№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Қиянда құрметтелген қазақ

Қиянда құрметтелген қазақ


Көк түріктер дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар қазақ елі екі ғасырдан астам уақыт зорлықшыл империяның бұғауында сағы сынып, тауы шағылып, тіпті тарих түнегіне жұтылып кете жаздағаны рас. Осыны озық ойлы тұлғалар алдымен түсініп, ұлтын сақтап қалудың қам-қарекетіне кірісті. Олардың қатарында жерлесіміз, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-ғалым – Нәзір Төреқұлов та бар еді.


Ол 1892 жылы Қандөз ауылында өмірге келген. Әкесі Төреқұл дәулетті кісі болған, мақта саудасымен айналысқан. Самарханға, Қоқанға керуен тартқан. Әйелі, тәжік қызы Гүлбахрам діндар кісі еді. Балаларын ауыл молдасында оқытып хат танытты. Нәзірдің орысша оқуын қалаған әкесі оны орыс-түзем мектебіне берді. 1910 жылы үш жылдық училищеде білім алды. Одан әрі Мәскеу қаласындағы коммерциялық жоғары оқу орнында оқыды. Өзі білетін тәжік, түрік, парсы тілдерінен бөлек мұнда француз, неміс тілдерін меңгерді. 1916 жылы мұсылман ұлттардан майданға адам алу жөнінде патшаның жарлығымен майдан тылына қара жұмысқа жегілген қандастарының қатарында жаңадан «Еркін дала» деген саяси ұйым құрады. Мақсаты – қорғансыз қыр қазағының жай-жағдайын, мұң-мұқтажын жоқтап, жоғарыға жеткізіп, қарлығаштың қанатындай қамқор көмегін тигізуді ойлады. Майдан даласында нұсқаушылық қызметті атқара жүріп өзі де саяси тұрғыдан жан-жақты кемелденіп жетіле түсті. Бай мен кедейді теңестіреміз деген большевиктер үкіметіне мойынұсынып, жарлының маңдайына шырақ жағуға ұмтылған жас туған ұлтын ұшпаққа шығарсам деп талаптанды. Сапырылысқан саяси шырғалаңның жыңғыл-жықпытынан жол тауып, ұлт мүддесін барынша қорғауға амал-айла іздеп бақты. Ол алдымен Қоқанда әскери-революциялық кеңес төрағасы болып жұмысын бастады. 1917-21 жылдары Түркістан Республикасы халық комиссары болды. Осы жылдары ағарту комиссары ретінде сауатсыздықпен күресті. 1921 жылдан бастап Түркістан Орталық комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Осы қызметінде де туған ұлтының мүддесін коммунизм принциптерімен кіріктіре үйлестіріп, шынайы табиғатын сақтап қалудың сан түрлі амалын іздеді. Ұлт әдебиетінің, өнерінің болмысын сақтап, бояуынан ажыратпаудың тәсіл-талабына жүгінді. Нәзірдің алғашқы жұбайы Мария екеуінен Фарух, Анель атты ұл мен қыз өмірге келді. Фарухты бес жасында жер қойнына берді. Ал Анелі өле-өлгенше өзінің Нәзірдің қызы екенін айтпай құсалықпен ғұмыр кешіп өтті.
Нәзір Төреқұлов Түркістан халық комиссариатын басқарған алты жылда қазақтың өнері мен әдебиетінің баспа бетінде таңбаланып қалуына бар күшін салды. Халық ауыз әдебиетін жинақтап, қор қалыптастырудың жолдарын іздеді. Осы орайда тер төккен алашордашыларға көп көмектесті. Әлихан Бөкейхановтың кітаптарын баспадан шығарып берді. Өтебай Тұрманжановқа қазақ мақал-мәтелдерін жинақтауға тапсырма берді. Мәскеуде жүріп қазақ әліпбиі мәселесімен айналысты. Латын алфавитін ендіруге жұмыс жасады.
Көркемсуретке деген қабілеті де ерек болды. Әсіресе табиғатты көркем кестелеген қолтаңбасы қалды соңында.
Жаны ізгі, арманы асқақ, бала жасынан ұлттық тәрбиенің уызына жарып, тал бойына ізгілікті діннің өнегесін егіп өскенімен осынау құндылықты тамырынан қиып түскісі келген тегеурінді саясаттың ызғарына қарсы қайран қыла алмаған шарасыздығына күйінішін өзбек тілін­де шығатын «Муштун» журналын­дағы «Имандылық» деген тақырыптағы мақаласы дәлелдейді. Ол мұнда ислам дінінің аяқасты болып бара жатқанын өкіне отырып жеткізеді. Осы кезеңдері Сауд Арабиясына кеңес үкіметі атынан елшілікке Нәзір Төреқұловтың таңдалуы тегін емес. Ол жан-жақты терең білімді дипломат еді. Бұл кезеңде Сауд Арабиясы­ның жағдайы өте төмен болатын. Әлі мұнай көздері табылмаған, халықтың күнкөрісі нашар еді. Әжептеуір қолдап келген Англия үкіметімен байланыс әлсіреген, әйтсе де кеңес үкіметіне қол созуға ниеті аумай, бойды аулақ ұстауға тырысқан Сауд арабиясы әмірлігі жаңа елшінің бойынан көп жағымды факторларды таныды. Нәзірдің араб тілін жақсы білуі корольдің өзімен тікелей тілдесе алатын мәмілегерлікке жол ашты. Ол елдегі ауыр жағдайды көре отырып, аз-маз көліктердің өзіне қат болған жанармайды кеңес үкіметінен қарызға алуға қол жеткізді. Сол сияқты Араб елінде кеңестік медицинамен емдейтін корольдік ауруханасын ашып, онда өзінің әйелі Нина Александровна дәрігер болды. Сондай-ақ стомотология емханасын ашу үшін кеңес елінен тіс дәрігерін алдырды.
Нәзір Төреқұлұлының бойындағы барынша тақуа­лық, әділеттен қия баспас тазалығы, айла-тәсілден ада, тек адами болмысты биік тұтқан сұңғыла саясаткерлігі Араб басқарушысының көңілінен шықты. Оған шын сенді. Дос тұтты. Нәзір де барынша байсалды саясат ұстанып, мәмілегерлік жолында тер төкті. Араб елінде жүруі бәрінен бұрын оның тақуалығына көп таяныш болды.
Елдегі жанармайдың тапшылығынан арабтарға кеңес үкіметінен екінші мәрте көмек сұрауға тура келді. Бірақ сауын сұрай келген тақ мұрагері Фейсалға алдыңғы қарыз өтелмей жанармай бермеуге бел буған кеңес басшылығы елшінің кеңесімен ханзаданы құр қайтармай АТС телефон станциясын сыйға ұсын­ды. Ал Нәзір Ресейге қауын ұрығын сыйлық ретінде бергізді. «Дипломатияда ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды» дегендей, оның бұл мәселеде тапқырлығы басым болған.
Елшілер тәртібінде екі-үш жылда ауысып отыруы тиіс, ол сегіз жыл қызметте болды. Осы кезеңдері Араб жерінен тұщы су көздерін іздеу жөнінде кеңес үкіметіне ұсыныс қолдау таппады. Бұл жұмысты қолға алған американдықтар сахарадан тұщы су іздеп жүріп қара алтын – мұнайға кезікті.
Кейінгі кездері кеңес үкіметінің бүйірі батысқа көп ауды. Әрі өзге мемлекетте жүрсе де беделі басым Нәзірдің белсенділігі аса ұнамады. Ұлтын сүйген азаматтың көзін жою мақсатымен елге шұғыл шақыртып алып, басқан қадамын аңдып, 1937 жылы қыркүйекте тұтқындап, қараша айында ату жазасына кесуге үкім шығарды.
Нәзірдің жазықсыз жазалануы Араб мемлекетінің кеңес одағына сенімсіздігін тудырды. Террорлық саясат ұстанатын елмен қарым-қатынасты тоқтатып, содан бері 51 жыл салқындық тоңы жібімеді. Мұның өзі қазақ азаматының қадір-қасиетін тарихта одан әрі бекемдей түскендей.
Мәскеу түбіндегі «Коммунаркада» жерленген 14 мың құрбанның 4 мыңының аты-жөні белгілі, жазылып қойылған. Сол жерде мәңгілік тыныстап жатқан Алаш азаматтары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтың басына жерлестері құлпытас қойды.
Бұл ардақтыларымызды кешеге дейін көлеңкеде қалдырған кеңестік идеология жымысқы саясатының жігін білдірмей жіберуге бар айла-шарғысын қолданып келгені рас. Ел тәуелсіздігін алған күннен бастап арыстарымызды түгендей бастадық. Ұлтының дербестігі, тілі мен ділі, әдебиеті мен мәдениетінің сақталуына қыруар іс атқарған Нәзір Төреқұловтың еңбегі жөнінде көп ізденіп, сол күндері Ресей Сыртқы істер министрі Е. Примаковтың қолдауымен Мәскеу архивінен 850 бет­тік құжаттарға қол жеткізген саясаттану ғылымының докторы Тайыр Мансұров бар құпияны ашты. Нәзір Төреқұлов туралы Жолтай Жұматтың да деректі кітабы жарық көрді.

Бекнар Қуанышұлы,
тарих пәнінің мұғалімі


29 наурыз 2025 ж. 158 0