Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Жан тазалығы


Қарттар – қазынамыз. Ұзақ жылдар өз саласында қажырлы тер төккен, бүгінде елдің қадірменді қариясы Әріпбек Асанұлын осындай жандар қатарына қосар едік. Ол ауылдың әлеуметтік экономикалық дамуы мен қоғамымыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосумен қатар, жас буынға ақылшы аға болып келеді.


1969 жылдың күз айы. Ол кездері жоғары сынып оқушылары егін жинауға жәрдемдесетінбіз. Біз облысқа есімі танымал жүгеріші Әбдірахым Ақбалаевтың Қарғалы деген жердегі егісіне көмекке бардық. Түс әлетінде астына торы жорға мінген аққұба жігіт қосқа келіп түсті. Иығына ілген санитарлық сөмкесі бар. Бұл жігіт кең­шар медпунктінің фельдшері Әріпбек Асанұлы еді. Бас дәрігердің тапсырмасымен бүгін Қауық пен Қарғалыдағы көмекте жүрген өрендердің хал-жағдайымен танысқалы, ауырғандары болса ем-дом көрсеткелі келіп тұрған беті екен.
Әрекеңнің балалық шағы соғыстан кейінгі еліміздеі қалпына келтіру кезеңіне сәйкес келіпті. Айтуынша, ағасы Анарбектен кейін 14 жылдан соң дүниеге келгендіктен тым ерке өсіпті. Есін біле бастағанда ағасы Анарбек Қызылордадағы пединститутты бітіріп келіп ауылдағы жетіжылдық мектепке мұғалім болып орналасқаннан кейін, бұл да сотқарлықты қойыпты. Оған ағасы Анарбектің: «Әріпбекжан, сен енді сотқарлықты қой, бізді мұғалімнің отбасы дейді. Ертеңгі күні сен бұ­зық болсаң мені ешкім сыйламайтын болады», – деген сөзі себепші болады.
1956 жылы ағасы Анарбек институтты бітіріп, жолдамамен Оңтүстік Қаақстан облысына жіберіледі де, бұлар отбасымен Киров ауданына қоныс аударады. Ал ағасы 1961 жылы Мақтарал ауданы «Коммунизм» колхозындағы Абай орта мектебіне директор болып ауысқанда Әріпбек те соңғы екі жылын осы мектепте оқып, күміс медальмен бітіреді. 1963 жылдың шілде айында қасындағы төрт жолдасымен Андижанға барып мединститутқа құжат тапсырады. Қасындағы жігіттер де өздері таңдаған оқу орындарына құжат өткізіп, бәрінің де жолы болып студент атанады. Бірақ жергілікті жігіттермен сыйыса алмай ақыры оқуды тастап ауылға қайтады. Келер жылы оқуға деген өршіл арман жетелеп Алматыға келіп мединституттың емдеу факультетіне оқуға түседі. Үшінші курсты бітірген жылы оқуды үзуге тура келді. Институт жатақханаларында жершілдік, және әлімжеттік басым екен. Жастайынан әділетсіздікке жаны қас жігіт олардың қоқан-лоққысына шыдамай намысқа мінеді. Бірақ жоғарыда қолдаушысы бар­лар мұны басбұзар ретінде көрсетіп, оқудан кетуге мәжбүрлейді. Өз өтінішімен әскер қатарына алынып азаматтық борышын өтеп қайтады. Араға 10 жыл салып атамекені – Бірлікке қайта қоныс аударады.
Қолында мединституттың үш курсын бітірген деген анықтамасы бар жас жігіт ауылдық ауруханаға шалғайдағы малшыларға дәрігерлік көмек көрсететін фельдшер болып, кеңшардың №2 бөлімшесіне бекітіледі. Жалпы Әрекең 39 жыл бойы еңбек етсе, соның 25 жылында алыстағы малшыларға фельдшер болып қызмет көрсетіпті. Осы қызметте жүріп ол сырттай оқып Алматы зооветеринариялық институтын да бітіріп алыпты.
Жалпы, фельдшердің міндеті ауыр. Тәуліктің кез келген уақытында қыс-жаз демей шақырылған жерге жетуің керек. Науқасқа мүмкіндігінше дұрыс диагноз қою, дәрі егу секілді жұмыстарды меңгеруің қажет. Бұл бағытта ауыл ауруханасының дәрігерлері – ерлі-зайыпты Баубекова Вера мен Әлмахан және жергілікті халық біліктілігіне байланысты «қара доғдыр» атап кеткен фельдшер Әбжалел Өтетілеуовтің кеңестері көп кәдеге асты, малшылар арасында беделін арттырды. Сол кезеңдер туралы Әбекең былай деп еске алады:
– Шынын айту керек, бәзбіреулер фельдшердің жұмысын оңай деп қателеседі. Кейде апталап мал­шыларды аралап кетіп 10 күнге дейін жүріп қалатын кездер болады. Есесіне бейсауат хабар болмаса 5-10 күн орталықта боламын. Жедел жағдайда жол жүруге дайын болуың керек, – дейді ол.
1979 жылдың мамыр айының ортасында осы бөлім­шенің шопаны Әбдіманап Шахановтың әйелі толғатып босана алмай жатыр деген хабар жетеді. Сол жылы мамыр айы қатты суық болып, жауын-шашын арты қарлы боранға ұласып, тау беткейдегі отарларда қарбалас болып жатқан шақ. Қаратаудың қалың ортасына бара қоятын көліктің де ыңғайы жоқ. Амал жоқ, Жаңақорғанға телефон шалып, келген жедел жәрдем көлігімен Әріпбек тауға аттанады. Тауға кіре қар жауады. Қаратаудың қойнауындағы «Дөңгелек сазда» отырған Әбдіманаптың үйіне жаңбыр бұзып кеткен тау жолымен неше рет батпақтап, таң ата жеткен. Шопан әйеліне дәрігерлік көмек көрсетіліп, аман есен босандырып алыпты. Енді бірде Шоңбұлақта отырған атақты шопан Өскенбай Әбіловтің әйелі Разия қан қысымы көтеріліп ауырады. Бұған Әрекең аурухананың «Газ-51» автокөлігімен аттанады. Дер кезінде жеткен фельдшер жігіт қан қысымын төмендететін укол салып, дәрі ішкізеді. Сол жерде науқастың хал жағдайын бақылап, қашан қан қысымы қалпына түскенше 3-4 сағат қасында болады. Қайтар жолда Тоқтамыстан төмен Сасықбұлақтың қасымен өтіп келе жатып көлік батып қалады. Қараңғы түн, жақын маңда батқан көлікті шығаратын ауыл да жоқ. Не керек, Әріпбек сол маңға жақын 3-4 шақырым жердегі Жәлен Мәуленқұлов деген шопандікіне жаяулап тартады. Шопан үйіне жеткесін бөлімше орталығына мотоциклмен Жәленнің баласын жібереді. Бөлімше басшысы Қанжарбек Әжібеков бұл хабарды ести сала трактор жіберіп бұлардың көлігін шығартып береді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Әріпбектің осы бір тынымсыз еңбегіне сала басшы­лы­ғының тарапынан қолдау көрсетіліп, ол аудандық денсаулық бөлімі мен облыстық денсаулық сақтау департаментінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хат­тарымен» марапатталды.
Сөзіміздің басында Әрекеңнің жастайынан жан-жақты болғанын музыкамен, өнермен және спортпен айналысқанын айтқан едік. Ол жұмыстан бос кездерінде кеңшардың спорт алаңына да жаттықты, кейде ауыл көркемөнерпаздары ара­сында болып, олардың дайындап жатқан спекталінде роль ойнап, ауыл мәдениетінің жарқырай көрінуіне айтарлықтай үлес қосты.
Тоқсаныншы жылдары кеңшарлар тараған аласа­пыран кезде жаңадан құрылған өндірістік кооператив мүшелері оны кәсіподақ комитетінің төрағалығына ұсынады. Қай кезде болмасын жаңалыққа жаны құмар Әріпбек жаңа қызметте де бел шеше жұмыс жасайды. Ауыл спортының дамуына да айтарлықтай үлес қосқан Әріпбек аға сол кездері Алматы дене тәрбиесі және физкультура институтын бітіріп келген жас бапкер Серік Әбдірахмановқа қамқор қолын созып, оған мектеп директорына айтып жүріп бір бөлме алып береді. Соның нәтижесінде Серік баулыған жігіттер еркін күрестен талай асулардан асты. Оның шәкірттері арасынан бір халықаралық спорт шебері мен алты спорт шеберінің шығуы Әріпбек ағаның жастарға жасаған еңбегінің өтеуі десек болар. Нәтижесінде Бірлікте еркін күрес мектебі қалыптасты. Өкінішке қарай, осы жігіттер аудандық не облыстық спорт саласы басшыларынан қолдау таппай, олар басқа жақтарға кетіп сол жақтың намысын қорғады. Ал Серік болса ертерек марқұм болып кетті.
Әрекең 1997-1998 жылдары жекешелене бастаған «Бірлік» шаруа қожалығында екі жылдай заңгер болып қызмет етеді. 2000 жылдан бастап «Ақүйік» ауылдық ардагер­лер кеңесінің төрағалығына сайланып, оны 22 жыл басқарыпты. Бұл кезеңдер Әріпбек ағаның өміріне белгілі деңгейде ізін қалдырған жылдар болды.
Оның осы жылдар аралығындағы ауыл халқының әлеуметтік-экономиалық өсуіне, тұрмыстарының жақ­саруы мен көркеюіне қосқан үлесі туралы еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Әметхан Әділханов былай дейді:
– Әріпбек аға қаншама жылдар бөлімшеде малшылар фельдшері болып еңбек етіп үнемі жол үстінде жүрсе де ауылдың қоғамдық өмірінен тыс қалған емес. Ол мен жұмыс істейтін №55 Сұлтанбек Қожанов атындағы орта мектепте 16 жыл бойы ата-аналар комитетін басқарды. Сол жылдары қиын балалардың ата-аналарымен жеке-жеке сөйлесіп, балалардың дұрыс жолға түсулеріне ықпал етті. Аудан басшыларының есеп беру жиында­рында ауылдың проблемалық мәселелерін көтеріп оның орындалуына атсалысты. Атап айтқанда, кезінде құрылысы басталып аяқталмай қалған мектепті бітірту жөнінде сол кездегі облыс әкімі Нұрғисаевтың жеке қабылдауына кіріп, облыстық бюджеттен 1.0 миллион қаржы аудартуға қол жеткізді. Бірақ мектепте спортзал болмайтын, соны салдыртуға атсалысты. Екі мыңыншы жылдардың басында денсаулық саласында да көптеген оңтайландыру жұмыстары жүрізіліп, ауылдағы 25 орындық аурухана жабылып қалған еді. Облыстық денсаулық департаментіне, министрлікке хат жазып, аудан басшыларының қолдауымен 10 орындық аурухананың қайта ашылуына барынша атсалысты.
Қай кезде болмасын қоғамға бір қозғаушы күш керек. Бұл тұрғыдан алғанда Әріпбектің бастамаларын қолдаушылар да аз болмаған көрінеді. Ол сол кездегі ауыл белсенділерімен бірлесіп, 1970 жылы шикі кірпіш­тен салынған ескі балабақшаның жарамсыздануына байланысты 90 орындық балабақша салдырту жөнінде аймақ басшылығына ел аманатын жеткізді. Сондай-ақ “Көлтоғандағы” тоспаны ауыстыртуға, “Ақбастаудың” тұсында Ақүйік өзеніне бөгет салдыруға атсалысыпты.
Оның халыққа жасаған қызметі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте аудан әкімінің «Алғыс хаттары­мен», 2019 жылы Республикалық «Руханият» қоғамы­ның грамотасымен, 2021 жылы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы»мерекелік медалімен марапатталды. 2023 жылы «Жаңақорған ауданының құрметті ардагері» атанды.
Әрекең тек түздің ғана емес өз отбасының да көшбасшысы, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің сүйікті атасы. Жары Гүлбазар Айтжанқызы да Қызылорда пединститутын математика мамандығы бойынша бітірген, зейнетке шыққанша ауылдағы мектепте ұстаздық етті.
Екеуінен 3 ұл, 3 қыз өмірге келді. Бәрі ержетіп өз алдарына шаңырақ көтерген. Бұл күні Әрекең 17 немере мен 2 шөберенің сүйікті атасы.
– Менің өмірлік ұстанымым біреу ғана. Дұрыс қартая білу де – үлкен өнер. Артымыздан ерген буын бізден көшелі сөз естігілері келеді. Сондықтан олардың бойына адамгершілік пен жасампаздықты егу – асыл парызымыз, – дейді кеудесі қазына қария.
“Ауылыңда қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең” дейді халық даналығы. Біз де халқына бергенінен берері мол, жаны да, ары да таза абыз қарияға, елге жасаған жақсы ісетеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, аман жүре беріңіз деген ізгі тілегімізді арнағымыз келеді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы
27 қараша 2025 ж. 376 0