Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Өнегелі өмір иесі


Халқымыздың қазынасына айналған бүгінгі қариялар – кешегі соғыс салған жараны бірге көтеріп, елдің еңсесін қайта тіктеген еңбек ерлері. Балалық шағы ойын-тойсыз, ауыр тұрмыстың қыспағында өткен олардың маңдайына бейнетті де, елге қызмет етуді де жазды. Әкесіз өскен, қамқор ағасыз ержеткен талай жас сол бір жылдары бар күшін ел игілігіне жұмсап, бүгінгі тоқшылыққа берік негіз қалап кетті. Сол буыннан көзі тірілердің алды тоқсанды алқымдап қалды. Өкінішке қарай, олардың қатары күн санап сиреп барады. Сол санаулы қазыналы қариялардың ішінде саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы мен мал дәрігерлігіне арнаған абзал жан – Махмуд Жиенбаев бар. Қазір сексен сегіз жасқа қадам басқан қарияның шаңырағына арнайы ат басын бұрып, өткен ғұмыры мен ерен еңбегі жайлы тағылымды әңгімесін тыңдап қайттық.


Махмуд атамыз 1938 жылы қазіргі Жайылма ауылында дүниеге келді. Балалық шағы соғыс жылдары мен одан кейінгі қиын кезеңге тап келді. Елдегі ер-азамат майданға аттанғанда, ауылдағы бар жұмыс балалар мен әйелдердің иығына түсті. «Балалық шағымыз бейнетпен өтті. Біріміз қой соңында жүрсек, біріміз қырман басында масақ тердік», – дейді кейіпкеріміз өткен күнді еске алып. 1946 жылы сегіз жасар бала мектеп табалдырығын аттады. Жайылма ауылындағы мектепте сауатын ашып, кейін оқуын Құттықожа ауылында жалғастырды. Жоғары сыныпты Төменарықтағы Романов атындағы мектепте оқиды.
Орта мектепті аяқтаған соң, Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығы бойынша диплом алды.
«Алғашқы жылдары қой қырқудан бастадым. Комбайн айдап, бидай ордым. Содан кейін әскери борышымды өтеуге Украинаға аттандым», – дейді Махмуд ата.
Әскерде үш жыл қызмет етіп, коммунистік партия қатарына өтіпті. Сол жылдары «оқуға түсуге мүмкіндік беріледі» деген тәртіп бойынша Қазақстанға оралып, Алматыға барып, жоғары білім алуға бел буады. Жерлестері Бектемір Үрманов, Қамбарбек Зәреров секілді азаматтармен бірге оқу іздеп барған жас жігіт 1962 жылы студент атанады.
Жоғары оқу орны жолдамасымен Қарағанды облысына жол тартады. Шет ауданындағы сүт өндіретін совхозға жіберілген ол бірден бас маман болып тағайындалады. Бұл – жас маманға артылған зор сенім еді.
1967–1969 жылдары аталған ауылда қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған соң, ағасы Алданның қазасына байланысты туған ауылына оралуға мәжбүр болды. Жаңақорғанға келген соң мал дәрігері қызметіне кіріседі.
Көп ұзамай совхоздағы барлық ұсақ малды біріктіріп, ірілендірілген «Ленин» атындағы фермаға басшылық ету жүктеледі. Жиырма мыңнан аса қой-ешкісі бар шаруашылықтың жұмысын ұршықтай үйіреді. Осы орында он жыл абыройлы еңбек етті.
1974 жылы басқарған фермасы облыста алдыңғы қатарлы шаруашылық атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе төл алу көрсеткіші жоғары болды: 285 аналықтан әр жүзінен 138 төл алу – сол дәуір үшін рекордтық нәтиже еді. Еңбегі еленіп, 1975 жылы Махмуд Жиенбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сол жылы өткен шопандар тойында «Москвич» автокөлігін алып, Алматыдағы республикалық жиында телевизордан сөз сөйлеу құрметіне ие болды.
1981 жылы оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Еңбегі сіңген мал дәрігері» атағы берілді. Бұл – тұтас бір ауылдың, елдің еңбегі мен жетістігінің жарқын айғағы болатын. Елдің дамуына үлес қосқан адал еңбектің символындай осы марапат – Махмуд атамыздың мерейін өсіріп, ауылдастарының мәртебесін асырғаны анық.
Мал дәрігерлігінен бөлек, ол қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласты. «Красная звезда» кеңшарының партия ұйымына хатшы болып сайланып, 1990 жылға дейін халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, елдің бірлігі мен берекесіне еңбек етті. Зейнет жасына дейін, яғни 1996 жылға дейін туған жерінен алыстамай, мал дәрігері қызметін атқарып, ауылдың еңсесін көтеруге атсалысты.
Қария бүгінде өткен күнін саралап отырып, былай дейді:
– Біздің кезімізде мал дәрігері – ең құрметті мамандықтың бірі болатын. Өйткені елдің негізгі күнкөрісі төрт түлік малға байланысты еді. Қазір маман көп, бірақ олардың мәртебе­сін көтеріп, еңбекке демеу болатын жағдай аздау. Мал шаруашылығын дамытпай елдің экономикасы да толыққанды дами алмайды, – деп ойын түйіндеді.
Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Шынында да, ауылдың, елдің болашағы – еңбек пен табандылыққа тікелей байланысты. Еңбектің қадірін, ауыл тіршілігінің мәнін жете түсінген жан ғана мерейге бөленеді.
Махмуд атамызды өнегелі әулеттің басшысы ретінде мақтан тұтарлық тұлға. Жары Перуза апамыз екеуі өмірдің бар қиындығын бірге көтеріп, 4 ұл, 2 қыз өсірді. Бүгінде сол ұл-қыздан өрбіген немере-шөберенің қызығына бөленіп отыр. «Ұрпақ – ата-ана еңбегінің жалғасы» дейді дана халқымыз. Расында, Махмуд атамыздың адал еңбегі мен асыл қасиеттері бүгінде ұрпағының бойынан жалғасын табуда.
Қарияның өзі айтқандай: «Елдің тарихы – еңбек адамдарының қолымен жазылады». Шын мәнінде, халықтың тыныс-тіршілігін, ауылдың шежіресін жазып отырған – осындай еңбек адамдары. Олар – тасада жүріп елдің игілігі үшін тер төккен, қоғамның берекесін арттырған нағыз абзал жандар.
Махмуд Жиенбаевтың ғұмырнамасы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Қиындыққа мойымай, адалдық пен табандылықтың жолын ұстанған қарияның өмірі – ауылдағы әрбір жасқа үлгі. Елдің еңсесін көтерген, ауылдың әлеуетін арттырған еңбек адамдарының тағылымы ешқашан ескірмек емес.

Әсел РЗАЕВА

11 қазан 2025 ж. 357 0