» » Ақынға көрсетілген құрмет

Ақынға көрсетілген құрмет


Сенбі күні аудан әкімі Мажит Самитұлы аудандағы руханият өкілдерінің қатысуында туған жердің перзенті, белгілі ақын, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Қошым-Ноғай Байбота Серукбайұлының 70 жасқа толуына орай арнайы қабылдап, сый-құрметін көрсетті.

Жарқын рәуіште ұйымдастырылған жүздесуде аудан басшысы алдымен мерейтой иесінің өмір жолымен таныстырды.
– Б.Серікбаев 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң он жыл «Жалын» баспасында редактор, аға редактор болып қызмет атқарды. Қазақ елінің мәдени -рухани өмірінде ойып орын алған «Мәдениет және тұрмыс» журналында, «Ана тілі» мен «Қазақ елі» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Жазушы» баспасында жетекші редактор болып қызмет етті. Балалар әдебиетіне зор үлес қосты. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп, алыс-жақын шетел ақындарының өлеңдері мен ежелгі түркі поэзиясын тәржімелеуге белсене атсалысты, – дей келіп, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасына айрықша тоқталды.
– Жаңақорған топырағы талай қайраткер тұлғаны тудырды. Осындай азаматтарымыздың ғибратты ғұмырын келешекке үлгі ету – парызымыз. Барша тілеулес жерлестердің атынан Байбота Серікбайұлын мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтаймын! – деді ол.
Қаламгерге ауданымыздың ең жоғарғы марапа­ты – «Құрмет грамотасын» табыстады. Иығына шапан жапты.
Жазушының баспадан соңғы шыққан «Үлпет» атты кітабына демеушілік еткен аудандағы белгілі кәсіпкерлер, аудандық мәслихаттың депутаты Жасұлан Амалбеков пен «Премиум класс» ЖШС-нің басшысы Ерұлан Құрманбековке өз атынан рахметін айтты.
Айта кетейік, қаламгердің 70 жылдық мерейтойы аймақ басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында аталып өтті. Енді бүгін туған жерінде аудан халқы атынан ықылас – пейілдің шуағына бөленуде. Бұл шаралардың өтуіне өзі де игі ықпалын аямай тілектестік ниетте жанында жүрген қаламдас досы Жолтай Әлмашұлы сөз алып, жылы лебізін жеткізді.
– Сыр елі – қазақ руханиятының негізгі бастауы. Бізде өнердің барлық түрі дамыған. Жыраулық өнердің үш түрлі бағыты бар. Мәселен, Арал, Қазалы өңірінде Нұртуған жыраудың ізімен, үлгісімен қаншама жырау, жыршылар тобы қалыптасты. Қармақшы өңірінен Жалағаш, Тереңөзекке дейін Жиенбайдың ізі жатыр. Ал Шиелі, Жаңақорған өңірінде атақты Нартайдың әуені сақталған. Әдебиеттің марқасқалары – Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Иран Ғайып, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Жүсіп Қыдыров, Сейсен Мұхтарұлы, Дүкенбай Досжа­нов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Адырбек Сопыбеков, Бексұлтан Байкенжеев сынды атақты таланттарымыз бар. Сондай-ақ, қазақ поэзиясына түбірімен өзге­ріс әкелген Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Төле­ген Айбергенов, Жарасқан Әбдіраш сынды мықты тұлғалардың қалыптасқан үлгісін жинап синтез жасаған, өзінше бір Байбота жыр, Байбота бағыт жасай білген ақын осы кісі, – деп дәріптеді кеш иесін.
– Оның поэзиядағы орны өз алдына, журналистикада айшықты қолтаңбасы қалды. «Ана тілі» газетінде 20 жылдай жұмыс істегенде қазақтың салт-дәстүрі, қазақтың тілі, мәдениеті, өнері жөнінде қаншама тың дүниелерді тудырса, тарихпен де айналысып, «Тіл ұшындағы тарих» деген кітап жазып шықты. Бұл кітабы Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я», Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным», Қадір Мырзалиевтің «Жазмыш», «Иірімі» сынды өзінше ой оқшаулығымен, ғылыми негіздемесімен құнды. Ол жиырма жыл бұрын жарық көрген осы кітапты толықтырып қайта даярлауда. Сонымен қатар Байботаның балаларға арналған 20-ға жуық кітабы бар, – дей келіп, жерлес жазушымыздың жетпіс жасына дейін бірде-бір рет мерейтойын жасауды ойына да алмаған қарапайымдылығына да тоқталды. Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов аудан ақсақалдары атынан құттықтауын жеткізді.
Өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын жеткіз­ген Байбота Қошым-Ноғай алдағы уақытта да қадірлі оқырмандарына қалам қуатымен қызмет ете беретінін айтты.

Жәмила ЕРМАХАН
26 қараша 2024 ж. 23 0