№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Баба балғасы бабында

Баба балғасы бабында


Жүз шақырым қашықта орналасқан Көктебені бағытқа алдым. Ондағы мақсат – атадан балаға жалғасып келе жатқан қолөнерді көзбен көру. Нақтысын айтқанда, ер-тоқым жасайтын шебермен танысу. Біз іздеген Рақымжанды ауылдастары өнер қонған азамат ретінде таниды екен, түтініне бағыттап жіберді.

Қызық көк қақпаны ашып үйге енгенде басталды. Құлаққа тақ-тақ соғылған балғаның дауысы естілді. Өз-өзіме "Әсел сен адаспай келе жатырсың" деп сыбырладым. Неге екені белгісіз, езуіме шуақты күлкі үйірілді. Бәлкім, іздеген мекен-жайымды дәл тауып келе жатқаныма риза секілдімін. Әлде Рақымжанның іс барысын көретініме ме, әйтеуір, ерекше бір сезім бойымды билеп алды. Аула ішінде үлкен үй қасында кішігірім сарай тұр. Әлгі балғаның дауысы сарай тұсынан шыққанын байқап, сонда бет алдым. Есігін ашып, ішіне ендім. Көздің жауын алатын ер-тұрман, қамшы, таға дейсіз бе, бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліп тұр. Ағаш жонып отырған үлкен кісі мені байқап, қасына шақырды. Сөйтсем, мен іздеп келген Рақымжанның әкесі Әлиасқар екен. Атадан балаға мұра болып келе жатқан өнерді ұлықтаған шебер менің де келгенімді күткендей. Дереу жасаған ер-тұрмандарын көрсетіп, өзінің де әке жолын жалғағанын, енді, міне, баласына мұра етіп қалдырып жатқанын тілге тиік етті.
– Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Ұлттық наным-сенім, дәстүр-дағды жылқымен тікелей байланысты. Егер жылқыны ұлықтау тоқтаса, ұлттық тамырдан ажырап қаламыз. Ал жылқыны баптап-ұстауда не керек? Әрине, аттың әбзелдері, ер-тұрманы қажет. Сондықтан ұсталардың еңбегіне сұраныс жыл өткен сайын артып келеді, – деді ол.
Жастайынан әкесіне еліктеп өскен бала көне дәстүрді жалғаған. Дана қазақ «Атаға қарап, ұл өсер...» деп тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Бұл тұрғыдан алғанда, Абдрайымовтар бақыты тасыған әулет екені даусыз. Бүгінгідей техниканың қарыштап дамыған уақытында, ата жолын жалғап, ер-тұрманды жасауды кәсіп еткен жас буынға қарап бір марқайып қалдық.
Жас ұста Рақымжанның шеберханасына келетіндердің қарасы өте көп екен. Жап-жас жігіттің ісіне қызығушылық танытып, тапсырыс беретіндердің қатары артқан. Тіпті Түркістан облысынан іздеп келетіндер көп.
Сұраныс көп. Адамдар қажеттілік болғандықтан келеді. Ал оларға сапалы қызмет етуде құрал-сайманын сайлы болу керек. Осыны ескеріп, Рақымжан қайтарымсыз грант алуға ниет жасайды.
– Жұмыспен қамту орталығының жанынан құрылған комиссия алдында жобамды қорғадым. Комиссия мүшелері бірауыздан қолдап, ісіме сәттілік тіледі. Қуанып кеттім. Грант қаржысына қажетті қосымша станоктар алдым. Енді жұмыс жеңілдеді. Осындай мүмкіндік жасаған басшыларға алғысым шексіз, – дейді жас шебер.
Жалпы жылқының жабдығын жасау үшін тоғайға барып, екпе тал шауып әкеліп, қабығын ашып, үш ай бойы кептіріп, бойындағы суы тарқағасын ғана жұмысқа кіріседі екен. Сол кезде ер-тоқым мықты, жарылып кетпейтіндей, тығыз күйінде тұрады дейді. Одан бөлек, ер-тұрманды қаптап, өз қалпына келтіру үшін түйенің, ботаның терісін суға салып қайнатып, жақсылап кептіріп барып кәдеге асырады. Ер-тұрманнан бөлек құйысқан, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген, таға сынды жылқы малына керектінің бәрін жасайтынын білдік. Әңгіме барысында қарапайым халыққа пайдалы болсын деген ниетпен, ат әбзелдерінің бағасын білуді жөн санадық.
– Шынымды айтсам, бағасын айтуға аздап қысылып тұрмын. Енді, сапасына қарай, ер-тұрмандар 35-40 мыңның көлемінде, жүген, тартпа 10 мыңға бағаланады. Қол еңбегі сіңген бұйымдардың сапасына жауап беремін. Тапсырыс берушілердің арасында қол өнерді бағалап, алғысын жаудырып, батасын беретіндер көп. Батаның қадір-қасиетін терең ұғынып өскен ұрпақпыз ғой, ондай кезде төбем көкке жеткендей ерекше күйге бөленем. Шамамен алып қарайтын болсам, айына 6-7 ер-тұрман жасайды екенмін. Бұнын өзі аздық етеді. Алдағы уақытта қолөнерге қызығушылығы бар жастарды тартсам деген ой бар, – дейді кейіпкеріміз.
Қай кәсіптің болсын дүкені болады.  Бұл адам басына қонатын бақ. Осыны Рақымжан терең сезінеді екен.
– Үлкен атам, өз атам, әкем дүкен ұстап, шеберлігімен танылған адамдар. Уақыт сабақтастығымен атадан балаға қонып келе жатқан қасиетті өнер. Балға тықылы жүрек соғысым сынды. Бір күн шеберханаға кірмесем, көңілім құлазиды. Осында келген бойда бойыма күш-қуат енеді. Әсілі, ұлт бойындағы ұлы өнер – ұсталық өнердің қасиетін сезінгендіктен ата аманатын жалғап жүрген шығармын, – дейді ол.
Сондай-ақ шебер ірі қалалардағы базарларды аралап, өзінің жұмысын өзге шеберлердің жұмысымен салыстырып, үнемі ізденіс үстінде жүретінін де аңғардық. Ұстаның өзгелерден бір ерекшелігі, атасының қолымен сызып, үлгісін көрсетіп кеткен ой-кестелерін қолданып, ерекше көздің жауын алардай туындыны жасап шығуға әуес. Қарап тұрсақ, бір ер-тұрманды жасауға қаншама күш, темірдей төзімділік пен ұзақ уақыт қажет.
Қолөнер шебері қазақтың ұлттық қолөнері бұйым-заттарын қайта жаңғыртып, осы заманға орай сәнді етіп жасау үшін ізденіп, көп еңбек сіңіріп жүргенін де тілге тиек етті. Ең бастысы, бабаның атадан балаға мұра болып келе жатқан қара балғасын тот басқан жоқ. Біз осыған қуандық.

Әсел КЕҢЕС
08 қараша 2020 ж. 348 0

Ұқсас жаңалықтар: