Нан пісіру – еңбектің жемісі

«Ас атасы – нан», «Нан бар жерде – ән бар», – деген қазақ қашанда нанды қадір тұтқан. Ысырапшылдықтан сақтанып, жерге түскен қиқымына дейін жинап, аяқасты етпеген. Осыдан-ақ, нан өнімінің адам өмірі үшін маңыздылығын аңғаруға болады. Нанды пісіріп, сатуды кәсіпке айналдырған наубайшы – Олимпиада Исмайлова ауыл тұрғындарының қажетін өтеп келеді.
Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген көп балалы ана халықтың сұранысына сай 2017 жылы «Димаш» наубайхана орталығын ашқанын айтады. Бастапқыда пісірген өнімі айналасынан артылмаса, кейін тапсырыс көлемі ұлғайып, мектеп пен дүкенге де, тіпті көрші ауылға жеткізуге жарады.
– Мен үшін наубайхана – тек кәсіп қана емес, өмірімнің бір бөлігі. Нан пісіру – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған дәстүрі, оның ішінде өз үйіңде, ауылда тұрғындарды өте қажетті өніммен қамтамасыз ету өте маңызды. Кәсібімнің негізі – сапалы, табиғи өнімдермен дайындалған нан пісіру. Таңертеңнен сүйікті ісіме кірісіп, піскен нанды текшелеп жинай бастағаннан оның жұпар иісі күллі ауылға тарап жатады. Әр күні нанның сапасын қадағалап, дәмі мен дәреметін арттыруға тырысамын. Қазір наубайханада таба нан, бөлке нан, қара нан және күлше нан түрлерін пісіріп келемін. Кәсіпте мүмкіндігінше жаңашыл болуға тырысып, тың, жаңа рецепттер мен технологияларды меңгеріп, өнімдерімізді жақсартуды қолға алудамын. Қолымнан шыққан өнімді өз еңбегіме деген құрметтің жемісі деп білемін.
Әзірге қарамағымда бір азаматшаны жұмыспен қамтып отырмын. Екеуміз күніне 100 нан пісіреміз. Нанды ауылдағы дүкендерге, мектептерге өткіземін. Жаз айларында тынығу лагері ашылған уақытта бір күнде 200-ден аса нан пісіреміз, – дейді кәсіпкер.
Олимпиада Бектөреқызы кәсібімен қатар, отбасы мен қызметін үйлестіріп жүрген көпбалалы ана. Оның Талап дәрігерлік амбулаториясында еңбек етіп келе жатқанына ширек ғасыр.
– Ел саулығының сақшысы болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ақиқатында, ең бірінші орынға осы мамандығымды қоямын. Асқан ұқыптылықпен қараймын. Өйткені, жанына саулық іздеген адам алдымызға үлкен үмітпен келеді. Біз сол үмітті сөндіріп алмауымыз керек. Әріптестеріммен бірге қолдан келгенше науқастың сауығып кетуіне жағдай жасаймыз, - дейді ол.
Бүгінде көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген кәсіпкер келіншектің болашаққа құрған жоспары да анық. Мемлекет тарапынан қолдау жасалса, алдағы уақытта үлкен нан пісіретін құрылғы алып, кәсібін қазіргіден де кеңейтпек.
Жалпы, Олимпиада Бектөреқызы сынды кәсіпкер әйелдердің бизнес саласында өз ісін жүргізіп, нарықта табысты жұмыс істеуі нәзікжандылардың қоғамдағы рөлін нығайтып, әлеуметтік, экономикалық дамуға қосқан үлестерімен де ерекшелейді. Кәсіпкерлік саласында әйелдер санының өсуі экономикада жаңа мүмкіндіктерді ашып, гендерлік теңдікті қолдауға да ықпал ететіні ақиқат. Сондықтан, бүгінгі кейіпкеріміздің ата-анасын аялап, қарашаңырақтың түтінін түтеткен ілтипатты келін, мейірімді мейірбике, алтынқұрсақты ана болумен қатар, тұтас ауылды нанмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер атануы замандастары мен артынан ерген сіңлілеріне үлкен өнеге.
Айсұлу Алданазар