№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН НАБАТКҮЛ

НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН НАБАТКҮЛ


1968 жыл. Задарья совхозы (қазіргі Қыркеңсе ауылдық округі) құрылып, дала еңбеккерлері бригадаларға біріктірілді. Осылайша диқандар жұмысы ширай түсті. Әсіресе, күріштің әр гектарынан жоғары өнім алуға күш салды. Ерен еңбектің нәтижесінде гектарынан 60 центнерге дейін өнім алынды. Осындай тынымсыз тірліктің ортасында Набаткүл Абиева қалыптасып, шыңдалды. Ерлермен қатарласа жүріп, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен диқаншының жағдайын білмекке Жаңарық ауылына арнайы бардық.
Еңбек жолы соғыстан кейінгі қиын жылдары басталған буын ерте есейді. Замандастары секілді жастайынан еңбекке ерте араласқан Набат апамыз биыл жетпіс тоғыз жасқа келіпті. Зейнетке шықса да бейнеткеш жан қазір құрақ тігумен айналысады. Ауылдастарының өтінішін орындап, кейде тапсырыс та қабылдайды. Қонақ келсе құт көретін еңбек ардагері сәлемін беріп, төрін ұсынды. Аман-саулық сұрасып, өткен күндерін есіне алды.
– Совхоз құрылған уақытта үшінші бригаданың құрамында болдым. Әйтсе де қағаз жүзінде еңбек парақшасына тіркеліп, егіннің басында 15 жыл жүріппін. Оған дейін мекеменің тазалығымен де айналыстым. Табиғатымнан тазалыққа жақындығымнан болар, осы ісіммен көпке үлгі болғаным рас. Одан кейін аспазшы да болдым. Шүкір, еңбегім елеусіз қалмады, – деп сөз бастады ардагер апа.
Дала жұмысын былай қойғанда сол тазалық жөнінен облыста озық тұрған Набаткүл Абиева бірнеше рет құрметке бөленген. Көзге көрінбейтін жұмысын елеген облыстағы басшылық 1987-1988 жылдары демалыс орындарына да жолдама беріпті.
Техниканың аз уақытында егін даласында тер төккен жұмысшылар нағыз еңбектің майданында болғаны рас. Тіпті, каналдан келетін суды да қолымен қазып, дәнге нәр берді. Сондай қиыншылық бүйірден қысқан уақытта ұжымдастық қызметтің қауқары көрінді. Ол кездердегі Жер анаға төккен тердің ақысы еңбек өнімділігіне қарай берілетін болған. Нағыз еңбек көрігін қыздырып, жақсы көрсеткіштерге жетуге үлес қосқан қарапайым жұмысшылар емес пе. Таңның атысынан күннің батысына дейін атыз жағалап, қара саннан дейін су кешіп, бейнет шеккен ата-әжелердің қажыр-қайратына қайран қаласың! Бақытын «Ақмаржаннан» тапқан сондай даңқты дихандардың шынайы келбеті шаруаға деген адалдықтан көрінді.
– Шыны керек, күріш өсіру өте ауыр болды. Атыздағы су қамбаны жиі бұзатын. Диқаншы қауым болса иықтап қаппен топырақ таситын еді. Сол екі аралықта біз бір қырлап атыздың ішіне жатып, суды бөгейтін едік. Кейде жалаң аяқ су кешіп, күріштің қарекетімен кештің батқанын аңғармай қалатын едік. Былай айтқанда ызаны табанымыз көп басты. Күніне екі рет атызды арамшөптерден тазарттық. Таңалакеуімнен қас қарайғанша емшекте емізулі балам болса да егістікте жүріп, мол өнім жинауға тамшы терімді аямадым. Есесіне адал нанымызды тауып жедік. Дегенмен, қысы-жазғы салқын судың салдарынан болар қант диабетіне шалдығып, жетпістен асқанда бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға айналдым, – дейді алтын құрсақты ана.
Алтын құрсақты деп бекер айтпадық, себебі, он ұл-қызды өсіріп, өмірден өз орнын табуларына аналық парызын орындаған Набат апа қазір немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Құдай қосқан жары Тілеуберген Сейілбеков те еңбек даласында қажырлы қызмет қылды. Уақыт көшінде отағасы өмірден озғаннан кейін де отанасы зейнетке шыққанша қырман басынан табылды. Ер мінезділік танытып, қызметіне адал болды.
Иә, уақытпен санаспайтын нағыз еңбексүйгіш Набаткүл әжей әлі де көңілі далаға елеңдеп тұрады. Тіпті, қос аяғы аман болғанда осы уақытта тым болмағанда есік алды егісіне нәр бергісі келетінін жасырмады. Сағыныштан ба, әлде қуаныштан ба, бір сәттік үнсіз қалған еңбеккер ана өткенін көз алдынан жүгіртіп, көзіне жас алды. Бұл бір тамшы жастан әженің өткен күндерге деген сағынышын аңғаруға болатындай...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
16 маусым 2018 ж. 1 026 0