Байкенженің волейболшылары – Октябрьдің ізбасарлары

Ауылымыздың тәй-тәй басқан баласына дейін спорттың осы түріне қаны қызып, қатарынан биік танылып келе жатқанына ел куә. Бұл Байкенженің топырағында волейболдың туын көтеріп кеткен саңлақ ағалар ұлағатының өміршеңдігін көрсетеді.
Қазақ волейболы туралы сөз қозғалса Октябрь Жарылғаповтың есімі алдымен ауызға түседі. Неге? Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ спорты дамуының алтын кезеңі болды. Республикада волейбол спортының аяқтан нық тұруына талантты спортшы, білікті бапкер және керемет ұйымдастырушы Октябрь Жарылғаповтың еңбегі осы кезеңде жарқырап танылды.
Октябрьдің ата-анасы Байкенженің өңірінде өмір кешкен жандар. Отызыншы жылдардың ашаршылығында Өзбекстан жеріне ауып, өзге елді пана тұтуына тура келген. Міне осы жылдары, яғни 1931 жылы 25 октябрьде дүниеге келген ұлдарына «Октябрь» деген есімді еншілетіпті. Октябрьдің әкесі Қыдырбай мұсылманша да, орысша да сауатты азамат, Ташкент облысының Бостандық ауданының атқару кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1937 жылы қазақ ұлтының көптеген алдыңғы қатарлы азаматтарымен бірге репрессияға ұшырап, «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылып кетті. Артында қалған ұл-қыздары – Балмахан, Тұлпар, Октябрь, Меруерт, Гаухар, Розаны өсіріп-жетілдіруді мойынға алған жары – Айнагүл анамыз туған жерге оралуды ұйғарады. Сөйтіп балалары Түркістан қаласындағы №19 (қазіргі Саттар Ерубаев атындағы) мектепте оқып білім алды. «Халық жауының» баласы деген сұрқия жаладан зәбір көре жүріп, тауқыметке қарсы тұра білген қаршадай ұландар еш мойымай, қайта шыңдалып өседі.
Октябрь мектепті үздік бітіріп 1949 жылы Алматы қаласындағы зоо-ветеринариялық институтқа оқуға түсті. Осы оқу орнында волейбол секциясына барып, жарыстарға қатысады. Ұзын бойлы жігіт ерекше ойынымен көзге бірден түседі. Қаладағы Киров атындағы заводтың командасына шақырту алады. Сол кезден бастап волейбол спорты оның өмірлік серігіне айналды. Ол қалалық, республикалық жарыстарда жасындай жарқырап, Қазақстандағы ең шебер ойыншылардың бірі ретінде танылады. Октябрьдің волейболдағы алғашқы қадамдары жайлы белгілі жазушы Сейдахмет Бердіқұлов «Қанат» повесінде керемет суреттеген. Қазақ жастарынан волейбол командасын құру туралы Октябрьдің көптен көздеген мақсаты іске асып, ол 1956 жылы республикалық студенттік ерікті-спорттық қоғамының «Буревестник» волейбол командасын құрды. Алматының барлық оқу орындарын аралап, талапты қазақ жігіттерін тауып командаға алды. Әйгілі жазушы Олжас Сүлейменовтің де Октябрьдің құрған жаңа командасына мүше болуға іріктеуге қатысқаны туралы жазған естеліктері бар. Атақты боксшы Әбдісалан Нұрмахановтың да осы іріктеуге қатысып, кейіннен ол кісінің боксты таңдағаны белгілі. Октябрь Қыдырбайұлының таланттарды тани білетін керемет табиғи қабілеті болды, деп жазды оның тұстастары. Оның «Буревестник» командасына қабылданған З.Жәркешов, М.Мәденов, Е.Иманғалиев, Ж.Сауранбаев, А.Сұлтанов және Т.Ахметжановтар кейін қазақ, кеңес волейболының жұлдыздарына айналды. Аты аңызға айналған волейболшы Валерий Кравченко мен екі дүркін олимпиада чемпионы Нина Смолееваның ерекше талантын бірден танып, баптап, биік шыңдарға көтерген де Октябрь Жарылғапов болатын.
Октябрьдің «Буревестнигі» алпысыншы жылдары КСРО волейбол чемпионатының құрамында шетелдік ареналарда өнер көрсетіп, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. Октябрь Жарылғапов әрі бапкері, әрі белді ойыншысы болған бұл команда 1967 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында 3-ші орын иеленсе, 1968 жылы КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 1969 жылы Жарылғапов шәкірттері КСРО чемпионы атанып, кеңес одағының ең үздік волейбол командасы атағына ие болды. «Буревестник» кейіннен осы құраммен Европадағы ең үздік деген командаларды тізе бүктіріп, екі дүркін Европа чемпиондар кубогін ұтып алды.
Иә, ойын тәсiлi ешбiр командаға ұқсамайтын, ешбiр команданың өрнегiн қайталамайтын мықты команда құра білген Октябрь ағамыз осы еңбегінің арқасында Кеңес Одағы бойынша ең үздік 24 волейболшының тізіміне кірді. Қазақстанда волейбол спортынан шыққан ең алғашқы спорт шебері, кейіннен Қазақ ССР-нің және КСРО-ның «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. Қазақ ССР спорт комитеті төрағасының орынбасары бола жүріп бар өмірін Қазақстанда осы спорт түрін дамытуға арнады. Нақтылап айтқанда, спорт нысандарының көптеп салынуына, ауыл спортының дамуына көп еңбек сіңірді.
Октябрь Қыдырбайұлының кеңес саясатына бір ұнамаған ұстанымы – тым ұлтжандығы еді. Үнемі шетқақпайлық көріп жүрген қазақ жастарын спортқа көптеп тартып, оларды жан-тәнімен қолдайтын ниеті біреулерге жақпайды. 1967 жылы Семей полигонында ашық ядролық сынақ өтіп, Орталық комитет соған баратын арнайы бригаданың құрамына бұл салаға еш қатысы жоқ Октябрь Жарылғаповты қосып жібереді. Шивинистік қаскөй пыйғылдың зардабына ұшыраған ағамыз ақ қан ауруына шалдығып, бар-жоғы 38 жасында лейкомиядан қайтыс болды. Асыл азаматтың мезгілсіз қазасы қазақ қоғамының қабырғасын қайыстырып кетті. Октябрь Жарылғаповтың қазасынан кейін командаға оның үздік шәкірттерінің бірі Заңғар Жаркешов жетекшілік етіп, ағаның жолын әрі қарай жалғады.
Қысқа ғана ғұмыр кешсе де қазақ жастарының кумиріне айналған Октябрьдің есімі атамекені – Байкенжеде ерекше құрметтеліп, оның жолын дәстүрлі түрде жалғастырып келе жатқандар көп. Бүгінде қария жасындағы ел ағалары Алқадыр Байдалиев, Таубай Төрениязовтар кезінде ұлдар және қыздар волейбол командаларын жасақтап, аудандық, облыстық жарыстарда жарты ғасыр жүлдені бермей келгендері туралы қалай мақтанса да орынды. Олардың шәкірттері арасында республикаға танымал спорт шеберлері де аз емес.
Байкенже ауылында Октябрь Жарылғапов атында көше бар. Жыл сайын Октябрь ағамыздың туған күніне орай еске алу мақсатында волейболдан аудандық турнир өткізіліп келеді. Биыл да асыл азаматты еске алуға арналған аудандық турнир өтіп, оған Қандөз, Қаратөбе, Өзгент, Машбек, Қыркеңсе, Жаңарық ауылдық округтерінің командалары мен аудан орталығындағы №163 орта мектебі және Байкенже ауылындағы екі мектептің болейболшы ұландары ат қосты. Бірінші орынды №163 мектептің қырандары иеленсе, екінші орынға Байкенде ауылының жастары ие болды. Үшінші орынға өзгенттік ойыншылар тұрақтады.
КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповты еске алуға арналған шарада сөз алған ардагер-ұстаз, байырғы спорт жаттықтырушысы Төренияязұлы Таубай ағамыз талапкерлердің болашағына сәт-сапар тілесе, ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасы Б.Серкінбайұлы, қоғамдық кеңес төрағасы С.Бекназароатар ақ баталарын берді. Аудандық спорт бөлімінің басшысы М.Рақымжанов сөз алып, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Асыл ұлға ауыл халқының суымаған сүйіспеншілігі осындай ауқыммен шектеліп қалмаса екен. Келесі жылы Октябрь Қыдырбайұлының 95 жылдық мерейтойын аудан деңгейінде атап өтуге қадам жасалса, бұл біздің қазақ волейболының атасын насихаттауға қосқан қомақты үлесіміз болар еді.
Нұрғали ӘЛАЙДАРҰЛЫ,
Байкенже ауылдық округінің әкімі




