Тәубе – жүрек байлығы

1941 жылдың 22 маусымында Кеңес одағына басып кірген неміс фашистеріне қарсы соғысқа қазақ ауылдарынан да қолына қару ұстауға жарайтын еркеккіндіктінің қаншамасы аттанып, соңында қалған ата-ана, туыс-бауыр қасірет арқалап қала бергенін тарихи деректер өз алдына, шынайы кейіпкерлерінің өз аузынан естіп, мұңды жанарлардан соғыс салған сыздауықтың жазылмас сызын да сезініп өстік. Солардың бірі майдангер, Төменарық кеңшарына қарасты «Коммунизм» бөлімшесінде ғұмыр кешкен Сейдан Қуандықұлының 100 жылдығына орай перзенттері еске алып, ас бермекші болып жатыр екен.
Ол кісі 1924 жылы Байкенже ауылында дүниеге келді. Ауылда 7 сыныпты енді оқып бітірген 1943 жылдың 18 наурызында әскер қатарына алынады. Әуелі Ақмола қаласында әскери дайындықтан өткен. Одан әрі Саратов қаласы маңындағы Татищево бекетіне келіп түсіп, 1944 жылдың қаңтарында Керчь маңындағы Вороников қаласында соғысқа кіреді. Кішкентайынан тағдырдың тауқыметіне қарсы тұрып қайсар мінезді болып ер жеткен қазақ баласы тас жұтқан тәуекелшілдігімен соғысқа кірген бетте көзге түседі. Жауынгерлік тапсырманы мінсіз орындайтын тәртібінен жаңылмаған жас командованиенің назарына ілігіп, барған жылы-ақ бірнеше рет марапатқа ұсынылады. Соғыстағы ерлік қимылдары үшін 1944 жылы 18 мамырда «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі» ордендерімен марапатталған. 2-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 11 полкінде жаяу әскер сапында соғысқан ол Севастопольді азат ету шайқасында снаряд жарықшағы тиіп жараланады. Жеңісті Қырымдағы Бахчисарай госпиталінде жатып қарсы алады. 1945 жылы 21 қыркүйекте әскерден босатылады. Елге келген соң 23 разьезд түбіндегі Елтай колхозында жұмыс істейді. Сол жылы Қазалыдағы бір жылдық малдәрігерлік курсты оқып бітіріп, ветлечебницада санитар болып жұмыс істейді. 1947 жылы жары Жұмакүлмен бас қосады.
Көп жылдар Төменарық кеңшарының 3 фермасында қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді. Балаларының барлығы өнегелі, тәрбиелі болып ер жетіп, әке жолымен бухгалтерлік салада жұмыс атқарды.
1985 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбей, жастардың ақылманы болған майдангердің ел ішінде беделі биік болды. Ешқашан да жалған сөйлемейтін. жағымпаздануға жаны қас, адалын айтып, әділдігінен танбаған тұлға қарапайым ұстанымының өзімен асқақ қадір-қасиетіне кір жұқтырмай өтті.
Бала күнімізде Сейдан көкеміздің үйімен көрші отырғандықтан бұл отбасының тыныс-тіршілігіне көзіміз қанық өсті. Осы отырған қарашаңырақты 1962 жылы өзі салып бітірген екен. Ол кезде ауылдағы ең еңселі үйлер санатында көрінетін бізге. Қараорынға ие болып қалған ұлы Сәбит шаңырақты бұзып үлкен үй тұрғызыпты. Бәрібір көз алдымызға жеміс талына көмкерілген, әсіресе жиде талы гүлдегенде ерекше иісі айналаға тарайтын Сейдан көкеміздің бұрынғы үйі елестейді. Көкеміздің шаңырағымызға жиі соғып, әдемі әңгіме тиегі ағытылатын жаймашуақ күндерге деген сағыныш кернейді кеудені. Анасы Нәркүл Қайырбайқызы жастайынан жесір қалып балаларын өзі жетілдірді. Екі ұлы бірдей майданға аттанып, үлкені майданнан оралмады. Қыздары Өзбекстан жаққа тұрмысқа шыққан екен. Өмірінің қалған уақытында ұлы Сейданнан көрген немерелерін бағып-қағып тәрбиеледі. Анадан алған тәлімнің ізімен өзінің бейнетіне сыйынған ерлі-зайыптылар Сейдан көкеміз бен Жұмакүл апаның сабырлы мінезінен арна тартқан жарасымды қарым-қатынас тыныс-тірлігі өз-өзімен дөңгеленіп кете барған бақыт мекенінің баянды шежіресін қалыптастырғанына алдымен айнала жұртшылық куәміз. Жанұяда өркен жайған бес ұл, бес қыздан немере-шөбелер қызығын көрген ерлі-зайыптылар ұзақ ғұмыр кешіп, бір-біріне құрметін бір төмендетпеді.
Осының барлығына отағасының сабырлы мінезі, кішкентай нәрсенің өзін қанағат тұтқан тәубекерлік ұстанымы тірек болды дей аламыз. Ол кісі берік тәртіптің адамы әрі сол қағидасын қарапайым жүріп-тұрып-ақ айналасына сыпайы түрле мойындата алды десек жаңылыспаймыз.
Мемлекеттің мықты болуы кімнің де болсын құрғақ қиялға берілмей, шамасының жеткенінше мазмұнды ғұмыр сүріп, сабағын кеңге жайған қасиетті топырағында абыройды иеленуге ұмтыла білуіне байланысты. Мұндайда тағдырды күстаналау бекершілік, маңдайға жазғанға шүкіршілігінен танбаған табиғатымен-ақ басқа түскен қиындықты жеңе білген жан түбінде бақытқа қауышады. Бұл кісілердің өмірі бізге осындай өнегесімен қымбат.
Сейдан Нұрлыбайұлының нәзік те, сезімтал жан-дүниесінің сырын ақындығымен де байланыстыруға болатындай. Оған жауынгердің майдан даласында анасына өлеңмен жазған хаттары дәлел.
Соның бірінде былай деп толғанады:
«Хат жазайын қалам алып қолыма,
Қу ажалға қарауыл тұр жолымда.
Сәті туса қашқанменен айла жоқ,
Анам шіркін қарап жүр-ау жолыма.
Кейде кетем ырқына еріп қиялдың,
Ел-жұртымды еске алып жылаймын,
Жан бауырым – Төлен ағам аман ба,
Деп көктегі ұшқан құстан сұраймын.
«Көптен бері қағаз-қалам жолдасым,
Жаратушы Жапбар Иес қолдасын.
Соғыс бітіп, жау жеңіліп көрінде,
Жер бетінде бейбіт заман орнасын».
Майданға аттанған жалғыз ағасы Төлен сол кеткеннен хабарсыз, елге оралмады. Қашан көзі жұмылғанша осынау жан бауырына деген сағыныштың орны толмады.
Сейдан Қуандықұлы 2014 жылы тоқсан жасында дүниеден қайтты. Соңында қалған елі абыз қарияның есімін ұлықтап, аудан орталығындағы бір көшеге аты берілген.
Баян Үсейінова




