Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Ананың әлдиі – ұлттың аманаты

Ананың әлдиі – ұлттың аманаты


Ұлттық кодтың түп тамырын табу үшін біз ең алдымен ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізге, тұрмыс-тіршілігімізге, ата-бабамыздың мәдени мұрасына ден қоюымыз қажет. Сол құндылықтардың ішінде бүгінгі күнге жеткен ең қасиеттісінің бірі – бесік жыры.


Қазақ ұғымында бесік – ұрпақтың ұясы, шаңырақтың шырағы. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бекер айтылмаған. Ана құрсағына бала біткеннен бастап әртүрлі ырым-тыйым, жоралғылар жасалып, сәби дүниеге келгенде бар жақсы тілек бесікке байланған. Бесіктің пайдасы тек денсаулық пен тазалыққа ғана емес, ұрпақтың рухани қалыптасуына да әсер еткен. Ғалымдар бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, тәні таза болып өсетінін дәлелдеген. Ал бесік жыры – оның зердесін оятып, жүрегіне жылулық құятын әуен. «Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» деп басталатын жырлар ғасырлар бойы атадан балаға, анадан перзентке жалғасып келген тәрбиенің алтын арқауы. Әр ана бесік жыры арқылы сәбиіне амандық тілеп, оның болашағына сенімін, елдік мұратын ән-жырға қосқан.
Бесік жырының мазмұны – сәбидің аман-есен өсуіне, болашақта елге адал қызмет етіп, ар-намысты азамат болуына деген ананың жүрекжарды тілегі. Әжелеріміз батырлар жырын, халық ертегілерін әңгімелеп отырып, жас ұрпақтың бойына елді сүйетін, ата дәстүрін қастерлейтін қасиетті дарытқан.
Ұлы тұлғалардың өзі осыны терең түсінген. Батыр Бауыржан Момышұлының: «Бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» – деген сөздері осының айғағы.
Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде «бесік – ескіліктің қалдығы» деген ұғым қалыптасты. Бесік пен әлди айтуға «теріс ғұрып» деп қарау ұлттық құндылықтарды құлдыратып жіберді. Сол дәуірде өскен буынның көбі бесік жырын ұмытып, ата дәстүрден қол үзді. Ал бүгінгі таңда жаһандану дәуірінің ықпалына ерген жастар бесікті де, бесік жырын да музей жәдігері ретінде ғана қабылдай бастады.
Қазір көптеген аналар сәбиді гаджеттен қосылған жат әуенмен әлдилеп, ұлттық үннен ажырап барады. Ал мұндай музыка баланың бойына ұлттық рух емес, бөтен мәдениеттің белгісін сіңіреді. Нәтижесінде өз тамырынан айырылған ұрпақ өсіп, ұлттық болмыстан алшақтау қаупі төнеді.
Әрбір ана баласын әлдилегенде оның батыр, ел қорғаушы, ақылды да адал азамат болуына тілек айтады. Әрбір қыз балаға айтылған әлди – болашақта ар-намысты, ибалы ел анасы болуға жол сілтеген өсиет. Демек, бесік жыры – ұлттық идеологияның ең көне әрі ең ықпалды құралы. Бесік жыры тек ән ғана емес, ұлттық мінездің қалыптасуына ықпал ететін рухани бағдаршам. Ол – баланың бойына ізгілік пен мейірім, адалдық пен ар-ұятты сіңіретін құдіретті күш.
Қорытынды Қазақтың дана сөзінде: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейді. Бұл – ұрпақ тәрбиесінің кілті, елдіктің алтын арқауы. Ананың сүті мен әлдиі – баланың бойына имандылық пен адамгершілікті сіңіретін алғашқы мектеп. Егер біз бесік пен бесік жырынан қол үзсек, ұрпағымызды жат мәдениеттің жетегіне жібереміз. Сондықтан бүгінгі күні әрбір отбасы бесік жырын қайта жаңғыртып, ұрпағына ата-баба мұрасын жеткізуге ұмтылуы тиіс. Бесікті қасиеттеп, бесік жырын айту – тек салт-дәстүрді сақтау ғана емес, ұлттық болмысымызды қорғау, елдігімізді мәңгілік ету.
Бесіктің әлдиімен өскен бала ғана – елінің рухын көтерер, ұлтының намысын қорғар нағыз азамат болып қалыптасады.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
29 қараша 2025 ж. 1 081 0