№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТӨРІҢІЗДЕ ІЛУЛІ ТҰРҒАН ҚАМШЫ БАР МА?

ТӨРІҢІЗДЕ ІЛУЛІ ТҰРҒАН ҚАМШЫ БАР МА?


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұралардың маңыздылығын айқындай түсті. Осы тұста, көне мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлердің иесі іспеттес аудандық тарихи-өлкетану музейінің маңызы зор.

Жасыратыны жоқ, ұлттық дәстүр мен салт-жоралғысын берік ұстанған қазақ халқы ықылым заманнан ер қаруы – қамшыны қасиетті санады. Ол әрбір үйдің төрінен орын тапты. Бүгінде, көненің көзіне айналған жәдігер әр қазақтың үйінен емес, көрмелер мен музей сөрелерінен көруімізге не себеп? Жалпы, ұлттық құндылықтың құнын қалай асқақтамыз?
Иә, қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы көрінуші еді. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттаса ерлік һәм елдік дәстүріміз жаңғырар еді. Осы бағытта өскелең өрендерге қамшының құрылымы жайлы білген ақпаратпен бөлісуді жөн санадық.
Өздеріңізге белгілі, қамшы – қазақ халқының байырғы кездегі шаруашылық, мәдени өмірінде аса кең тараған, көлікті айдап жүргізу үшін қолданылатын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасалған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі. Ер-тұрманның бір құрамы. Қамшы берік материалдан жасалған сап, оған қайыстан өріліп бекітілген өрім және өрім мен саптың арасын байланыстырып тұратын алақан делінетін негізгі үш бөліктен тұратыны белгілі.
Негізі, қамшы сабының ұзындығы көбіне 4-7 тұтам болып келеді. Ол ағаш, мүйіз, металл тәрізді қатты материалдан жұмыр немесе қырлы етіп жасалады. Оның жоғарғы доғал, жуантық келген жағы қамшының басы өрме қондырылған төменгі жіңішке жағы қамшының мойыны деп аталады. Ендігі кезекте, қамшының құрылымына кезек берсек.
Қамшытұтам – тұтқасы қолға ұсталатын бір жарым тұтамдай бөлігінің атауы. Ол терімен қапталады және оның ортасынан бүлдірге бау өткізіледі.
Қамшының бүлдіргісі – саптың тұтамындағы тесікке өткізілген қайыс таспа бау. Тесік қамшы дүмінен 3-4 елі тұстан тесіледі. Қолына қамшы ұстағанда бүлдіргеннің тұйығынан қолын өткізіп, білезік буынға қарай кигізеді. Аттың ерінің қасына ілінеді. Бүлдіргені қайыстан ғана емес, жібек жіптен өріп, моншақпен сәндеп те жасайды. Бұл жерде бүлдірге сөзінің де түп-төркініне назар аудара кетуге болады. Әуелде бұл сөз білек ілдіргі түрінде айтылса керек. Дыбыстық жақтан ықшамдалып өзгерген сөздер тілімізде аз кездеспейді. Мысалы, кейбір пікірлерге қарағанда білек жүзік тіркесінің ықшамдалуы нәтижесінде білезік атауы пайда болған.
Қамшының бауырдағы – өрімнің сапқа жалғасқан бөлігі. Оған қоса ер адамдар, сондай-ақ бақсы қамшының бауырдағысына жіңішке жезден салған тіреме де бауырдақ деп аталады. Ұзындығы саптың үштен екі бөлігіндей болады, бүлдіргеге жақын орналасады.
Бүркеншек – бауырдақ қамшыны жасағанда өрімі мен сабын біріктіріп тұратын шеге. Ал, мойнақ – қамшы сабының өріммен жалғасатын тұсына жез, мыс, күміс, және т.б. металмен көмкерген бөлігі. «Қолымда бір қамшы бар мойнақтаған, бәйгеден қос ат келер ойнақтаған» дейтін қара өлеңдегі жолдар осыған байланысты айтылған. Қамшы бауырын сапқа таспамен буып бекітуді бунақтау деп атайды. Шикі теріден тілінген бунақ (таспа)кепкеннен кейін өрім мен сапты мықтап берік ұстайды.
Қамшының шырмаулығы – сабына бауырдақты басып оралған метал бұрма. Әлгі «Қыз жібек» дастанындағы «Алтын қамшы қолға алып» дегендегі қамшы түрі оның алтындатқан шырмауықпен оралғандығын көрсетеді.
Тілше – алақанның бауырдаққа қарама-қарсы жағының жұқа қайыстан «Тілдей етіп» қабаттап салған кішкене бөлігі. Оны сапқа өрімді шегелеп бекіткен қамшыларда шегелікті жасыру үшін салады.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Бірде жасы кеп қалған қария ұлдарын сынамақ болып, шақырып алып, үш қамшы ұсынады. Таңдау еркі берілгендіктен кіші ұлы әшекейлі тұяқ сапты қамшыға бас алады. Ортаншысы тобылғы сапты қамшыға тоқтаса, үлкен ұлына таутекенің мүйізінен жасалған қамшы мұрагерлікке тиеді. Сонда әкесі тұрып, кішісіне:
– Балам-ай, жасың болса әлі отызға да жеткен жоқ. Тұяқ сапты қамшыны жасы елуге келіп қалған ел ағалары ұстайды. Өйткені олардың бала-шағасы бар, басым жалғыз қалады-ау деп қорықпайды. Сен болсаң осы жалғыз басты тұяқтай жалғыз болып қалмақсың, отбасын құрып өрістейін десең, тобылғы сапты қамшыны алуың керек еді, – дейді әкесі.
Сәл кідіріп, ортаншы ұлына:
– Ағаң мүйіз сапты қамшыны алды, ол билікте болады. Ал сенің малын көбейіп, бала-шағаң көп болып, тобылғыдай топ болып өсіп-өнесіңдер, – деген екен.
Иә, біз қамшының қасиетін қашалықты ұғынып һәм ұлықтап жүрміз? Батыстан бата алған бүгінгі буынның баба мұрасын ұмытыңқырап қалғаны көңілге қаяу түсіреді. «Тұлпарымның тағасы, баламның бағасы түспесін» деген бабалар қамшыны бекерден-бекер ер қаруы – бес қарудың қатарына қоспаса керек-ті. Белгілісі, шаруа адамы жүген, өмілдірік, құйысқан тәрізді ер әбзелдерін күтімелдеп ара-тұра майлап ұстаған. Алайда «жүген майласа – ырыс, қамшы майласа - ұрыс» деп, қамшы майлағанды жақсы ырымға баламаған.
Бір сөзбен айтқанда, қамшыны қайсарлық пен ерен ерліктің белгісі санаған. Бәйгеге шапса атының арыны, жауға шапса жүрегінің жалыны бола білген. Ал, сіздің шаңырақтың төрінде қамшыға орын бар ма? Әлде бабадан қалған мұра ретінде қамшыңыз болса басылым бетінде тарихымен бөлісе отырыңыз ағайын...

Бақдаулет ХАЙРУЛЛАҰЛЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

16 ақпан 2019 ж. 3 118 1

Асия от 7 сәуір 2021 17:49
Қамшыны қалай ілеміз ?   Салбыратып ілуге боладыма?   Немесе ұшын қайырып ілеміз ба?