Тың жобалар – тұрақты дамудың жолы
Брифингте басшылар байыпты бастамаларын баяндаса, журналистер істің сапасын саралап, әлеуметке шынайы ақпарат таратады. Сондықтан брифингте есеп беретін әкімдер де, тыңдап, тың ақпараттар дайындайтын тілшілер де тыңғылықты дайындықпен келеді. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің өңірлік коммуникациялар қызметінде берген брифингінде сондай жағдайға куә болдық.
Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Қай кезде де өңірлердің өркендеуінде, орын алатын түйткілді мәселелердің де барлығын әкімдердің әрекетімен байланыстырып жатады. Жерлестерінің тұрмыс жағдайын жақсарту, елдің өсіп, өркендеуіне үлес қосу ат үстінде жүрген әрбір азаматтың парызы деп білемін, – деп бастады сөзін Руслан Рүстемұлы.
Бұл ойынан елдегі азаматтардың елшіл істеріне баға беруге бағыт бұрғандай әсер қалдырды. Иә, Жаңақорған топырағы тұлғаларға кенде емес. Соңғы жылдары шағын және орта бизнес саласында бой көрсетіп, ауданның дамуына үлес қосып жүргендердің қатары артты.
Дегенмен кәсіпкерлік саласы бойынша алдамыз деп дабыл қағып, мақтана бермей, ары қарай дамудың жолын айқындау маңызды. Аудан әкімінің орнықты ойлары осыны ұқтық.
– Өткен жолғы брифингте өздеріңізбен кездескенде салық салу мақсатында кәсіпкерлік мақсаттағы мүлік құнын айқындау, кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесін жекеменшік және жалдау құқығымен табыстау үшін сауда саттық жүргізуді автоматтандыру, бюджет процесін жеңілдету секілді бірқатар мәселелер көтердім. Бүгін де көтеретін мәселелер Президенттің алдымызға қойған мақсат, талаптарының өзектілігін көрсетіп отыр.
Қазір жер учаскелерін жеке меншік және жалдау құқығымен аукцион арқылы сату жұмысының алгоритмі жасалып бітті. Ендігі уақытта Жаңақорған ауданы көлемінде кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін аукционмен (сауда-саттық) сатуды автоматтандыру арқылы электрондық сауда алаңына (госреестр) шығарылады. Себебі автоматтандыру арқылы өткізудің басты ерекшелігі техникалық құрал жабдықтар арқылы адамның тікелей немесе ішінара қатысуын шектейді. Бұл дегеніміз, әкімдік жұмысының ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етеді. Ашықтық пен жариялылық болған соң бәсекелестік арта түсіп қоғамның дамуына өз септігін тигізіп ғана қоймай, бюджетке түсетін түсімдердің артуына әкеледі, – деді аудан басшысы.
Жылжабар брифингте аудан әкімі Руслан Рүстемов қолға алған бастамаларымен бөлісіп, бұл жұмыстар толық аяқталғандағы нәтижені саралады.
– Жаңарық елді мекенінде 250 оқушыға, Байкенже елді мекенінде 150 оқушыға арналған мектеп құрылысы жобасының жоба-сметалық құжатын (ЖСҚ) әзірлеу үшін және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 2,4 млн теңге қаражат бөлінді. «Nur Otan» партиясының орталық аппаратының бақылауында тұрған Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаның құрылыс жұмысын бастауға облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді (нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі). Облыстық бюджеттің қаржысына өткен жылы басталған Шалқия кентіндегі клуб үйдің құрылысын аяқтауға 50 млн теңге және Өзгент ауылдық клубының құрылысын бастауға 50 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысы жүруде. Одан басқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы салынды.
Шалқия кентіндегі мәдениет ошағы мен Жаңарықтағы медициналық нысан 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс әкімінің қатысуымен ашуды жоспарлап отырмыз.
Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухананың, Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулаторияның, Қашқанкөл елді мекенінде медициналық бекет құрылысы жобасының жоба-сметалық құжатын әзірлеуге облыстық бюджеттен 12,2 млн теңге қаржы бөлінді. Келінтөбе, М.Нәлібаев елді мекенінен салынатын спорт кешенінің құрылысы жобасына жоба-сметалық құжатын (ЖСҚ) әзірлеуге 13,4 млн теңге қаралды.
Жаңақорған кентіндегі Саяжай-1 учаскесіне биыл аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге қаржы қарап, егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысы жүргізілді. Ендігі кезекте бюджеттен жоба-сметалық құжатына қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл жоба аяқталғанда жер кезегінде тұрған 7 мыңға жуық тұрғындардың мыңға жуығына жер учаскесін беру мүмкіндігі туады, – деп баяндады ол.
Биыл инфрақұрылымды жетілдіру – жолдарды жөндеу, канал қазу, көпір салу, елді мекендерді газдандыру және сервистік ауыз су жүйесін жүргізу т.б бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Брифингте осы бағыттағы жұмыстарды білдік.
Аудан әкімінің сөзінше, автомобиль жолдарының қанағаттанарлық деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңақорған ауданы тарихында автомобиль жолдарын жөндеуге мұншалықты көп қаржы бөлінбеген екен.
2021 жылы 60,4 шақырымдық автомобиль жолын орташа жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 87 пайызға, елді мекендердегі көшелердің қанағаттанарлық деңгейі 51 пайызға жетті.
Облыстық маңыздағы «Самара-Шымкент-Түгіскен-Келінтөбе» жолының 6 шақырымын орташа жөндеуге 175,1 млн теңге, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жайылма» жолының 4 шақырымын, «Самара-Шымкент-Бесарық бекеті» жолының 1 шақырымын орташа жөндеуге 100 млн теңге жұмсалды.
2021 жылы 23 кент, ауылдық округтің 50,4 шақырым құрайтын 57 көшесін орташа жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Төменарық ауылдық округінің 6,49 км құрайтын 8 көшесі (Д.Нұрпейсова, Алтыбаев, Пашаев, Елтай 2, Р.Құдайбергенов, М.Мақатаев, Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы), Жаманбай батыр ауылдық округінің 2,6 км құрайтын 2 көшесі (С.Танхиев, Б.Шалғынбаев) айту керек.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен 27,8 млн теңге бөлінді. Оған Жаңарық, Сунақата 234 дана жол жүру қауіпсіздігі белгілерін, 10 дана жасанды жол кедергілерін орнатылды, сондай-ақ, Жаңақорған кентіндегі М.Көкенов, А.Нақыпов қиылысына бағдаршам, аудан орталығындағы мектеп айналасындағы жаяу жүргінші өткелдері сызылды.
Аудандағы 35 елді мекен ауыз сумен қамтылды. «Ақбұлақ» бағдарламасымен бастау алып «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тауып, құрылысы жүргізіліп жатқан «Сырдария-Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасында Қаратау тауы бойындағы 12 елді мекеннің 19381 халқын және Сырдария өзенінің батыс беткейіндегі 15 елді мекеннің 23564 халқын ауыз сумен қамту қарастырылды. Бұл жұмыстар жоспар бойынша 2021 жылы толық аяқталуы тиіс.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу жұмысын аяқтауға Ұлттық қордан 214 млн. 885 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы аяқталады деп күтілуде.
Республикалық бюджеттен Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекеніндегі сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмысына 808,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекендерін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмысына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 16,9 млн теңге қаржы бөлініп, жоба сметалық құжаттар (ЖСҚ) әзірленуде.
Осы жобалар іске асқан уақытта Жаңақорған ауданында орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған тұрғындар 100 пайызға жетеді.
Елді мекендерді аяқ сумен қамту бойынша қаржы көздерінен 324,4 млн теңге бағытталды. Облыстық бюджеттен Аққорған ауылдық округіне қарасты «Р-16-3» каналына 54,2 млн теңге және Қожамберді ауылдық округіндегі «М-2» каналына 96,6 млн теңге қаралды. Аудандық бюджеттен Қаратөбе ауылдық округінде Сумағар магистралды каналынан КМК-на құятын Р-5-3 каналы бойынан ұзындығы 4 шақырымдық каналға тазалау және реконструкциялау жұмыстарына 27,6 млн теңге, Қыркеңсе ауылдық округіндегі Р-23 каналы 24,6 млн теңге, Аққорған ауылдық округіндегі Р-11 каналы 8,1 млн теңге, Келінтөбе ауылдық округіндегі Р-7-1, Р-12, Р-5-3 каналына 7,8 млн теңге бөлінді. Айта кететіні, аудандық бюджеттен канал қазуға бұған дейін қаржы қаралмай келген-ді.
Одан бөлек, «Қазсушар» РМК-ы Қызылорда облысы филиалы есебінен Сунақата магистралды каналының ПК 83-ПК 136 аралығынан 5,3 шақырымға 14,1 млн теңгеге тазалау жұмыстары жүргізіліп, 30 мың текше метр топырақ шығарылды, Келінтөбе магистралды каналының бас сағасынан (Көктөбе ауылдық округінің тұсы) 11,9 млн теңгеге 1,37 шақырым тазаланды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 76,8 млн теңгені құрайтын 8 дана СНП-500/10 дизельді насос қондырғысы сатып алынды. Жаманбай батыр ауылдық округіндегі Тоған су қоймасынан Бесарық және Кеңес елді мекендерін аяқ сумен қамтамасыз етуге жоба-сметалық құжатын әзірлеп, ведомстводан тыс сараптамадан өткізу үшін 18,8 млн теңге бөлінді.
Елді мекендерді газдандыру бағыты бойынша 12 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжатын дайындап, сараптамадан өткізуге 108 млн теңге бөлінді.
Атап айтқанда, АГТС-тен Шалхия кенті мен Құттықожа елді мекеніне дейін жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу және Шалхия кенті мен Құттықожа елді мекеніне ауыл ішілік көшелеріне газ тарату құбырын салу жобасына ЖСҚ әзірлеуге 19,4 млнтеңге, мемлекеттік сараптамаға 1,7 млн теңге, Жаңақорған АГТС-тен Жайылма елді мекеніне дейін жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу және Жайылма елді мекеніне ауылішілік көшелеріне газ тарату құбырларын салу жобасына ЖСҚ-ға 15,2 млн теңге, мемлекеттік сараптамаға 1,5 млн теңге, Жаңақорған ГРП 2 -ден Кейден елді мекеніне дейін жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу және Кейден елді мекенінің ауылішілік көшелеріне газ тарату құбырларын салу жобасына ЖСҚ-ға 11,9 млн теңге, мемлекеттік сараптамаға 1,4 млн теңге.
Елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 6 ауылдық округтерге (Ақүйік, Өзгент, Қандөз, Екпінді, Сунақата және Сүттіқұдық) жаңадан 6 дана трансформатор алуға 11,2 млн теңге, 7 ауылдық округтерге (Қаратөбе, Келінтөбе, Өзгент, М. Нәлібаев, Жаңарық, Жайылма және Ақүйік) электр бағаналарына күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдарын орнатуға 16,0 млн теңге бөлінді.
Ауданның бас менеджері Руслан Рүстемов салық түсімдерді орындау, өнеркәсіп, медицина, білім беру саласындағы жүйелі жұмыстарды да жік-жікке бөліп, талдай келе, ендігі уақыттағы жұмыстың басым бағытын бағдарлап берді.
– Бірінші кезекте, халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша біздер бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеп хабарласқандардың тұрақты немесе уақытша жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық деңгейін бағалап қана келдік. Ойланып қарасақ, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жас мамандарға жәрдемдесуге байланысты қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Біз осы бағдарламаларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін мемлекеттік бағдарламаларға тарту, қатыстыру арқылы ол отбасының еңбекпен қамтылуына, табысының артуына, баспаналы болуына мүдделі болуымыз керек.
Алдағы уақытта біздер жергілікті атқарушы орган, осы бағытта мақсатты түрде жұмыс істеп, әлеуметтік жәрдемақыға сүйеніп масылдыққа бой алдырғандар мен жұмыс істеуге және кәсіппен айналысуға ниетті контингент санын айқындауды бастадық.
Екінші кезекте, ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Осы бағдарламалардың орындалуына талдау (мониторинг) жүргізу барысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруға ұсынылып отырған кезектегі кәсіпкерлік субъектілері жобасының басым бөлігі (88 пайызы) мал өсіру, бордақылау сынды бағытта жүргізіліп келген. Бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыруға кері әсерін тигізуде.
Осыған орай біз ауданның географиялық орналасуы мен ондағы тұрғындар кәсібінің бейімділігіне қарай зерделеу жүргізе отырып, өз ауданымыздың 2024 жылға дейінгі даму жоспарын бекіттік.
Ондағы мақсат – өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік тауарларын, азық-түлік емес халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытумен қатар туризм және қызмет көрсету әлеуетін арттыру. Зерделеу нәтижесіне сәйкес бағдарламада ауданды – Сырдария, Қаратау, Орталық деп 3 агломерацияға бөлдік. Яғни Сырдария агломерациясы егін өнімдерін өңдеуге, Қаратау агломерациясы мал өнімдерін өңдеуге, Орталық – туризм мен қызмет көрсету саласына бағытталатын болады. Даму жоспарына сүйене отырып, қаржыландырылуға ұсынылатын жобаларға келісім беру кезінде бағдарламада қабылданған критерийлері бойынша іріктелетін болады. Бұл дегеніміз, бірінші кезекте аудан дамуына тиісті үлес қосатын жобалар қаржыландырылса, экономиканы әртараптандыруға оң әсерін тигізеді деп жоспарлап отырмыз.
Үшінші кезекте, барлық өңірлерге тән ортақ мәселе бар. Ол – аудандық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың Заңнамалық нормамен айқындалған құзіреттері шегінде функционалдық міндеттері бойынша атқарып отырған қызметіне сәйкес мәліметтер мен деректер ортақ бір қорға жинақталмайды екен.
Қолданыстағы автоматтандырылған бағдарламаларда (е-халық, еңбек-kz, әес баж) салалық мәліметтердің ғана қамтылуы, ауданның дамуын айқындау үшін ортақ мүдде, келісілген жоспардың түзілуіне кері әсер етуде. Әр мемлекеттік органның ақпараты жеке жинақталып, бір-бірімен ақпарат алмасу барысында түсінбестік немесе сәйкессіздік орын алады. Болмаған жағдайды бармақ басты, көз қыстылыққа салынып жасырып қалу жағдайы да орын алып жатады.
Сондықтан ауданның ақпараттық сараптамалық орталықтандырылған деректер қорын қалыптастыру үшін бағдарлама істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда жобаның үйлестіруші органы мамандандырылған ұйымдармен бағдарламаның алгоритмін жасалуда.
2022 жылы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде іске асыру жоспарлануда. Жоба іске асқанда не күтеміз?
Біріншіден, жергілікті атқарушы органдардың деректер қорын біртұтастандыру арқылы мәліметтер қоры нақтыланады.
Екіншіден, аудандық бюджеттің қосымша түсімдері көзін айқындауға мүмкіндік туындайды.
Үшіншіден, салықтық әкімшілендіру, салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға болады.
Төртіншіден, азаматтардың міндетті зейнетақы қоры, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылуын арттыру, жұмыссыздықты төмендету, әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж нақты контингент санын анықтауға жол ашылады.
Бесіншіден, бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді жоспарлауға қол жеткіземіз.
Аталған жоба іске асқан жағдайда алдағы жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап нәтижесі көрінеді, – деп аудан әкімі тың идеясымен бөлісті.
ТҮЙІН. Руслан Рүстемұлы бұған дейінгі брифингте аудандағы ең өзекті мәселелерді талдап, журналистерді таңғалдырған еді. Расында ғой, басшылар тек игілікті істерін ғана жария ететін. Ал, біздің әкім дамуда теріс әсер ететін кедергілерді рет-ретімен айтып жариялап, бұл жолы нақты жобаны берсе, тұрақты дамудың тың идеясын ұсынды. Лайым, жүзеге асып, халықтң игіліне айнала берсін...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ