Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дүниенің есігі – баланың бесігі

Дүниенің есігі – баланың бесігі

Ата-бабалардан қалған ұлтымыздың мирасы қазаққа жат емес. Қазақ ұғымында тал-бесік, жер-бесік деген ұғым бар.

   Дүние есігін енді ашқан немересі ата жолымен жүрсін деген ниетпен таңсәріден тұрып, көптен бері қолданусыз тұрған бесікті ескі заттар ішінен іздеп, әзер тапқан әже қуана көтеріп үйге келді. «Сыры кетсе де сыны кетпеген» көне жәдігерді майлап-сылап, қажетті жасау-жабдығын жұмсақтап салып орналастырып, немересін жатқызуға асық. Ұйқыда жатқан келінін ерте оятып, нәрестені алып келуді бұйырды. Алайда енесінің бастамасына қуана қоймаған келін: Кішкентай баланың өкпесін қысып тастамақсыз ба, өзіңізді қозғалтпай төсекке сағаттап танып қойса қалай болар еді? – деп қасарысты. Қарт ана бесіктің тазалығы мен баланы жастан төзімді етіп тәрбиелеуге қосатын үлесін айтып жеткізуге тырысты. Олардың тәжікесіне араласқан үй ішіндегілер әженің өмірлік тәжірибесін ескерместен баланы бесікке бөлеуге қарсы екендіктерін айтып, талай ұрпақ өрбіткен кейуананың сөзіне құлақ аспады. Немересін бесікке бөлеймін деген үміті жаншылған әже бос бесікті шаң басып қатталған ескі заттар арасына амалсыздан қайта апарып қойды. Міне атадан балаға мирас болған қасиетті бесіктің қазіргі көрінісі бұл. Бірді-екілі бесіктің қасиетін түсінген адам болмаса, көпшілік оның киелі мүлік екендігін ұмыта бастаған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана жоқтың қасы. Тіпті бесік зиян дейтіндер де баршылық. Осы кезеңде көп игілігімізді ескіліктің қалдығы дейтін болдық. Соның қатарында бесік қолданыстан шығып қалды. Қазіргі жастар, балаларын кенгурудың баласындай сумка, қалталарға салып алып жүретін болды. Шындығында бүгінде бесікті өз дәрежесінде бағалай алмай отырғанымыз белгілі бір отбасының ғана бас ауыртар мәселесі емес, ұлттың қасіреті десек болады. Өйткені бесік өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты емес пе? Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры да осында. Бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттың ұлағаты бесіктен басталған дүние танымымызды сақтап, бүгінге жетіп отырған бесік – ұлт руханиятының бастауы. «Бесіктегі бала бес түлейді» демекші, сәбидің тез өсіп жетілетін шағы осы бесікте жатқан кезі. Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүрмейді, аяқ-қолы қисық болады дегеннің бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме.

   Бесік керісінше, балаға әмбебап тазалық, – алаңсыз ұйқы сыйлайды. Өзінің құрғақ, ұядай жылы төсегінде жатып сәби бесік жырын тыңдап өседі. Ал бесікке баланы қазақ ешқашан да күндіз-түні матап байлап тастамаған. Ауық-ауық сәбиді бесіктен алып, дене қимылы жаттығуларын жасап өс-өс деп аяқ-қолын созып, жақсы жетілуіне жағдай туғызған. Демек бесіктің пайдасы ұшан-теңіз, қол аяғы ербеңдемей буулы жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болады. Дене тұрқы – мықты әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Тұла бойы тазалыққа үйренеді. Қазақта бесік көргенсің бе? деген сөзі бар. Бала дүниенің есігін бесігінен бастайды. Қорыта айтқанда, дүниенің есігі, баланың бесігі екенін ұмытпағанымыз абзал.

Қайбулла Рүстемов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
09 қаңтар 2019 ж. 1 753 0