті.
Арада 20 жыл өткенде Нәзір Төреқұлов 1958 жылы 28 қаңтарда СССР Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының шешімі бойынша ақталды.
Түркістан қаласында Нәзір Төреқұловтың музейі бар. Сондай-ақ Нәзір Төреқұловқа Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр Адамы» құрметті атағы берілсе, Шымкент қаласындағы бір орта мектеп Нәзір Төреқұловтың есімімен аталады.
23 қаңтар 2026 ж. 79 0