№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сертіне адал бапкер

Сертіне адал бапкер

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, алдыға мақсат қойып, алыс армандарға талпынған ұланына жөн сілтеп, жолға салуда әр ата-ана өз өмір, тағдыр-талайынан түйгенін тірек етсе керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де өмір жолы осылай өрілді.

Ол 1967 жылы Жетісайдың маңындағы «Қожа» деген елдімекенге қарасты «Батыр жайлақ» деген жерде дүниеге келген. Ата-бабалары кезінде қуғындалып, Тәжікстан асып, кейіннен ел тынышталған соң жігерлі ұрпақ атамекенге қарай жылжи бастаған кезеңдер ғой бұл. Сол бір тарихи шақ тағдырлы әулет өміріне де өз ізін салыпты, ерлі-зайыпты Әбдуләди мен Айшахан тұңғыштарына Әбдіғани деген есімді арқалатса, үшінші ұлына осы екі елдімекеннің атауын біріктіріп, Батырқожа деген есім беріпті.
Батырқожа орта мектепті одан бергіде өздері қоныс аударған Төрткөлде оқып бітірді. Атажұртқа 1983 жылы табан тіреген отбасы Төменарыққа қоныстанды. Бұлардың әкелері Қазақ ауылшаруашылығы институтының түлегі, білгір агроном маманы 1992 жылы жаңадан құрылған «Алмалық» кеңшарына директор етіп жіберілуіне байланысты Бабаевтар отбасы қазіргі Байкенже елдімекеніне көшіп келді.
Батырқожа 1989 жылы Қарағанды институтының Алғашқы әскери дайындық факультетіне оқуға түседі. Үлгілі оқып, институтта қалдырылатын болады, бірақ оның бұл шешімін қолдамаған әкесі «Мықты болсаң ауылдың балаларын тәрбиелеп, ұшпаққа шығар, батырлығыңды көрейін» деп мұның жігерін шыңдаған тәрізді. Ата-ана сөзін жықпаған әдептің ізімен ауылға келген еді, сол кезде Байкенжедегі экспедиция жабылып, 75 оқушы ғана қалған ауыл мектебіне АӘД мұғалімі және дене тәрбиесі маманы болып орналасты.
Батыр келген жылы бұл мектепте волейбол үйірмесінің негізі бар екенін көңілмен түйді. Алғаш қазығын қадаған Әлқадыр ағайларының дайындаған жетпіс үшінші жылғылардың мектеп бітіріп кеткен кезі. Енді осыны қайта табанынан тік қою керек. Жас талап осындай мақсатқа бекем бел буды.
Алдымен өзі ізденді, талмай үйренді, ала доптың әдіс-амалдарын көзінен өткізіп, сүйегіне жеткізіп, сиқырлы сырына көз суарғаннан кейін барып шәкірт тәрбиелеуге сенімді кірісті.
Жоғары сынып оқушыларынан волейбол командасын жасақтап, аудандық жарыстарда озық шығып жүрді. Алғаш 1998 жылы Қызылорда командасы Республикда тұңғыш рет бірінші орынды қанжығалады. Бұған дейін қатысып жүрсе де екінші, үшінші орын алып келген облыс командасы үшін бұл тұңғыш жеңіс болды. Қызылордадан спартакиада шығарып, республикада чемпион болған облыстық құрамада Аралдан бастап аудандардың жас спортшыларынан білгенін аяп қалмады. Өйткені абырой бір, намыс ортақ. Олар біздің келешек қарсыластарымыз ғой, өзіндік тактиканы өзгеге үйретіп есе кемітудің қажеті қанша, кейін оны олар өзімізге қарсы ойында пайдаланып, бізді басып озады ғой, – деп іштарлық танытқандарға бәсеке мықты болмаса өзің де алысқа бармайсың, шабан боласың дегенді уәж ететін. Ақсақ темірдің айтқаны бар ғой, «Жауың болғаны жақсы, мығым боласың».
2009 жылы үлкендер арасында өткен ауыл спартакиадасында түрлі ойындар жүлдегері атанды. Енді қыздар арасында ауданнан мықты команда шығарам деп жан-жақты ізденді. Жаңақорған және басқа да елдімекеннен талапкер жауқазындарды волейболға шыңдау үшін мектептерінен сұрап әкеп, өз үйін жатақхана етіп жан терге түсті. Еңбек еш кеткен жоқ. Тәрбиелеген қыздары республикалық деңгейде танылып, Жаңақорғанның атын алысқа танытты.
Бразилияның атын жер-жаһанға жайған спорт құдіреті Байкенженің бағландарын да үлкен ареналардан танытып жүр. Бұлардың есімдерін бұдан бұрын газетімізде кезегімен таныстырып шыққанбыз. Байкенжелік командамен кездесіп, ойын өрнегін көрмекке спортшылар Астанадан, Екібастұздан, Ақтаудан, Шымкенттен, Атыраудан, Оралдан келген не сән, солардың бәрі тәнті тұратындай бұл марқасқалардың не артықшылықтары бар? Артықшылығы ауылдың қасиетінде. Жақсы волейболшы болуың үшін Байкенжеде туылуың керек. Әр үйдің ауласында қолдан керілген волейбол арқанына қарап «үлкенге қарап іні өсер» дәстүрдің беріктігіне көз жетеді. Екі-үш жасар баладан бастап дене тәрбиесіне бейім. Мектепке барып, физзалға табаның тиді дегенше Батырдың қарамағына толық көштің. Ал кешкісін апорт алаңында түнгі екі-үшке дейін жаттығатын жастар залды айнадай жуып тарқап, таңертеңгісін жұмысына кетіп бара жатады. Осындай тәртіп орныққан ауылда жастардың бос уақытында анау-мынау теріс әрекеттерге орын қала ма? Ұстаздың мектептен тыс таза табиғатта шынықтыру әдісі одан да қатал, ұл-қызын бөліп-жармай, осы өлкеге тән бұйра құмды ойпатта жалаңаяқ өрге жүгірткенде өрендер екі есе күш жұмсап, қайраты еселеніп, қажыры шыңдала ма, кейін тегіс алаңда ойнағанда құр атқа мінгендей жеңіл ойнап шығатынын аңғарды. Осындай дайындықтың арқасында «Құмда жүгіру» жарысында байкенжелік Асқат Өмірбеков Астанада өткен ауылдық спартакмадасында 1 орынды жеңіп алды.
Спорт – өмір, Спорт – өнер, спорт – денсаулық
Ішкі істер саласында қызмет атқарған ауданымыздың азаматы, волейболдың жанкүйері, өзі де волейбол командасында ойнаған Төребай Сапарбаев айтады: «Астанаға барған сапарымда министрліктегі жігіттер байкенжелік спортшыларды сұрап жатыр, бұл кішкентай ғана елдің атын шығарып тұрған ауыл жастарының спорттағы үлкен жетістіктері ғой». Спортта шекара жоқ, ал мықтының бәсі бәрінен биік. Байкенжелік волейболшылардың осы тұғырдан танылуы Батыр Бабаевтың арқасы десек жаңылыспаймыз.
Батыр осы жетістіктер жолында мансап, дәреже атаулыны да құрбан еткен жан. Тоқсан сегізінші жылдары Байкенжедегі екі мектеп біріктіріліп, сол мектепке завуч болу ұсынылғанда да, кейін Түгіскен спорт мектебі, аудандағы спорт мектебіне басшылыққа мүмкіндік туғанда да Батыр одан бас тартып, сол бастапқы мақсаты – Байкенженің өз атынан республикада жеңімпаз команда шығару жолында алған бетінен қайтпай жаттықтырушылық жұмысынан қол үзбеуге өз-өзіне серт берді. Ауыл балаларын тәрбиелеу бағытында ата-анасының берген батасынан хабардар болған облыстық спорт және туризм басқармасының сол кездегі басшысы Садық Мұстафаев «ондай кісілердің қолын алу керек» дер разылығын білдірген екен. Өйткені спорттағы жеңіс атаулы тап-таза жүректің тілегінен жаралады. Ол бақай есепті, балама тәсілдерді қабылдамайды. Сол жолы Сидней Олимпиадасына жол тартып бара жатқан басқарма басшысы сапардан оралған соң Батырқожаны алдына шақыртып қарамағына жұмысқа шақырған. Бірақ біздің кейіпкеріміз сүйікті кәсібін баяғыша жалғастыруда. Ал сол кездері телевизияға сұхбат берген Садық Мұстафаевтың: «Тереңөзектік Смахан Болатов, байкенжелік Батыр Бабаев тұрғанда Сыр спортының болашағы төмендемейтініне сенемін» деген сөзі біздің көңілімізден ұмытылған жоқ.
Бүгінде Байкенженің волейболшы қыз-жігіттерінен өзге Қаратөбеден және Қандөзден өз жүрек қалаулары бойынша қатарына келіп қосылып, тәліміне жазылған талантты жастарды тәрбиелеп жатқан Батырдың тәрбиесін алғандар талай тартысты додаларда баұтарын сынап жүр.
Ол осындай еңбектерінің нәтижесінде Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Сыр спортының 60 жылдығы» мерекелік медалының иегері, ҚР Ғылым және Білім министрлігінің, облыстық білім департаментінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Кісі жан-жүрегімен беріліп, бір істің ұштығын ұстады екен, үздіксіз өрге қарай ұмтылумен арманды арманға жалғайды екен. Бұған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бүкіл өмірі дәлел.

Баян Үсейінова
08 маусым 2021 ж. 710 0