Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Таланты тұнық Тынымбай

Таланты тұнық Тынымбай


Биыл туған жеріміздің перзенті, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Тынымбай Нұрмағанбетов 80 жасқа толып отыр. Жазушының мерейтойына орай аймақ басшысы арнайы қабылдап, қаламгерге Сыр жұртшылығы атынан ілтипатты құрметін көрсетті. Шақыруды құп алып, құтты мекенге табаны тиген қаламгер келесі күні атамекеніне тәу етіп, ағайынның арқа-жарқа қошеметіне бөленді. Қосүйеңкі ауылында ұйымдастырылған шырайлы шарада жерлестері ата-бабаның сый-құрмет кәдесін жасап, қаламгерге ат мінгізді.

Сенбі күні Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында өткен «Таланты тұнық Тынымбай» атты ғылыми-танымдық конференция жазушы шығармаларымен жақсы таныс оқырманның басын бір арнаға түйістірді.
Әдеби кештің тізгінін қолға алған аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек кешті ашып беру үшін аудан әкімі Мажит Самитовке сөз берді. Мінберге көтерілген аудан басшысы алдымен жұртшылықты бүгінгі Республика күні мерекесімен құттықтады. Одан әрі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының Құттықтау хатын оқып берді. Қазақ әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, сөз өнеріндегі дара болмысымен танылған дарын иесінің ерекшелігін айғақтайтын еңбектеріне тоқталып, деніне саулық, шығармашылығына шабыт тіледі. Қаламгерді сексен жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Ауданның ең жоғарғы марапаты – Құрмет грамотасын табыс етті.
Тынымбай шығармашылығына арналған танымдық конференцияда әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы баяндама жасады. Көп уақыттардан бері Тынымбай шығармаларын жете оқып-зерделеумен айналысып келе жатқанын айтқан әдебиетшінің суреткер табиғатына терең қанығып үлгерген толғаныстары көптің көңіліне қонды.
– Адам – Құдайдың ұлы жұмбағы. Ал оның табиғаты ақыл жетпейтін құбылыс. Дүние жаратылғаннан бері адам жақсарған жоқ. Құдайға жақындай түскені де шамалы. Қайта керісінше мейірімділік кеміп, зұлымдықтың соңына еріп, жаңа заман орнаған сайын жаны күрделеніп, әлемнің қаны қарайып, қатыгезденіп барады, – деген ол адамгершіліктен бөлек зұлымдықтың да қайнар бұлағы болатынын, ал оның екеуінің арасындағы мәңгі бітпес майдан Тынымбай шығармаларында қабаттаса суреттеліп отыратынына айрықша тоқталды. Адам санасында жаса­лып жатқан қылмыстарды әшкерелеуімен оқырманның жоғалтып алған парасат пен рухани кемелдігін түгендеуге атсалысқан дара дарын қуатын сөз етті.
Баяндамашы әлі күнге дейін Тынымбай талантының табиғатын дұрыстап тануға қадам жасалмағанын сынға алды. «Біреулер үшін ол ауыл тағдырын жақсы білетін жазушы. Екінші, ұлттық прозадағы Бейімбет Майлин мектебін жаңа биікке көтеріп келе жатқан қаламгер. Үшінші, қазақ прозасына қайталанбас ұлттық образдарды әкелген суреткер. Біз жазушының адамтануда көркем прозаға қандай жаңалық әкелгенін елеп-екшеп, ұлттық топырақтан нәр алған суреткерлік шеберлігімен әлем әдебиетінің классиктері – Мопассан мен Чеховтың биігіне көтерілген адамзаттың қаламгеріне айналғанын әлі дұрыстап тани да, зерттей де алмай жүрміз» деуімен қазақ әдеби сынының қазіргі деңгейіне қамшы салуды міндеттеді.
Ол әсіресе жазушының адамтануда біз білмейтін жаңалықтарды ашып, оқырманын үнемі таң қалдырып келе жатқанына екпін берді. «Періштелердің өлімі» атты жазушының жаңа кітабы – осы айтылғандардың мысалы. Жазушының осы еңбегі Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты алды. Баяндамашы кітаптағы «Жыланның уы» атты романға айрықша тоқталды. «Жыланның уы» қоғамдағы әлеуметтік шындықты суреттеудегі ұлттық әдебиетіміздің үлкен табысы. Бұл шығармадан біз аласапыран заман басталғаннан кейін өзгеріп кеткен жан әлемі мен жұмаққа апаратын жолдан адасып қалған періштелердің абайсызда тозақ отына өртеніп кеткен тағдырын көреміз. Адамгершілік, ізгілік, мейірімділік сезім аяқастына тапталып, ар-ұяттың еңсесі төмендеген шақта осындай зұлымдық жер бетіне шығады деді ол. Одан әрі Тынымбайдың туған ұлтын өзге қаламгерлердей тарихы, тағдыры арқылы талдап-таразыламай, ұлттық кескін-келбеті, қазақы мінез-құлық, қазақы құндылық пен қасиет, қазақы психологиялық дүрбелең мен дүмпу арқылы көрсеткен шеберлігін сөз етті.
«Әдебиет адамтануды ғана емес, адам боп қалуды үйрететін өнер. Міне, сондықтан да шын талант жарық өмірді зұлымдықтан тазарту үшін, ар азабының ақиқа­тын айту үшін келеді. Жүрегін оттай қарып, өмірдегі әділетсіздікпен күресе алмаған жазушы ешуақытта адам жанының суреткері бола алмайды. Сөз өнерінің дертіне шалдыққан Тынымбай әдебиетке берген сертіне адал болып қалғанының арқасында суреткер бола білді. Оның туындылары арқылы ұлттық әдебиетімізге ойы анық, сезімі тұнық, тылсымы терең жаңа әлем келді. Ол әлемнің аты – Тынымбай» деді ол.
Тынымбай Нұрмағанбетов қаламгерлік жолын журна­листикадан бастап қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын газеттер мен радиода жемісті еңбек еткен тұлға. Бұл кезеңдер жазушының кәсіби өсіп-жетілуіне, әдеби ортада шыңдалуына зор ықпал етті. Алматыға қоныс аударған соң «Жазушы» баспасында қызмет атқарып, одан әрі Мәскеудегі М.Горький атындағы әдеби курсты тәмамдайды.
Жазушы тек прозада ғана емес, драмматургия мен кинода да өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Оның «Жоғалған көл», «Кемпірлер үкімі» атты пьесалары сахналарда табысты қойылып, көрермен ықыласына бөленді. Бұл шығармаларында жазушы адам жанына терең үңіле отырып, қоғамның ащы шындығын суреттейді. Сонымен қатар ол «Тырналар ұшып барады» телефильмі­нің сценарийін жазған. Оның шығармалары орыс, неміс тілдеріне аударылып қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде танылуына жол ашты. Бұл жөнінде келесі кезекте сөз алған Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, тележурналист Қаршыға Есімсейітова терең талдау жасады. «Тынымбай шығармаларының дені – ауыл өміріне арналған. «Түк­пірдегі ауыл», «Дарияның арғы беті», «Көгілдір аспан», «Қарлығаштың ұясы» атты повесть-әңгімелерінде аңқау да, ақжүрек ауыл адамдарының бейнесі шынайы суреттеледі» деді ол. Одан әрі қаламгер, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова сөз алды.
– Жазушының қай туындысын алып қарасаңыз да адам мен табиғат үндес, тағдырлас, тамырлас. Бұл – өмірдің заңы. Табиғат пен адам жаны үйлесім таппаған жерде тіршілік тынысының демі тарылып, ақыры нәубетке барып ұласарын автор елдің шынайы тағдыры арқылы суреттейді. «Шал, мая және жел» атты шығармасында мәңгі бітпес майданда тіршілік иелерінің бір-біріне бітпес дау тауып, ағайыннан жау тауып, тәңірдің өлшеп берген өмірін қияметтің қыл көпіріне айналдырып жіберу тіпті де қиын емесін шағын ауылдағы қасіретті көріністер арқылы шебер суреттейді. Жұмыр басты пенденің санасын сарсылтқан сан түрлі сауалдарына салмақты жауапты қарапайым кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы әдемі кестелеген сөз зергерінің кесек туындыларын оқи отырып, адам мінез-құлқының терең қалтарыстарын танығандай боласың, – дей келіп, соның бәрін зерек зейінмен зерделеп, сырлы сурет, астарлы әзіл, сәтті құрылған сөз тіркестерімен жеткізе алған суреткердің табиғи талантына еріксіз тәнті ететін «Мешкей», «Күнді жек көру», «Бір ауылдың серісі» деген шығармаларына тоқталып өтті.
Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» Нәжмадин Мұсабаевтың қалың жұртшылықтың сүйікті жазушысы Тынымбай Нұрмағанбетов туралы пікірі тың бағытта өрбіді.
– Мен әдебиетші емеспін. Мамандығым – инженер-құрылысшы. Міне, сондықтан ақын-жазушыны адам жанының инженері деген пікірге толық қосыламын. Бұл бекер айтылған сөз емес. Құрылысшы кесек қалап, ғимарат тұрғызса, жазушы адам жан сарайының кілтін тауып, сапалы адам тәрбиелеп шыға алады.
Жаңақорған өңірі – киелі мекен. Қаншама кемел тұлғаларды тудырды. Өзім бір кездері басшылық еткен осы ауданға табаным тисе рухани байып, қуаттанып оралатынымды да жасырмаймын. Тынымбай, Дүкенбай туған Қаратаудың баурайында, Құланшы өзені бойында табиғаттың таза ауасын жұтқан сәттерім шетелде демалып қайтқаннан мың есе артық. Осы топырақтан нәр алған жазушы туындыларының табиғаты бізге мүмкін сонысымен ыстық, – деп ағынан жарылды. Одан әрі сөз алған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Керімхан Егізбаевтың сөзі төмендегіше өрілді.
– Иә, бұл топырақтан көп жақсылар мен жайсаңдар шыққан. Тынымбай шығармаларын бірде күліп отырып, бірде жылап отырып оқитынымыз рас. Мұның өзі жазушы жанының аса нәзіктігін, сыршылдығын білдірсе керек. Тынымбаймен бір ауылда өстік. Ата-анамыз Қосйеңкіден Қауыққа бірге көшіп келген. Сол елді мекенде өстік-өндік. Бірге асық ойнадық. Шанамен сырғанап, коньки тептік. Оқу бітірдік. Еңбек еттік. Көңіл төрінде мәңгілік ұмытылмайтын балалық шақтың қымбат естеліктері жатталып қалды. Міне, осы ағаларымыздың елдің алдын­да жүргеніне қуаныштымын. Тынымбай аға қазақтың дәрежесін өсіріп, жан сырқауының дәреметін тауып жүр. Жазушының шығармасына арқау болған кейіпкерлерден ауыл адамдарын танып мерейіміз өсіп отырады. Жазушы ағаның кітаптарын келешек тәрбиесінің кемел құралы дер едім. Қаламгер тұғырдан түскен жоқ. Кеше туған ауылында білім ордасындағы кездесуде көңілі толқып отырғанын байқадым. Туған елге келіп, көптің қадір-құрметіне қауышқаннан артық жақсылық бар ма? Рас, Тәкең мақтауды жаратпайды. Бірақ, мақтайтын да, мақтанатын да деңгейдесіз. Адал азаматтар соңынан бүкіл қазақты ерте алады. Қардай таза көңілден төгілген сыр-әлемімен жүздердің жүрегінен орын алған жазушыға баршамыздың құрметіміз бөлек, – дей келіп отбасы атынан сый-сияпатын тарту етті.
Кеш қорытындысында мерейтой иесінің өзі мінберге көтеріліп, аймақ басшылығынан бастап өзіне құрмет көрсетіп жатқан туған жер халқына жүрекжарды алғысын төмендегіше жеткізді.
– Менің жазушы болып қалыптасуыма негіз қалаған ең бірінші туған жердің адамдары. Сол туған жердің табиғаты бізді тәрбиеледі. Адамға өскен ортаның әсері үлкен. Осы адамдардың мінезін, ықыласын, табиғатын шығармаларымызға арқау еттім. Қауықта өткен бала күндерімді еске ала отырып «Шал, мая және жел» деген туындымды жаздым. Бәрі де болған оқиға. Құрышжан деген атамыздың басынан өткен жағдай баяндалады. Сосын «Бойтұмар» деген повесімде де бір отбасындағы төрт ағайындының түрліше болмысы, түрліше тағдыры суреттелді. Бірге тумақ бар болса да бірге жүрмек жоқ ағайын ахуалы өзек болады.
Әкем Нұрмағанбетті халық қалпе атандырды. Ол кісі құранды жақсы білетін. Құлан ақынның қасында жүріп жырларын жатқа алып қалған. Ақынды Құлан қалпе деп келген жұртшылық менің әкемді сол кісінің орнын басатын кісі деп қалпе атандырған.
Шығармаларымның туған жеріммен, тіпті қоғаммен байланысты болуы – ол заңды құбылыс. Жазушы үшін туған жердің орны бөлек. Өйткені оны жазушы еткен осы ортасы.
Әдебиет – ұлттың деңгейін танытатын құндылық. Ұлтты тану үшін алдымен не керек? Шетелден қарызға қаражат немесе кәсіби мамандар алмаса аласыз. Бірақ ұлттың өзі ғана жасай алатын сала бар. Бұл – әдебиет пен өнер. Оны басқа ұлттың өкілі келіп жасап та, қарызға да бере алмайды. Оны тек ұлттың ой-өрісі, ақыл-санасы белгілейді.
Дана халқымыздың ауыз әдебиетінің өзі бай. Жазба әдебиетте де әлемдік дәрежеде ұлықталған Абай сынды тұлғаларымыз бар. Халықтық ән-жырымыз жөнінде де әлемді таң қалдырған мұраларымызбен мақтанамыз. Музыка жанрын айтып отырған себебім, ол халықты танытудың төте жолы. Аудармашы керегі жоқ. Ал әдебиеттің күрделілігі, оны жақсы аудармашы аударуы керек. Әдебиетте бұл жағынан да кенжелеген жоқпыз. Әуезов, Майлин, Мүсіреповті аудару арқылы әдебиетте орыстан кейін қоржыны сүбелі ұлтпыз.
Жазушы шығарма жазғанда ең әуелі өзінен өзі ұялуы керек. Шығармамды дос та, жат та оқиды-ау, сонда мін болмаса екен деп тырысуы керек. Ал өзінен ұялмаған адам ешкімнен ұялмайды. Алға қарай баса береді.
Орыстың атақты композиторы Чайковский: «Адамның талантының творчестволық болмысындағы атқаратын пайызы он бес пайыз ғана, қалғаны ол адамның ізденісіне, алатын үлгі-өнегесіне, қай салада жүріп, мінез қалыптастыруында» дейді. Адам талантты болып тууы мүмкін. Бірақ талантты болып қалуы үшін оған біріншіден құштарлық керек. Екіншіден ол өмірін тек соған арнау керек. Үшіншіден ортаның, саясаттың мәселесінен аман болу керек.
Әдебиет пен өнер – халықты танытудың ең үлкен құралы. Басқа ұлттың алдында ұпай жарыстырғанда басқа ешкіммен емес, әдебиет пен өнер өкілдерінің атын атап дәреже арттырасыз.
Жақсы шығарма оқығанда, жақсы музыка тыңдағанда әсерленесіз. Оның құдіреті адам бойына қуат береді, жақсылыққа қарай жетелейді.
Әдебиеттің жолында көп нәрсені тәрк еттім. Құдайдан тілегенім – жазу болды. Сол жолда кедергілер кездеспесе екен дедім. Сол үшін жоғары қызметтерден де бас тарттым. Мұным белгілі дәрежеде дұрыс болған сияқты. Елге керек өміршең дүниелерді тудырдым. Сондықтан мен өзімді осы елге борыштармын деп есептеймін, – деп тәмамдады сөзін. Елге, халыққа, өзіне құрмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына үлкен рахметін айтты.
Осы күні түс ауа «Руханият орталығында» А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Тынымбай Нұрмағамбетовтің 80 жас мерейтойына арналған «Тынымбай тұңғиығынан сыр шертейік» атты қалам иесімен жүздесу кеші болып өтті.
Кешке ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, аудан әдебиетшілері, кітапханашылар және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кешті кітапхана директоры Әсем Манапқызы жүргізді.
Келесі кезекте кеш қонағы – жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов сөз алып, өмір жолы, шығармашылығы туралы сыр шертті.
Ақын Файзулла Сахиев жазушыға арнауын оқыса, балалық шағының куәсі, жазушымен тел өскен құрдастары атынан Керімхан Егізбаев жүрекжарды лебізін білдірді. Ардагер журналист Ерубай Қалдыбек қаламгерге арнаған өлеңін оқып берді. Оқырмандар жазушының шығарма­лары желісінде өз ойларында жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Кештің соңында көрермендер жазушы ағамыздан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
16 қараша 2025 ж. 177 0