№95 (8909) 13

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (8908) 9

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Еңбегін – елге, мейірін – көпке арнаған

Еңбегін – елге, мейірін – көпке арнаған


Күн сайын ерте оянып, арайланып атып келе жатқан таң шапағын қуана қарсы алған ауыл тұрғындары жаңа піскен нан иісі мұрынға келгенде адал еңбекке бас иері анық.


Тау баурайындағы Талап ауылы халқының алғысына бөленіп келе жатқан Олимпиада Бектөреқызы үш бірдей кәсіпті айналдырып келеді екен. Оның бір күндік тыныс-тіршілігі біздің осыған көзімізді жеткізді. Таңғы төрттен бастап наубайхананың отын жағып, ауылдың азанғы шайыне ыстық нанын қамдап беретін кәсіпкер ханымды сағат тоғыздан кейін ақ халат киген абзал жан деп тануыңызға болады. Ал кешкісін, жұмыстан оралған бетте алма бағына бас сұғып, жолдасымен бірге жас көшеттердің күтіміне кірісіп кетеді екен.
Осы бір қарапайым тірліктің артында қажырлы еңбек, табандылық, төзім мен махаббат жатыр. Сол себепті де ауыл тұрғындарының бірі оны «еңбекқор келін», бірі «алтын қолды жеңеше», енді бірі «жаны таза мейірбике» деп атайды. Ал біз үшін ол өз ісіне адалдығымен көпке үлгі бола білген, еңбегімен көптің алғысын арқалаған – нағыз қазақ қызы.
Оның «Димаш» атты шағын наубайхана ашқанына сегіз жылдай уақыт болыпты. Өзінің айтуынша, бастапқы­да отбасына пісірген күлшелерін көршілері, туыстары жоғары бағалап, сұраныс та туған көрінеді. Осылайша қарапайым кәсібінің көкжиегі кеңейіп, наубайхана ашуға тура келгенін айтты.
– Нан пісіру – қастерлі кәсіп қой. Қай заманда да нанның қадірі ерекше. Сондықтан кәсібіме ықыласым кеміген емес, – дейді ол.
Наубайханадан шыққан таба нан, бөлке нан, қара нан, күлшелері ауылдағы дүкендерге, мектепке және көрші елді мекендерге саудалауға жетіп жатыр. Көмекшісі екеуі бірігіп күніне 100 нан, ал жаз мезгілінде 200-ден аса нан пісіреді. Бұл – ауыл үшін өте үлкен көрсеткіш. Ең бастысы, тұрғындар таза, табиғи, сапалы нанды тұтынады.
Бұл кәсіппен айналысу үшін тек қол шеберлігі аздық етеді. Кәсіпкер келіншек жаңа рецептер мен технологияларды меңгеріп, нанның түр-түрін көбейтуді қолға алған. Себебі бәсеке бар, талап жоғары. Олимпиаданың қолынан шыққан нанның ерекшелігі – табиғи, еш қоспасыз дайындалуында. Бұл ауыл халқы үшін аса маңызды. Өйткені сапасыз өнім денсаулыққа зиян. Наубайшы осыны жақсы түсінеді. Сондықтан бірінші кезекте тазалық пен табиғилықты сақтауға назар аударады.
Олимпиаданың тағы бір қыры – ширек ғасырдан бері Талап дәрігерлік амбулаториясында еңбек етіп келе жатқан мейірбике болуы. Оның айтуынша, медицина – ең алдымен жүрек қалауымен таңдалатын, жауапкершілігі жоғары сала.
– Ел саулығына сақшы болу үлкен міндет. Адамдар бізге үмітпен келеді. Сол үмітті ақтау – басты борышымыз. Әріптестеріммен бірге мүмкіндігінше науқастың сауығып кетуіне тер төгемін, – дейді ол.
Кейіпкеріміз үшін мейірбикелік қызмет бірінші орында. Ауылдық жерде мейірбикенің рөлі ерекше. Кей жағдайда мейірбикелердің дәрігердің орнына науқасқа қарауына тура келеді. Оның жұмыс күнінің бір бөлігі медицинамен байланысты болса, екінші жартысы кәсіппен өтеді. Осы екі саланы қатар алып жүру – кез келген адамның қолынан келмейтін іс. Бірақ Олимпиада мұны аса қиынсынбайды. Керісінше, «еңбек етсең, бәріне үлгеруге болады» деген ұстанымды құптайды.
Олимпиаданың тағы бір мақтанышы – алма бағы. Бұл бақ – өмірлік жодасы (суретте) екеуінің ұзақ жылғы еңбегі мен ізденісінің жемісі. Бастапқы жылдары шағын ғана бірнеше түптен басталған бақ бүгінде жайқалған жасыл баққа айналған.
Бағбандық – ерекше күтімді қажет ететін сала. Әр ағаштың суы, топырағы, күн көзін көруі – бәрі маңызды. Осыны жақсы түсінген кәсіпкер ағаштың әрқайсысына жеке дара көңіл бөледі. Бір қызығы, ол алма бағынан табыс табуды емес, бақтағы сұлулықты, табиғатпен үндесуді жоғары қояды. Ал күз айларында ауыл балаларын жинап, алма теру мерекесін өткізіп тұрады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, кәсіпті жүргізуге отбасының қолдауы ерекше. Қария атасы да, балалары да, жолдасы қолғабыс көрсетіп отырады.
– Қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған келінмін. Үлкеннің алдынан қия өтпеуді, батасын алуды өмірлік қағидам деп білемін. Үйдің берекесі әйелдің сабырында деп есептеймін, – дейді ол.
Иә, елде соңғы жылдары әйелдердің кәсіпкерлікке белсенді араласуы – қоғамдағы оң өзгерістердің көрінісі. Ауылдық жерлерде бизнес ашып, нарықта бәсекеге қабілетті болу – кез келген әйелдің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, Олимпиада Бектөреқызы сияқты іскер әйелдердің тынымсыз тіршілігі замандастарына үлгі болары анық. Олар тек өз отбасының ғана емес, ауыл тұрғындарының да жағдайын жақсарта түседі. Кәсібі арқылы жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл экономикасына серпін береді. Ол үйде отбасына қамқор ана болса, қызметте ел саулығына жауапты мейірбике, кәсіпте ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырған білікті кәсіпкер, ал қоғамда сыйлы азамат. Міне, қазақ қызының нағыз бейнесі – осындай.

Айсұлу Алданазар
13 желтоқсан 2025 ж. 84 0