№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Байкенженің туын биікте желбіретті

Байкенженің туын биікте желбіретті



Байкенже ауылы аталғанда волейбол спорты ойға бірден оралады. Аядай ғана ауылдан қаншама талантты спортшылар шықты. Ел егемендігін алған тұстан бастап бүгінге дейін ауыл жастарының жеткен жетістігі, бағындырған белесі бір төбе. Ауданды былай қойғанда, облыстан олжалы оралып, республикада аймақ абыройын асырып жүрген оғландармен қалай мақтансақ та жасарады. Осындай шәкірттердің жеңісінде қаншама бапкердің төккен тері, еткен еңбегі жатыр. Солардың көшінде Батырқожа Бабаевтың есімі ерекше аталады. Ұстаздық салада жүргеніне 30 жыл болған білікті бапкердің құрметіне жақында дүбірлі турнирдің жалауы желбіреді. Ардагерлер мен жастардан құралған қыздар командасы аудан волейбол сүйер қауымына тамаша тарту жасады.
Жалпы Байкенжеде туылған жас өрен өсе келе волейболға құмартады. Бұл дәстүрге айналып, әрбір үшінші шәкірт осы спорттың жетегінде жүріп, бүгінде елдің әр өңірінде қызмет жасап келеді. 1979 жылы туылған өрендерден бастап бүгінгі жастарға дейін волейболдың қыр-сырын үйретіп, үлкен спортқа жетелеп келе жатқан Батырқожа бапкердің еңбегі өз алдына. Бүгінде қос шәкірті облыстың «Қайсар» командасында аймақ абыройын жоғары лигада қорғап жүр. Одан бөлек қанашама шәкірттері аудан жастарына үлгі болып үлгерді. – 1994 жылы бапкерлік салаға түбегейлі бет бұрдым. Жалындаған жастықпен күні-түні алақандай алаңда ауыл балаларына бар білімбілігімізді төктік. Шүкір нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.
Алдыңғы аға толқын салған ізді жалғап, ауыл жастарын осы спортқа ынтықтырып, бүгінде әр үйден бір бала болса да осы ала допты серік етеді. Құдай қаласа, алдымызда мақсат көп, жоспарымыз жүйелі. 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер күзгі чемпионатқа қызу дайындық үстінде. Одан бөлек, ірі-ірі турнирлер бар. Барлығына оқушылар сақадай сай, жастар мен ересектердің де өз міндет-межесі дайын тұр, – дейді білікті бапкер.
Жалпы аудан құрамасы Сыр өңірінде керемет нәтиже көрсетіп келеді. Мұны сыры неде? – Жалпы барлық спортшының табысты өнер көрсетуі бірінші оның ынта-жігерінде, тума талантында. Екінші еңбекқорлығында, үшіншіден жаттықтырушысына байланысты. Біздің жеңісті жолымызда шәкірттердің ең алдымен психологиялық дайындығын, яғни әр баланың жеңіске деген жігерін шыңдаймыз. Оған мотивация беріп, тәртібін түзейміз. Содан кейін физикалық дайындығына көп жұмыс жасаймыз. Суворов айтпақшы «дайындық қаншалықты ауыр болса, ойын соншалықты жеңіл болады» демекші, біз жаттығуда көп жұмыс жасауға тырысамыз. Бары осы, – деді Батыр ағай. Жоғарыда айтқандай, бүгінгі жастардың жеткен жетістіктеріне сүйсінесің. Биыл ұлдар мен қыздардан жасақталған команда ұлттық мектеп лигасының облыстағы чемпионы атанды.
Жақында ел біріншілігінде байкенжелік оқушылар облыс атынан сынға түсіп, жақсы нәтижемен қуантты. 2021 жылы Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорт ойындарында волейболдан қыздар арасында Сыр командасы қоламен оралды. 12 команда бақ сынаған спорт додасында Қызылорда облысының құрамасында Жаңақорған ауданынан 5 ару – Сейдан Әселхан, Мауыт Динара, Асанова Сандуғаш, Әбіл Инабат және Бердіқұл Айгерім айрықша танылды. Үздік ойын көрсеткендер Сейдан Әселхан мен Асанова Сандуғаш болды. Облыс құрамасының негізгі ойыншылары байкенжелік волейболшылар екенін мақтанышпен айтуға болады. ҚР спорт шебері, ҚР ұлттық лиганың жеңімпазы Сандуғаш Асанова мен 21 жасқа дейінгі жастар лигасының қола жүлдегері Аружан Қалдыбекті де ерекше атауға болады. Айта кетені, Аружан волейболдан ауыл спортының бір биігін танытқан Ролан спортшының қызы, әке ізін жалғап келе жатқан осындай жастардан күтеріміз көп.
Сонымен ұлағатты ұстаз бастаған волейбол командасына 30 жыл толуына орай өткен әйелдер арасындағы біріншілік керемет өрбіді. 1979 жылдан бастап, 2006 жылғы Байкенже ауылынан шыққан спортшы қыздарымыздан құралған 6 команда қатысты. Жарыстың қорытындысы бойынша 2005-2006 жылғы «Байкенже жастары» командасы қоланы қанағат тұтса, 1989-1990 жылғы «Қайсар» командасы күміспен күптелді. Ал, алтын тұғыр 1997- 1996 жылғы «Алау» қыздар командасының қанжығасында кетті. Ең басты тарту – шәкірттер ұстаз еңбегіне бас иіп, кіші қажылыққа жолдама сыйлады. Міне, шәкірт жүрегінен орын алған бапкер еңбегінің ақталып жатқанының бір ғана көрінісі. Бұл ауылдан әлі талай жас ел чемпионы атанып, ұлттық құраманың тізгінін ұстайтын ұландар шығатынына сенімдіміз. Иә, әр ауыл бір спорттың серпілуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Келінтөбе қол добы, Қыркеңсе ат спорты, Аққорған мен Ақүйік балуандар мекені аталып үлгерді. Айта берсек, аудандағы әр ауыл бір спортты жетектеп келе жатқанын көруге болады. Сол секілді Байкенже ауылы волейболды төрден түсірмей келе жатыр. Сөз соңында айтарымыз, бапкер Батырдың еңбегі елеусіз қалмады. Ол осындай еңбектерінің нәтижесінде Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Сыр спортының 60 жылдығы» мерекелік медалінің иегері, ҚР Ғылым және Білім министрлігінің, облыстық білім департаментінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Атақ-абыройдан ауыл спортын биік қойған тұлғаның маңдай тері мансаптан бұрын мағыналы ғұмырға бастапты. Бұған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бүкіл өмірі дәлел.

Әли ТЕМІРБЕК
10 шілде 2024 ж. 483 0