№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мемлекеттілік мәртебесі

Мемлекеттілік мәртебесі


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарық көрді.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны бай 4 бөлімнен тұрады. Олар: «Мемлекетімізің дүниеге келуі, Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар), «Ұлы бетбұрыс (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу» Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2020 жылдар), «Қалыптасқан мемлекет», Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар) деп аталады.
Кітаптың жалпы мазмұнына зер салсақ, даму үлгісі қалыптасып үлгірген Қазақстандық тәжірибе тетігімен толықтай таныс боламыз.
Кітаптың Елбасының жеке тәжірибесінен түйген негізгі ойларына сүйене отырып жазылғанын аңғаруға болады. Туындыда Тәуелсіздіктің 26 жылындағы біздің халқымыздың мықты мемлекет құру және бақуатты өмірге жету жолындағы күресінің шежіресі қамтылған. КСРО кезінде көш соңында қалғандардың қатарында саналған бұрынғы кеңестік рес­публика небәрі ширек ғасырдың ішінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттілігі, тиімді нарықтың экономикасы, демографиялық қоғамдық құрылысымен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. Осының барлығы – Қазақстанды түбегейлі жаңғыртудың күрделі де, қарқынды процесі, таптаурын ескі қағидаларды қиратқан батыл реформалар мен инновациялардың нәтижесі екенін нақты деректермен дәйектейді.
Нақтылап тоқталсақ, 1990 жылдардан бастап бүгінгі Үшінші жаңғыру жолына дейінгі кезеңдерді жеке-жеке нақтылап өтеді.
Алғашқы жаңғыру кезеңі. Бұл кезеңде жас мемлекет өзінің дамуының нақты үш бағытын айқындады. Біріншіден, нарықтық қатынастардың тетігі қаланды. Екіншіден, құқықтық мемлекет құрылды. Үшіншіден, қоғамда этностық және діни келісімді нық орнатуға қол жетті.
Президент осынау сындарлы кезеңдегі қазақ ұлтына тән бауырмалдық қасиеттің барша қиындықты еңсеріп, ел бірлігіне негіз қалағанына айрықша тоқталады. Міне, осындай қадір-қасиетіміз арқасында Қазақстан халқы Ассамблея­сын құру туралы шешім қабылданды. 2003 жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі өтті және ол жүйелі өтіп келеді.
1996-1999 жылдар аралығы – екінші жаңғыру кезеңі. Бұл жылдары жаңа Астана құрылысы басталды. Үшінші жаңғыру 2000 жылдары басталады. Бұл жылдары экономика дамыды, экономиканың барлық салалары өсті. Қазақстан 2012 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясының міндеттерін мерзімінен бұрын орындап, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді, одан әрі әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену талабы жүктелді. 2017 жылдың басында жарияланған үшінші жаңғыру бағдарламасын орындау мақсатында экономикалық түлеуге бет бұрып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық сананы дамытуға ден қойдық. Осындай жетістіктерімізді сараптай келе эволюциялық даму жолы арқылы керемет табыстарға қол артқан Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия мен Қытай секілді мемлекеттер деңгейіне жететінімізге сенім артуға болады.
Мемлекеттің тәуелсіздігін алу бар да оны тұғырлы етіп, келешек ұрпаққа жеткізу бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына ену туралы идеясы да осындай мұрат-мақсаттармен астасып жатыр. Өткен ғасырдың басында Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы айтқандай: «қазір «мен әлсізбін» деп еш нәрседен таюға жарамайды. Әлсіз елдің әлді болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек». Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларға ұйытқы болып жүргені де сондықтан.
«Ұлы халық бола білу үшін де ұлы мақсат қоя білу керек». Ел Президентінің ерен стратегиялық жобаларды арқау етіп, Қазақстанның алдына биік мақсат қоя білгені кітаптың әр тарауында айқын айғақтармен ашып көрсетіліпті.
Қирандыдан ел түзеп, тәуелсіз мемлекет орнату, оны ұстап тұру-қиынның қиыны еді. Бұл орайда бес саусақ бірігіп, қиындыққа қарсы ортақ қимыл көрсетудің орнына ел арасында түрлі әңгімені желдей гулетіп, халықтың көңіліндегі уайымды қалыңдата түскен азғырынды жағдайлар да кездеспей қалған жоқ. Соның кесірінен шеруге шығып, ереуілдеткендер де есімізді шығарғаны күні кеше. «Сананы тұрмыс билейді» деген қағиданың шынайылығына тағы да көз жетті.
Әлемнің өркениетті мемлекеттеріне қарап бой түзеген Қазақстан қайта құрулардың мінсіз жоспарын түзді. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидаты экономикалық жетістіктердің саяси реформаларға жетелейтінін көрсетті.
Мемлекет бүкіл күш-жігерін экономикаға жұмылдырып, сол тарихи шайқаста жеңіп шықты. 2007-2017 жылдар аралығындағы конституциялық реформалар мен 2015 жылғы Бес институциональды реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары елдің экономикалық өсу кезеңдерімен оның саяси жаңғыруын қамтамасыз етті.
Негізі «Ұлт жоспары-Қазақстанды кең ауқымды жаңғырту жобасы» деп Президенттің айтып отырғаны, елдің алдында тұрған міндеттердің асқақ екенін көрсетеді. Яғни, Мемлекет басшысы осындай қадау-қадау реформаларды жүзеге асыру арқылы Қазақ елінің мерейін асырып қана қоймай, қазіргі өркениеттің төрінен оның өзіне лайықты орын алуға ықпал ететіні айқын. Басқалай айтқанда, бағзы бабаларымыз арман еткен Мәңгілік Ел осындай игілікті қадамнан, реформаларды жүзеге асырудан тұрады.
Әлемді қандай дағдарыс шайқалтса да экономикалық жағдай қаншалықты құбылмалы болса да біздің мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік басым бағыттары тұрақты күйінде қалып отыр. Олар –білім беру мен медицинаның жоғары сапасы, кепілді еңбекпен қамту және қазақстандықтардың бақуатты тұрмыс деңгейі. Мемлекеттің басты мақсаттарының бірі бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту. Өйткені меншік иесі табын қалыптастыру демократиялық қоғамды дамытудың маңызды шарты. «Өкімет өлтірмейді» деген ескі көзқарастан арылып, әркім өз күнін өзі көруге ынталанған нарықтық заңдылықтар талабы талайдың өз кәсібін өркендетіп, сенімді келешек қалыптастыруына қаншалықты дем бергеніне бүгінгі күн көкжиегінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Дәл осы қағида халқымыздың әлемдік дағдарыстан аман өтіп, тұрақты өркендеуіне де негіз қалап берді. Елбасы осы орайда «Адам капиталына арқа сүйеу» қағидаты біздің адам мен оның ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімді ғана емес, азаматтардың өзіне деген жауапкершілігін де арттыратынына айрықша тоқталады.
Ұлтаралық бейбітшілік пен келісім-біздің ортақ жетістігіміз. Қазір біздің елімізде 140 ұлт пен 17 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Қазақстандық бірегейлік пен Қазақстандық патриотизм азаматтық тіліне, дініне, діліне қарамастан заң алдындағы теңдігі-біздің азаматтық болмысымыздың негізі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында талайлар ауызбен ақырзаман орнатып, Қазақстан алакөздік пен алауыздықтың мекеніне айналады деп сәуегейлік танытқаны бар. Бірақ Елбасы сандаған ұлт пен ұлыстан құрылған жұртты уыздай ұйытып, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясына біріктіріп, бір атаның баласындай өмір сүруге бейімдеуі нағыз сұңғылалықтың үлгісі.
Қазақстан 26 жылдық тәуелсіздік тарихында төрт бірдей жаһандық сын-қатерге тойтарыс бере алды. Нақтылап тоқталсақ, 1997-1998 жылдардағы Азия дағдарысының күшейіп тұрған кезінде «2030 стратегиясы» қабылданды. Аса ірі инфрақұрылымдық жоба ғана емес, болашаққа ұмтылған жасампаз елдің жарқын символына айналған жаңа елордамыз-Астананың құрылысын бастадық. 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарысқа үдемелі инновациялық даму бағдарламасымен, 2012-2017 жылдардағы жаңа жаһандық ахуал дабылына-2050 стратегиясымен, инфрақұрылымдық дамудың ауқымды жобасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен, бес институттың реформамен және үшінші жаңғырумен жауап бердік. Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған орасан зор жұмыстардың игілігін Сыр елі де айрықша сезініп отырмыз. Республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылды.
Мемлекет басшысы осындай қадау-қадау реформаларды жүзеге асыру арқылы Қазақ елінің мерейін асырып қана қоймай, қазіргі өркениеттің төрінен оның өзіне лайықты орнын алуға айрықша тер төкті.
Елбасының қаламынан өрілген жаңа дәуір ұрпақтарына арналған осынау баянды ой, бағдарлы талғамның төркінінен өз Тәуелсіздігін жариялап, әлемнің алыс-жақын елдерімен еркін байланыс орната бастағанына 26 жыл толған Қазақстанның жүрек соғысын, мақсат-мұратын, тыныс-тіршілігін толық аңғаруға болады.
Тәуелсіздік атты ұлы дәуірдің әр күні, әр сағаты, әр сәтіне дейін қым-қуыт оқиғаға толы болғанын, әрі осынау оқиғалар төркінінде адам ойы мен санасына қамшы болған кездесулер жатқаны ақиқат. Бұл жөнінде Елбасы өзі: «Бұл жылдарда маған көп нәрсені өз көзіммен көруіме тура келді. Қауырт жұмысқа толы сол күндердің барша ауыртпалығы мен толқыныстарын, ұйқысыз түндерді санамалау да мүмкін емес. Мен тұтас мемлекеттердің тағдырына әсер ететін немесе күні бүгінге дейін ықпал-күшін бұрынғыша әлсіретпей ұстап келе жатқан саңлақ саясаткерлермен де, қазіргі әлемнің болмысына тікелей ықпалы бар шешімдер қабылдаған адамдармен де көп кездестім»-деп ағынан жарылады.
Туындының электрондық үлгісі Мемлекет басшысының akorda.kz сайтындағы дербес парақшасына орналастырылған.
Тарихи деректерге бай, анығын айтқанда, «Тәуелсіздіктің энциклопедиясы» деп атауға тұрарлық құнды дүние ел тағдырындағы Елбасының қолтаңбасын одан әрі айшықтай түседі.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
23 қаңтар 2018 ж. 1 230 0