№60 (8874) 12

12 тамыз 2025 ж.

№59 (8873) 9

09 тамыз 2025 ж.

№58 (8872) 5

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Дәстүр мен дәм үйлесімі – «Аққорған»

Дәстүр мен дәм үйлесімі – «Аққорған»


Қазақ халқының ежелден келе жатқан жазғы тағамдарының бірі – көже. Ыстық мезгілде шөл қандырып, денеге сергектік сыйлайтын бұл тағам қазір қайта жаңғырып, жаңа сипатқа ие болып келеді. Соның бір айғағы – Жаңақорған ауданына қарасты Аққорған ауылында өндірілетін «Аққорған көжесі».

Атауы ауыл атымен аталған бұл ерекше өнім – бүгінде дәстүр мен кәсіптің, дәм мен табыстың үйлесімін көрсетіп тұрған нақты мысал. Бірнеше жыл бұрын ауылдың белсенді жастарының бірі Ғалымжан Мансуров осы сусынды кәсіби түрде өндіріп, арнайы құтыларға құйып, саудаға шығаруды қолға алған болатын. Бүгінде бұл бастама өз жемісін беріп, ауылдың брендтік өніміне айналып отыр.
Көженің құрамына бидай, жүгері, айран, құрт, сарысу секілді тек табиғи, жергілікті өнімдер кіреді. Осы арқылы денсаулыққа пайдалы, шөлді тез басатын, әрі құнарлы тағам дайындалады. Ең бастысы – ешқандай химиялық қоспа немесе консервант қосылмайды. Бұл – «Аққорған көжесін» ерекше ететін басты артықшылық.
– Көженің сапасы – оның құрамындағы шикізатта. Біздің ауылда табиғи өнім жеткілікті. Барлығы өзімізден. Алғашында тек ауыл ішінде саттық. Бірақ жыл сайын сұраныс артып келеді. Қазір жаз мезгілінде күніне 300 бөтелкеге дейін сатылатын кездер болады, – дейді жоба авторы, кәсіпкер Ғалымжан Мансуров.
Жыл өткен сайын «Аққорған көжесіне» деген сұраныс көбейіп келеді. Ауыл тұрғындары жаз бастала салысымен осы көжені іздеп алады. Аудан орталығы мен көршілес елді-мекендерден де арнайы тапсырыспен келетіндер бар. Ауыл жәрмеңкелерінде, той-жиындарда бұл өнім өз орнын тауып үлгерді.
– Көже – бұл тек тағам емес, ауыл мәдениетінің бір бөлігі. Қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Бұрын көжені апаларымыз үйде қайнатып беретін болса, бүгінде сол дәм жаңа форматта, сапалы орамада халыққа қайта оралып жатыр. Бұл – үлкен еңбек, – дейді жергілікті тұрғындар.
Ғалымжан Мансуровтың көжені брендке айналдыру жолындағы еңбегі – ауыл кәсіпкерлігіне үлкен серпін берді. Қазір көже өндірісінде екі адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық кезде бұл көрсеткіш бірнеше есеге артады. Сонымен қатар, көжеге қажетті шикізатты жеткізетін шаруалар да қосымша табысқа ие болуда.
– Егер қолдау көрсетілсе, бұл өнімді тек аудандық емес, облыстық, тіпті республикалық нарыққа да ұсынуға болады. Қазақтың ұлттық тағамдары ешқашан маңызын жоймайды. Біз оны заманауи форматта ұсынуға тырысып жатырмыз. Мақсатымыз – ұмыт қалған дәмді ұлықтау, – дейді Ғалымжан.
«Аққорған көжесі» – бұл ұлттық дәм мен кәсіпкерліктің тоғысқан тұсы. Бір қарағанда қарапайым ғана тағам болып көрінгенімен, оның артында елге деген сүйіспеншілік, дәстүрге деген құрмет, еңбек пен табандылық жатыр.
Ауыл атын аспандатып, ұлттық тағамды нарыққа алып шыққан Ғалымжан Мансуровтай азаматтар – бүгінгі күннің шынайы ерлері. Кәсіп пен құндылықты қатар алып жүру – нағыз патриоттықтың белгісі.
Сөз соңында айтпағымыз – «Аққорған көжесі» тек бір тағамның немесе кәсіптің аты ғана емес. Ол – сан ғасырлық тарихтың, ұлт дәмінің, жер атауының біртұтас көрінісі. Бұл сусын ауыл атауымен ғана емес, сол ауылдың түбінде орналасқан көне Аққорған қамалының атын да жаңғыртып отыр. Осыдан-ақ бір құты көженің өзі тарих пен тағамды, дәстүр мен тұтынушыны, өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпірге айналғанын аңғаруға болады. Аққорған көжесі – дәммен ғана емес, мағынамен бай. Ол – ұмыт болуға бет алған атау мен асылды қайта тірілткен елге ортақ еңбек жемісі.

Жәмила ЕРМАХАН

15 шілде 2025 ж. 109 0