Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДАҢҚТЫ СПОРТШЫҒА ТАҒЗЫМ

ДАҢҚТЫ СПОРТШЫҒА ТАҒЗЫМ



Октябрь Жарылқапов – қазақ волейболының әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлес қосқан спортшы. Сондықтан, оны қазақ қоғамы құрмет тұтады, қадірлейді. Мұндай сабақтастықты Байкенже ауылдық округінен көруге болады. Себебі, онда саңлақ спортшыны дәріптейтін дәстүрлі турнир жолға қойылған.


Алдымен Октябрь Жарылқапов жайлы аз-кем сөз етсек. Аты аңызға айналған «Буревестник» командасында капитандықпен қатар бапкер қызметін атқарды. Спорттық жолында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемпионы атанды.
Қазақтан шыққан шебер волейболшы ауыл-ауылдағы спорт сүйер қауымға да ықпал етті. Мәселен, «Октябрьдей даңқты спортшылар шығарамын» деген мақсатты алға қойған Алқадыр Байдалиев Байкенжеде волейбол спортының негізін қалайды. Осылайша Октябрь Жарылқаповтың жолын қуған жастар шыға бастайды. Тіпті, облыстың намысын қорғайтын талантты жастарсаны да артады.
Биылғы турнир жылдағыдан ерекше өрбіді. Бірінші спорттық додаға жиылғандар даңқты спортшыға көше беру салтанатының куәсі болды.


Салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков:
– Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының негізгі идеясы тарихи тұлғаларды насихаттап, олардың өнегесін жастардың бойына сіңіру. Қазақ волейбол тарихында Октябрь Жарылқаповтың еңбегі ерен десек, оның спорттық жолын, өмірлік ұстанымын дәріптеу маңызды шаруа, – деді.
Тарихи сәтте аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов, ауыл әкімі Нұрғали Оспанов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Серкінбайұлы мен Еркінбай Өтебеков сөз алып, игі шарамен құттықтады.
Байкенже ауылдық округіне арнайы келген Октябрь Қадырбайұлының туыстары Бейбіт Ақпанбетов пен Асылбек Бекпенбетов сырлы тарихтан сыр шертті.


Одан кейін №193 мектептің спорт залында ардагер спортшылар арасында турнир өрбіді. Дәстүрлі спорттық додада ардагер спортшылардан құрылған командалар үздік ұжымды анықтады. Қарсыластарының осал тұсын тапқан «Жаңақорған» командасы бірінші орынды алды. Екінші орыннан «Қосүйеңкі» командасы көрінді. «Сыр» мен «Сыр-2» командасы үшінші төртінші орынды өзара бөлісті. Одан кейінгі орындарға «Байкен-U» мен «Байкенже» командасына бұйырды.
Айта кететіні, «Байкен-U» ЖШС «Хорасан-2» кеніші қауіпсіздік қызметінің маманы Рауан Қалдыбекұлы компания атынан қаржылай қолдау көрсетті.


Шара аясында 1972 жылғы ауыл тумалары мешіт үйінде арнайы ас беріп, дүниеден өткен бабалар рухына Құран бағыштады.
– Ауылдан осындай танымал тұлғаның атынан көше берілгені біз үшін үлкен қуаныш. Осындай тағылымдық мәдени-рухани, спорттық шаралардың ауыл тұрғындары үшін орны бөлек, – дейді зейнеткер Әзімхан Мәмбетәлиев.
                                                                        ***
Бүгінде Байкенже ауылының жастары республикалық турнирлер мен чемпионатта табысты өнер көрсетіп жүр. Ауыл жастарының волейболға қызығушылығының артуының тарихы әріде жатыр.
1976 жылы Алқадыр Байдалиев М.Әуезов атындағы №184 сегіз жылдық мектепке жұмысқа орналасады. Алғашында арнайы спорт залы болмағанмен білікті маман ашық далада волейболдың әдіс-тәсілдерін үйрете бастайды. Айқын мақсатты көздеген бапкердің шәкірттері көп ұзамай-ақ табысты өнер көрсете бастайды. Тіпті, байкенжелік волейболшыларға төтеп берер команда жоқтың қасы болды.
1976-1995 жылдары А.Байдалиевтің шәкірттері облысты мойындатып, республикаға мәшһүр болады. Атап айтқанда, Нұрлан Әлімбеков, Әбдіғаппар Юсупов, Қалдыбек Жолдасбеков, Орынбек Исмайлов, Назипа Қалдарбекова, Эльмира Жолдасбекова, Мейрамкүл Исмайлова, Маржан Өскенбаева, Ақтұйғын Юсупова, Лаура Төлепбергенова, Дариха Хасанова  және Шынар Дайрабаева, Гүлжазира Оспанова, Орынкүл Иманбердиеваның ойыны көптің есінде. Олар бүгінде қызметтің сан түрлі саласында жүрсе де, волейбол алаңынан алыстай қойған жоқ. Соның бірі әке жолын жалғаған Анара Байдалиева. Ол –  Түркістан қаласының қыздар құрамасында өнер көрсетумен қатар, медициналық колледжінде жаттықтырушы қызметін қоса атқарды.


Осынау өміршең өнерді Батырқожа Бабаев лайықты жалғай білді.
Бүгінде оған ауылдастары ерекше құрмет көрсетеді. Себебі, шәкірттерінің биік шыңды бағындыруда уақытын аяған емес. Әрбір шәкіртінің ойын дөп түсініп, биікке жетуге ынталандыра алады.


Ұстаз еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенеді десек, жаттықтырушыдан тәлім алған Рауан Камаловтың спорттағы жетістігі (2003-2004 жылы Қызылорда, 2005-2006 жылы Атырау облысының құрамасында өнер көрсетті және 2007-2008 жылдары Қызылорда облысының атынан) көп нәрседен хабар беретіндей. Ол – Қазақстан чемпионатының жоғары лига ойындарында облыс намысын қорғаған  қазақ баласы. Қазақстан Республикасының спорт шеберінен үміткер. Осындай, жеңісті шәкірттердің құрамында  Тілес Аязбаев, Асхат Өмірбаев, Руслан Әбідреймов, Бауыржан Есенбаев, Манап Мелденов  сынды шебер ойыншыларды да айта кету керек.
                                                                                                           Ханзада ДОШАН.
11 маусым 2019 ж. 1 566 1

АНАРП от 13 маусым 2019 23:59
МЕН ТУҒАН ЖЕРІММЕН МАҚТАНАМЫН! КӨРКЕЙЕ БЕР БАЙКЕНЖЕ