Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайратын жанып, қамшы өрген...

Қайратын жанып, қамшы өрген...


Аудан орталығынан жүз шақырым қашықтықта көк түтіні сыздықтап қана көтеріліп, мамыражай тіршілік кешіп жатқан Көктебе деген ауылда қамшы тоқудың шебері Шалқарбек деген жігітті іздеп келеміз. Көк қақпаны ашып үйге енгенде құлаққа тақ-тақ соғылған балғаның дауысы естілді. Өз-өзіме “Әсел сен адаспай келе жатырсың” деп сыбырладым. Неге екені белгісіз, езуіме шуақты күлкі үйіріліп, ерекше бір сезім бойымды билеп алды. Аула ішінде үлкен үй тұр. Әлгі балғаның дауысы үйден шыққанын байқап, сонда бет алдым. Есігін ашып, ішіне ендім. Үйінің бір бөлмесінен арнайы шеберхана ашып қойған екен. Онда көздің жауын алатын қамшының түр-түрі қаз-қатар тізіліп тұр.Іздеп келген адамымыз іске ғана емес, әңгімешілдіктен де қаражаяу емес тәрізді.


– Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Ұлттық наным-сенім, дәстүр-дағды жылқымен тікелей байланысты. Егер жылқыны ұлықтау тоқтаса, ұлттық тамырдан ажырап қаламыз. Жастайымыздан аттың үстінде келеміз. Атқа керектіні өзім жасаймын. Негізі қамшы өремін. Оның түрі көп. Мен өрме қамшымен айналысамын. Қамшының қызықтыратын жері сабы ғой. Тауда өсетін тобылғы деген ағаш бар. Содан жасаймыз. Құранда «тобылғы ағашы Алланың нұры түскен ағаш» деп жазылған екен. Оны көбіне өзімізге көршілес Қырғызстан елінен немесе Жамбыл облысынан алдырамын. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы тері илейтін зауыттан былғары мен қайыс алып келемін. Өрімнің өзі 3-тен 32 өрімге дейін барады. Қазір көкпарда жиі қолданылып жүргені 8-10-12-15 өрімді қамшылар. Бүгінде көбіне осыларды жасаймыз. Қамшы өре бастағаныма біраз жыл болды, – дейді шебер.
Шалқарбек ұстаның шеберханасына келетіндердің қарасы аз емес көрін­ді. Жап-жас жігіттің ісіне қызығушы­лық танытып, тапсырыс беретіндердің қатары көп. Тіпті Түркістан облысынан іздеп келетіндер көп. Елдің қажетін сапалы жасауда құрал-сайманын сайлы болу керек.
Ұстамен әңгіме барысында қам­шының бағасын білуді жөн санадық.
– Шынымды айтсам, бағасы арзан емес. Сапасына қарай әртүрлі. Алты мың теңгеден басталып он бес мыңға дейін барады. Тапсырыс берушілердің арасында қол өнерді бағалап, алғысын жаудырып, көңілімді өсіріп кететіндер де бар, ондай кезде төбем көкке жеткендей ерекше күйге бөленем.
– Біз өз кезегінде бір қамшыны өруге қанша уақыт кететінін сұрадық!
– Қамшының ең қиын түрі өрме қамшы жасаймын. Мұқият қарап, тиянақ­ты­лықпен жасалу керек. Өйткені өрген өрімнің өзі әдемі шығуы тиіс. Бір қамшыны жасауға он үш сағат уақыт кетеді. Ал өрімнің өзіне 5-6 сағат жұмсаймын. Шамамен алып қарайтын болсам, айына 18-20 қамшы жасайды екенмін. Мұның өзі аздық етеді. Алдағы уақытта қолөнерге қызығушылығы бар жастарды тартсам деген ой бар, – дейді кейіпкеріміз.
Қай кәсіптің болсын дүкені болады. Бұл адам басына қонатын бақ. Осыны Шалқарбек терең сезінеді екен.
– Бір күн шеберханаға кірмесем, көңілім құлазиды. Осында келген бойда бойыма күш-қуат енеді. Әсілі, ұлт бойындағы ұлы өнер – ұсталық өнердің қасиетін сезінгендіктен ата аманатын жалғап жүрген шығармын.
Қамшы – халқымыздың қастерлі де киелі дүниесі. Әр қазақ оны төріне іліп ұстаған. Қамшы – қайсарлықтың, батылдықтың белгісі. Жаугершілікте қару ретінде тұтынса, бейбіт өмірде спорт­тық жарыста, мал шаруашылығын­да қолданады. Дана халқымыз өмірді қамшының сабына теңейді. Мұның астары тереңде. Сондықтан да қазақтың қамшысы да, қамшы ұстар ұлдары да көп болсын, – дейді шебер Шалқарбек Бурабаев.
Ұстаның сөзінше қамшыны ұстау мен қолданудың ережесі бір бөлек екен. Қамшыны әрдайым оң қолға ұстау ке­рек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпай­ды, жерге тастаудың мәні – береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегенді білдіреді.
Сондай-ақ ұста ірі қалалардағы базарларды аралап, өзінің жұмысын өзге шеберлердің жұмысымен салысты­рып, үнемі ізденіс үстінде жүретінін де жасырмады. Қарап тұрсақ, бір қамшы­ны жасауға қаншама күш, темірдей төзімділік пен ұзақ уақыт қажет.
Ең бастысы, бабаның атадан балаға мұра болып келе жатқан қара балғасын тот басқан жоқ. Біз осыған қуандық.

Әсел РЗАЕВА


23 сәуір 2024 ж. 213 0