№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

№85 (8796) 25

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ұлтқа қызмет – ұлы міндет

Ұлтқа қызмет – ұлы міндет


Көк түріктер дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар қазақ елі сыртқы жаулардан пана іздеп, орысты дос тұтқан екі ғасырдан астам уақыт түгелдей империялық заңдардың бұғауына түсіп, тауы шағылып, аждаһа аранына жұтылып кете жаздағаны рас. Осыны озық ойлы тұлғалар алдымен түсініп, ұлтын сақтап қалудың қам-қарекетіне кірісті. Патша ұкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар және тағы басқалардың дәнекер болуымен қазақ сахарасында үлкен саяси күш қалыптасты. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік жасады. «Алаш» партиясы 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң Ресей Конституциялық-демократиялық партиясының қазақ мүшелері тобынан құрылды. Оның төрағасы Әлихан Бөкейхан болды. 1917 жылы сәуір-мамыр айларында облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізілді. Қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың өкілдері уақытша үкіметтің жергілікті органдардың құрамына енгізілді. Қазақ съездері 1917 жылы Орынбор, Орал, Семей, Омбы қалаларында өтті. Съезде халықты сауаттандыру, мұғалімдер курстарын ашу, қазақ тілінде брошюралар шығару мәселелері қаралды. Ел билеуді қазақтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуды мақсат етіп қойды. Қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқаруы тиіс деген ұстанымды берік тұтты. Кешегі 86-жылғы желтоқсаншылар оқиғасы алдыңғы буынның осынау арман-мүддесін дәуір сахнасына шығарған шынайы мұратымен тарихта саяси жүйеге ұлы бетбұрысымен ел жадында қалды.
1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда ІІ Жалпықазақсъезі өтті. Онда Міржақып Дулатов баяндама жасады. Ұлттық мектептерді құру, қазақ тілінде жазу үлгісін қалыптастыру, оқулықтар шығару, жерді жекеменшік емес, халық меншігі ету, сот, салық, милиция мәселелері талқыланды. 1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып Орталық комитеттің Үкімет басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі комиссар И.Сталинмен кездесті. «Алашорда» мемлекетінің талаптарын Орталық Кеңес толық мойындамады. Дегенмен, РКФСР комиссариаты құрамында қазақ бөлімі құрылды.
Ана тілі болмаса, ұлт та болмайды. Ұлт болмаса, әдебиеті болмайды, әдебиеті болмаса, өнері де болмайды. Осы мақсатта Қазақ Автономиясы орнағаннан соң, 1924 жылы 12 маусымда Орынборда Қазақ (қырғыз) білімгерлерінің тұңғыш съезі өтті. Онда алфавит мәселесі көтерілді. Ахмет Байтұрсынов тұңғыш әліппені араб таңбасы негізінде 1912 жылы «Оқу құралы» деген атпен жазған. 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жасап шығарды. Ә.Бөкейханов тіл ғана емес, этнография, тарих мәселесімен айналысты. 30-шы жылдары Оқу-ағарту комиссары болды. Комиссия жұмысына Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Асфендиярұлы тағы басқалар атсалысты. Ахмет Байтұрсыновқа тарихтың өзі «Ұлт ұстазы» деген атақ берді.

Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам атылған. Облыс бойынша 4 мың адам «халық жауының» қамытын кисе, Жаңақорған ауданы бойынша 1 мыңнан аса адам қамауға алынып, бұлардың көбі жазықсыз атылып кетті. Сондай аяулы азаматтарымыздың бірі – көрнекті, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-ғалым – Нәзір Төреқұлов еді. Ол 1892 жылы Қандөз ауылында туды. Орта мектептен соң үш жылдық орыс училищесін бітірді. Өзі орыс, тәжік, түрік, парсы, араб, француз, неміс тілдерін жақсы білді. Нәзір Минскідегі «Земствосоюз» мекемесінде қызмет істеп жүріп 1916 жылы 25 шілдедегі патшаның жарлығымен қара жұмысқа алынған мұсылман жастарының арасында жаңадан «Еркін дала» деген саяси ұйым құрады. Ол 1920-1922 жылдары Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің төрағасы, одан әрі Мәскеуге қызметке ауысып, РК(б)П-ның Түркістан бюросының құрамына енгізілді. 1928-1932 жылдары Сауд Арабиясында бас консулдың, ал 1932-36 жылдары СССР-дың тұрақты өкілі болды. 1936 жылы «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1937 жылы жазықсыз жазаланды.
Ол 1958 жылы 29 қаңтарда ақталды. Ол туралы жазушы-журналист Жолтай Әлмашұлының деректі кітабы жарық көрген.
Елдің тарихқа кеткен есесін түгендеп, ақжарылқап заманның жолында жанын да құрбан еткен тастүлек – Бекайдар Аралбаев туралы жас ұрпақ білуі тиіс. Ол 1896 жылы қарашада Жаңақорған ауданы, Жұлдыз ауылында туған. Ол мектепте сауатын ашқан соң Перовскідегі училищені тәмамдап, ақпан төңкерісіне дейін облыстық, уездік мекемелерде қызмет атқарады. 1917 жылдан бастап Шиелі болысында милиция бастығы, 1918 жылдан Жаңақорған болыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, халық соты қызметін атқарады. 1921 жылы облыстық атқару комитеті төрағасы, 1932 жылы Түркістан Республикасы ішкі істер Халық комиссары болып тағайындалды. 1933 жылы 3 қарашада қамауға алынады. 1946 жылы еркіндікке шығып, қарапайым шаруашылықпен айналысып жүрген оны 1948 жылы 27 қаңтарда қайта тұтқындады. Красноярск өлкесіне жер аударды. Осында айдауда жүріп науқастанып, бір жылдан соң көз жұмды. Ол 1992 жылы 28 желтоқсанда толық ақталды.
Заман тынысын дөп басып, ұлтының қамы үшін қайраткерлік танытқан қайсар ұл – Садықбек Сапарбековтың қазақ тарихында орны айрықша. Ол 1902 жылы Жаңақорған ауданында «Балапантөбе» деген жерде дүниеге келген. Қабілетті жас 1920-1923 жылдар аралығында Түркістан өлкелік партия комитеті комсомол бөлімін басқарды. Осы жылдар ол Ғани Мұратбаевпен қоян-қолтық араласты. Ол кезде комсомолдың жұрт таныған екі жетекшісі болды. Бірі- Ғани, бірі – Садықбек», – деп жазады ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, – Бүкіл Орта Азия мен Қазақстанның комсомол активтері ол кезде осы екі тұлғаның ықпалында өсті».
Садықбек кейін өлкелік комитеттің үгіт насихат меңгерушісі болды. 1921 жылы РКП(б) Х съезіне делегат болып қатысты. Партияның ХV-XVI съездері делегаты болған. Қызылорда, Қарсақбай аудандық, Ақмола, Гурьев округтік, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Садықбек Сапарбеков 1937 жылы қараша айында Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде ұсталып, «халық жауы» деген жалған айыппен қамалды. 1938 жылы Алматы маңындағы «Қандысай» деген жерде атылып, жерленген 19 адамның бірі – Садықбек Сапарбеков еді. Садықбек Сапарбековтың есімін туған халқы жүрегінде мәңгі қалдыру мақсатында аудан орталығындағы үлкен көшеге есімі беріліп, ол оқыған мектепке ескерткіш тақта орнатылды. Орталықтағы №125 мектеп С. Сапарбековтың есімімен аталады.
Біз осынау саяси тұлғалар жөнінде шындықты қайдан тауып, қалай зерделейміз? Бұған сол кезеңдердегі мерзімді баспасөз арқылы нақты деректерді табуға болады. Сондай жазбалар қатарында – «Қазақ», «Айқап», «Садақ» журналдарының орны айрықша.
«Садақ» – журналы 1915 жылдың 9 қарашасынан 1918 жылдың 10 ақпанына дейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастары шығарған әдеби-көркем қолжазба журнал. Оның негізгі ұйымдастырушысы Бейімбет Майлин болды. Журналды шығарғандар да, оған мақала жазғандар да 1937 жылы «Халық жаулары» деген жаламен ұсталған алаштың ардақтылары еді. Ұстаз, профессор, академик, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Кәкішев Санкт-Петербург, Москва, Қазан, Омбы, Орынбор, тағы басқа толып жатқан қазақ тарихына қатысты мұражай, кітапхана, ғылыми орталықтарда тапжылмай отырып, «Садақ» журналын егжей-тегжейлі зерделеді. Ол былай деп жазады: «Ленинградтың М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік-көпшілік кітапханасының қасиетті есігін ашып, жұмыс жасағанда мынаған көзім жетті. Адамның жанынан басқаның бәрі бар. «Садақ» қолжазба журналы төңірегінде-ақ қазақ халқының, қазақ зиялыларының өмір жолымен танысып, тарих шындығына қанығамыз.
Ғалымның 60-жылдары жарық көрген «Октябрь өрнегі» сынды еңбегі мен бүгінгі тәуелсіздік таңында жазылған «Санадағы жаралар», «Дәуір дидары», «Ескірмейді естелік» сынды еңбектері арасында үзілмейтін желі, шығармашылық адалдық бар. Бұл кітаптардың тұла бойында қазақ интеллигенциясына, қазақ қаламгерлеріне деген үлкен құрмет бар. Оның үстіне көптеген жұрт айналып өтетін 1917-1920 жылдар аралығындағы аса күрделі, шиеліністі, саяси, әлеуметтік һәм шығармашылық, адамшылық-ақиқаттық шиеленіскен түйіндерді талдауға бел буған батырлық басым.
Ол бар саналы ғұмырын Сәкенге арнады. Кәкішев қаламы Сейфуллин сынды алаштың ақиық ақынан елу жылдан аса ардақтапты. «Мағжан-Сәкен» атты зерттеу еңбегін жазды. «Айқап» пен «Қазақта» жарияланған ағартушылардың парасат-пайымы туралы «Жанр жайлауы» атты еңбегінің орны бір төбе.
Сәкеннің тар жол тайғақ кешкен өмір жолы алаштың қай ардақтысын да айналып өтпегенін, зиялы қауымның бір-бірін «өкпеге қиса да, өлімге қимағанын» мұрағаттағы шаң басқан құжаттардан алып дәлелдеді. «Тәуелсіздіктен кейін Сәбит Мұқанов туралы айтыла бастаған алыпқашпа пікірлерге де аталы сөзін айтып, тойтарыс берді. Т.Кәкішұлының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ізденісі мен зерттеу еңбектерінің дені – Алаш мұраттары мен мирастарын ардақтап, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық құбылыстарды, шығармашылық өкілдерінің әлемін жаңа қырынан танытуға бағытталған.
Халқымыздың осындай дара тұлға-ларының есімін ардақтау, елге жасаған қызметін ұлықтау – соңында қалған қалың ел мен өсер ұрпаққа керек.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 820 0