» » Сейдан Нұрлыбаевтың атына көше берілді

Сейдан Нұрлыбаевтың атына көше берілді

Ұлы Отан соғысының ардагері Сейдан Нұрлыбаевтың атына көше берілу салтанатын қаламгер Ерубай Қалдыбек тізгіндеп, майдангердің ғұмыр жолымен таныстырумен бастады.
Сейдан атамыз 1925 жылы Елтай колхозының Құмарық бөлімшесінде туды. 1941 жылы колхозшы болып еңбекке араласады. 1943 жылы әскерге шақырылады. Алдымен Ақмола облысының аумағында әскери дайындықтан өтеді. 1944 жылы Керч маңайында Вороников қаласында пулеметші болып соғысқа араласады. Севостопольді азат ету кезінде снаряд жарықшағы тиіп, жараланып, госпитальда емделеді. Соғыстан келгеннен кейін 1945 жылы Қазалыдағы 1 жылдық мал дәрігер курсында білім алады. Өз ауылында мал дәрігері, есепші, қойма меңгерушісі болды. 2014 жылы 8 тамызда өмірден озды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов тұлға­тану ілімінің жастарға берер тәлімін сөз ете келіп, елдің тыныштығы үшін майданда қару ұстаған ардагерлердің насихаттау маңызды екенін атады. Ал, Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары Серік Сейдуалиев Сейдан Нұрлыбаевқа берілетін көше алдағы уақытта орташа жөндеуден өтіп, жарықтандырылатынын айтып, көше тұрғындарын қуантты.
Ел ағасы Мұзарап Махмұт бірге қызмет істеген Сейдан Нұрлыбаевтың қарапайым, кішіпейіл, қанағатшыл болғаны турасында сөз етіп, әкесін ұлықтауда белсенділік танытқан Қалжан Сейданқызына алғыс білдірді.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
07 сәуір 2021 ж. 520 0