Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Маңдай термен өрілген өмір

Маңдай термен өрілген өмір


Қоғамда әркімнің атқарып отырған қызметі бар, бірақ олардың бәрі бірдей көзге көріне бермейді. Бірі алдыңғы шепте, елдің алғысына бөленіп жүрсе, енді бірі үндемей жүріп қоғамға үлкен үлес қосып жүр. Соның бірі денсаулық сақтау мекемесіндегі санитарка – тазалықшылар қызметі дер едік. Шын мәнісінде тазалықты сақтауда, ақ халаттылармен бірге адам өміріне араша тұруда қапталдасып қатар тер төгер кіші буын қызметкерлердің еңбегі ескеріле бермейтіні рас. Міне, осынау қарапайым еңбек адамдары қатарында аудандық перзентхананың тазалықшы қызметкері, жиырма жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Шоқыбаева Нағима туралы айрықша тоқталғымыз келеді.


Ол осыдан қырық жыл бұрын Жаңақорған ауданына келін болып түскен. Көп балалы ана бүгінде көз қуаныштарының қызығына кенеліп отыр. Аудандық перзентханада тазалықшы болып еңбек етіп келе жатқан Нағима Мамырайқызы мамандығына адалдығынан танған емес. Бірақ перзентхананың әрбір тынысы, әрбір сәті – тазалық пен тәртіпке тікелей байланысты. Дәрігер мен мейірбике жас аналарды босандырып, аяқ-қолын бауырына алуына тер төгеді. Ал, тазалықшы күні-түн солардың жайлы ем алуына барлық жағдайды үйлестіруі тиіс.
Тазалықшы күні-түні перзентхананың бөлмелерін, босану залын, тіпті ауласын да таза ұстауға тырысады. Ол осы уақыт аралығында талай ананың қуанышына ортақтасты, жылағанды жұбатты. Оның ұшан-теңіз еңбегінің артында мыңдаған отбасының бақытты сәттері жатыр.
Нағима өз мамандығына жүрек қалауымен берілген жан.

– Перзентханада еңбек ету жеңіл емес. Осы уақытқа дейін қызмет барысында көп оқиғаны бастан өткердік. Мұндай жауапкершілігі жоғары қызметті арқалап жүрген ақ халаттылардың мұңы да ортақ. Ең бастысы, олардың бойындағы мейірімділік, жанашырлық сарқылмасын. Осындай қаси­еттің барлығы біздің қыздардың бойынан табылады. Өзімнің де талай жанның қуанышына себепші екенімді ойласам, бар шаршағаным ұмытылады, – дейді ол.

Иә, бұл кісілердің күнделікті еңбегіне қарап, олардың сабырлылығына таңдай қағасың. Бөлімшенің тазалығы, медициналық бұйымдарды талапқа сай болуы, ауыр жағдайдағы науқастарға көмектесу сынды жұмыстарды қатар алып жүреді. Жас босанған ана мен дүние есігін жаңа ашқан сәбидің денсаулығы басты назарда. Төзімділік пен шыдамдылықты бойына қатар жиған бұл саладағы еңбеккерлердің жұмысы ауыр, еңбегі адал. Сондықтан қарапайым жұмыстың біздің қоғамға, саулығымыз бен көңіл-күйімізге тигізіп жатқан пайдасын ұмытпай, оларға әрқашан құрметпен қарап, еңбегін бағалай білгеніміз жөн.
Нағима Мамырайқызының адамгершілігі мен қарапайымдылығы оны ұжым арасында ерекше сыйлы етті. Қызметтестері оны «әрқашан жайдары, көмектесуге дайын, кісілігі мол жан» деп сипаттайды. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытатын болмысы оны көптің жүрегіне жақын етті.
Әріптестері Нағима апайды адалдығы үшін үлгі тұтып, оның еңбегін жас мамандарға өнеге етеді. «Адамды кәсібі емес, адалдығы биіктетеді» деген нақыл сөз осындайда айтылса керек.
Медицина саласында кез келген қызметтің орны бөлек. Санитар өз міндетін жүрдім-бардым атқарса, ең мықты дәрігердің де жұмысы нәтижесіз болуы мүмкін.
Нағима Шоқыбаеваның еңбек жолы – жас ұрпаққа үлкен сабақ. Ол қарапайым еңбектің де қадірлі екенін дәлелдеп, өмірін адалдық пен жауапкершілікке арнаған жан. Оның жиырма жылдық қажырлы еңбегі – тек бір адамның емес, бүтін бір ұрпақтың игілігіне қосылған үлес.
Қарапайым еңбекпен елдің алғысына бөленіп, адал қызметімен абыройға жеткен Нағима апайдың өмір жолы – қоғамдағы кез келген адамның қадірін бағалауға үйретеді.

Әсел РЗАЕВА

20 қыркүйек 2025 ж. 648 0