Елдіктің ұлы мұраты

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа парағын ашты. Осы жылдар ішінде төл мемлекеттігін қалыптастырып, басқару институттарын орнықтырып, нарықтық экономикаға көшудің күрделі кезеңінен өтті. Халықаралық сахнада өзінің орнын айшықтап, бәсекеге қабілетті ел болуға нық қадам басты. Халықтың тұрмыс деңгейі біртіндеп жақсарып, әлеуметтік инфрақұрылым нығая түсті. Ғылым мен инновациялық әлеует артып, технологиялық мүмкіндіктері айқындала бастады. 34 жыл ішінде барлық саланың дамуында оң динамика қалыптасып, жақсы көрсеткіштер көшін бастадық. Бұл қатарда Сыр елінің өркендеуі өріс алып, аудандар мен ауылдардың екінші тынысы ашылды. Осы жылдар ішінде тәуелсіздіктің толымды тартуына куә болдық.
1991 жылы Қазақстан егемендігін жариялап, президенттік басқаруға көшті. 1992 жылы мемлекетіміз БҰҰ-ға толыққанды мүше болып қабылданды. Осы жылы көптеген ірі мемлекеттермен достық пен әріптестік қарым-қатынастар нығая бастады. Ел егемендігін алғаш болып Түркия мен АҚШ және өзге де елдер мойындады. Ішкі саясатта жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланды. 1992-1993 жылдары Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран бекітілді. Мемлекеттік шекараны айқындау, ұлттық валютаны енгізу, қаржы жүйесін құру сынды маңызды қадамдар жүзеге асырыла бастады. 1993 жылы 15 қарашада еліміздің ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Бұл оқиға Қазақстанның экономикалық егемендігін нығайтып, ақша-несие саясатын өз бетінше жүргізуге жол ашты. Одан кейін Конституциясы қабылданды. Онда Қазақстан егемен, құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде жарияланып, билік тармақтарының бөліну қағидаттары бекітілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық тұрғыда қиындыққа толы болды. Тоқсаныншы жылдарғы тоқырауда қаншама кедергілерден тірліктің алға баспағанына тарих куә. Дегенмен, өткен күннің қиындығы артта қалып, жаңа дәуір басталды. Әрбір жылдың өзіндік тарихы бар. Әр онжылдықта оң өзгерістер орнығып, дәуір көші ілгері басып келеді. Міне, осылай 34 жыл артта қалды. Айта берсек, Тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің тартуы орасан.
Жаңақорғанның жетістігі
Осы жылдары аудан келбеті де көркейіп, ажары айшықтала түсті. Ең бірінші, әлеуметтік салаға басымдық берілді. Құрылыс саласы қарқынды жүріп, инфрақұрылым игілігін көріп келеміз. Оның ішінде, ауызсудың мәселесі шешілді. «Көгілдір отынның» кентке келгеніне он жыл болды. Енді елді мекендерге тартылуда. Жарық жүйесі жаңғыртылып, жолдар жаңаланды. Шағын кәсіптің көкжиегі кеңейіп, өндіріс саласына басымдық берілді. Жалпы алғанда, аудан әлеуеті артып келеді.
Бүгінде облыс бюджеті рекордтық көрсеткішке жетіп, аймақтың макроэконмикасы толайым табыстарға жетті. Кенже қалған салаларға жан бітіп, қала орталығы өзгеше өзгерді. Осы көштен қалмай келе жатқан аудандардың да ахуалы төмен деуге келмейді. Алдымен ағарту саласынан бастасақ. Білім ошақтарының жетіспеушілігінен кейбір ауылдарда асар әдісімен мектептер салынып, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр болғаны рас. Апатты жағдайдағы мектептер кешегі күнге дейін сыр бермей, қаншама баланы біліммен қаруландырды. Қазір бұл мәселелер толығымен реттеліп, мемлекеттік мектептердің саны 50-ге жуықтады. Тіпті, жеке мектептерден де өңірде көш бастадық. Білім сапасы мен техникалық базасы заманауи құрылғылармен толықты. Яғни, балалардың жан-жақты білім алып, дамуына үлкен мүмкіндік жасалды.
Одан кейін, әлеуметтік инфрақұрылым саласы қарқынды дамыды. Биылдың өзінде жарты ғасыр жыр болған жарық мәселесі аудан орталығы мен кейбір ауылдарда шешімін тапты. Аудандық маңызы бар жолдар 95 пайыз асфальттанып, жолаушылар игілігін көруде. Сонымен қатар, ғасыр ғаламатына баланған «көгілдір отын» да келіп, тұрмыстық тауқыметтен құтылдық. Қазір ауданда онға жуық ауыл газбен тіршілігін түзеуде. Бірер жылда барлық ауылдың жұрты осы күнге жетеді деп күтілуде. Ауызсудың мәселесі түйінделіп келеді, тек аяқсу мәселесінде түйіткіл бар.
Аграрлы ауданға айналған Жаңақорғанда ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Әртараптандыруға бет түзеген шаруалар өнім өндіру, бақша дақылдары мен көкөніс сынды тауарларға ден қоя бастады. Бұл ішкі нарықты реттеп, импортқа тәуелділікті азайтады. Әрі шағын кәсіптің керегесін кеңейтеді. Шағын кәсіп демекші, ауданда кәсіпкерлік саласы жақсы даму жолында. Шикізат өндіріп қана қоймай, дайын өнім шығарудың тетігін таптық. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы мен субсидиялар арқасында қаншама жас кәсіпкерлер пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Құрылыс қарқыны да қатты, медицина, білім, өзге де салаларға салынған инвестиция үш есеге артты. Жекелеген инвесторлардың да аудан дамуына қосып жатқан үлесі едәуір. Аудан қазынасы да толығып келеді, бюджет есебі көңіл қуантады. Бұл туралы ел ағаларымен пікір бөліскенімізде: «Кешегі тәуелсіздік жылдар мен бүгінгі күннің тіршілігін салыстыруға келмейді. Ол кезде аяқтан енді тұрып келе жатқан жас мемлекеттің буыны қатаймаған еді. Кәсіпорындар жұмысы кенжелеп, жұмыссыздық белең алды. Сол бір қиын кезеңдер бүгін тарих қойнауына кетті десек болады. Айтсақ ертегідей, бірақ сол күндер әлі көз алдымызда. Енді міне, мемлекетіміз ілгерілеп келеді. Ауданымыздың да бүгінгі бағыт-бағдары жаман емес. Қаншама тірліктер атқарылуда. Билікте жүрген азаматтар, елдік мүдде жолында жүрген жалынды жігіттердің күш-қайратының арқасында еліміз бұдан да биіктей береді деген сеніміміз мол» дейді ардагер ағаларымыз.
Иә, ауданның өзге де салалары, спорт пен мәдениет, өндіріс саласы қазір қарыштап дамып келеді. Әлі талай шыңдардан көріне беретініне біз де үміттіміз.
Бүгінде Қазақстан даму жолының жаңа кезеңіне қадам басты. 2025 жылға қарай жүзеге асып жатқан ауқымды реформалар саяси жүйені жаңғыртуға, экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы табыстар елімізді ең табысты және тұрақты мемлекеттердің біріне айналдырды. Бұл бастамасы деп білейік. Тәуелсіздіктің тартуы бұдан да биік!
Әли ТЕМІРБЕК




