Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Тау алыстаған сайын биіктейді

Тау алыстаған сайын биіктейді


Қаратаудың етегі – қойнауында жатқан қабырғалы елге ежелден атақоныс, кең өріс, қасиетті мекен. Әйтсе де ұйытқып соққан заманалар желі жаһанның жарығына ұмтылған қаншама құштар кеудені өксікке толтырып, өрісін тарылтты, өмірін келте қайырды. Сайын дала жұртының сағын сындырған сан түрлі зобалаңды бастан кешсе де наркескен талапты таяныш қып алғы күнге арманын жалғаған осынау топырақты мекен еткен Қоңыраттың Божбанынан тарайтын Еденбай ата ұрпақтарының шежіресінің өзі «асып туған ұл мен қыз ата-баба даңқын шығарадының» мысалын көз алдымызда тірілте түскендей. Еденбайдың жары Алтынкүл апамыз тобықтының қызы, Абайдың туысы боп келеді екен, бұл екеуінен тараған Орынбай, Қарынбай, Құрманай, Мизан, Бимен, Күләй, Айжамал атты ұл-қыздарының да тектінің көзіндей өзіндік болмысымен соңдарына өміршең із тастап кеткеніне көпшілік куә.


Еденбайұлы Орынбай елге билігін жүр­гізген болыс болған. Екінші ұлы Әбілқасым сұрмергендігімен аты шыққан, ашаршылық кезеңде мылтығын асынып тау-тас кезіп, аң аулап, ел-жұртын асыраған едігенің нақ өзі болса, тағы бір ұлы Жақып көкеміз де басын “Сауысқандық” тауынан алып ағып жатқан бұлақ түбін мекендеп аңшылықты кәсіп қылған. Бұлақ жағасы береке дарыған жасыл шалғын, тастаған түйір дәннен жасыл бақшалық жайқалып өніп, бал шырын жемісін берер аймақты алақанымен аялап ұстаған бабалар үрдісі бүгін де дәстүрінен жаңылған жоқ. Қазір өрме деп аталар бұл өңірді осы кісілердің немерелері көздің қарашығындай қорып отыр. Қос облыстың шекарасында жатқан құйқалы өңірдің ерек табиғатына өркениет талабына сай өрнек дарытып, туризмге ыңғайлау мәселесі де өзекті.
Ендігі әңгімеміз Еденбайұлы Бимен аға­мыз (суретте) туралы болмақ. Ол 1925 жылы Төмен­арық ауылында дүниеге келді. Тұрмыстың ауырлығына байланысты төртінші сыныптан ары қарай оқуды жалғастыра алмай анасының қасында колхоз жұмысына жегілуге тура келген. 1942 жылы он алты жасынан «Горняк» қосалқы шаруашылығында есепші болады. 1945 жылы әскерге алыныпты. Анасы Алтынкүлді де кесел айналдырып, үйде қалған алты жасар қарындасы Фатима мен анасы өліп, осы кісілердің қолына қарап қалған немере ағасы Қарынбайдың сегіз жасар ұлы Әбіләзімге далада еңбек етіп, талай қос уыс дәнді ұрлап қайтып, бригадир біліп қойғанында жазаланған кезі аз болмапты. Бір күні екеуі бас түйістіріп, көз жасын көл етіп отырып, осы жағдайларын айтып, әскердегі ағасына өлеңмен хат жазады. 1947 жылы әскерден босатылған жауынгер Бимен өзінің ауылға мерзімінен бұрын оралуына осы хаттың көмегі болғанын айтыпты.
Бимен Еденбайұлы елге оралған соң баяғы есепшілік қызметін қайта жалғап, 1951 жылы партия қатарына өтеді. Осы жылы Төменарық ауылдық кеңесінің хатшысы, 1954-1956 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы бола жүріп кешкі мектепті оқып бітірді. Кәсіби мамандануға ден қойып, екі жыл Талғардағы ауылшаруашылық техникумында білім алады. 1956-1958 жылдары Төменарық МТС-нің партбюро хатшысы болып қызмет атқарды. 1958-1962 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқиды. Осында оқып жұргенінде достар тауып, өмірінің соңғы күндеріне дейін қарым-қатынасын үзбегенін айтады перзенттері.
Ол 1963 жылы «Красная звезда» шаруа­шылығының партия комитетінің секретары, одан әрі «Сунақата», «Төменарық» шаруа­шылықтарында партия комитетінің секретары болып қызмет атқарды. Бұл уақыт туған жерінен депортацияланған кәрістердің жер­гілікті халықтың қайырымын көріп, жаңа жағдайға қалт-құлт қадам тіктеген кезі еді. Міне, осы кездері олардың басын бірікті­ріп, ұжымдық шаруашылыққа, артельдерге ұйыстыруда Бимен ағаның қамқорлығы көп болған екен. Мұны кәрістің балаларына дейін айқын сезініп, кейін де алғыстарын айтып жүріпті.
Ол 1971-1972 жылдары облыстық ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің сапасы және сатып алу жөніндегі мемлекеттік инспекциясының инспекторы болып жұмыс атқарды.
Бимен Еденбайұлының 1972-1979 жыл­дар аралығында Бесарық астық қабылдау кәсіпорнын басқарған жылдары елдімекен әлеуетін көтеруге ерен жұмыс атқарғанын ел ұмыта қойған жоқ. Ол кісінің алдына өзі басқаратын мекеменің еңбеккерлері ғана емес, ауылдағы кез келген адам еркін кіріп, қолдауын сезініп, алғысын жаудырып шығатын болған. Бұл кезде ауылда тұрғын халықтың басы біраз құралып қалған, осыған байланысты сегіз жылдық мектептің қажеттігін құзырлы органдар алдына қойып, жоғары кеңеске хат жазып, көп тер төккен. Ақыры ауылда сегізжылдық мектептің са­лынуына қол жеткізіпті.
1979 жылдан өмірінің соңына дейін Жаңақорған астық қабылдау мекемесінің бастығы қызметін атқарды. Нешеме рет мемлекеттік грамоталарды иеленді. Облыстық, аудандық партия комитетінің мүшесі, ауылдық, поселкелік Советтердің депутаты болып сайланды.
Көп жылдар ұстаздық еткен, бүгін де ел тынысынан өзін бір сәтте ерек санамай, үнемі ағалық ақыл, азаматтық үнін қосудан танбай келе жатқан ел ағасы Ахмет Рақымұлы Бимен ағамыз туралы былай дейді: «Бесарық астық қабылдау мекемесіне басшылыққа келген Бимен ағамыз өзінің іскерлігімен, жаңашылдығымен ауыл өміріне тың өзгерістер алып келді. Ол ең алдымен ауылды электр энергиясымен қамту мәселесіне бар күшін салды. Материалдық-техникалық жағдай мәз емес. Жарық мәселесі шешілген соң скважина қазып ауыл халқын ауызсумен қамтамасыз етті. Елдімекенде тұрғын үйлер еңсе тіктеп, мектеп қазығы қадалды. Осы мектепке Бименнің есімі берілсе де артықтық етпес еді» дейді.
Бимен Еденбайұлымен бірге қызметтес болғандар ол кісінің өте білімді, әділ болғанын айтады. Сол қасиеті оны елге, ағайынға сыйлы етті. Әйелі Әшіркүл де (суретте) аты әйгілі Мәмбет молданың қызы болған. Мәмбет ата туралы ұрпағы, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетовтың «Парыз» деген кітабында егжей-тегжейлі жазылған.
Жоғарыда әскерде жүрген ағасына қа­рындасы Фатиманың өлеңмен хат жазғанын айттық қой. Нағашы жұрты болып келетін Абай атадан дарыған қара сөзді қиыстырған ақындық қасиет болар, бүгінде сексеннің алтауына келген ұстаз-ананың әлі де қолынан қаламы түспепті.
Балалық кезеңі бір шаңырақтың астында қатар өткен ағайынды екі бауырдың ұрпақтары – Әбіләзім мен Фатима екеуі де мұғалім­дік мамандықты таңдап, бірі 1955 жылы, бірі 1957 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың физика-математика факультетінде оқуға түсіп білім алыпты. Оқуды бітірген соң Әбіләзім туған ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасып, одан әрі көп жылдар тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарса, Фатима апамыздың ұстаздық жолы өзі келін болып түскен Бірлік ауылындағы №55 мектепте арна тартыпты. Ол кісінің ері Шәріп Әлімсаев мектептің оқу ісі меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Бірлік мектебі сол кездері ауданда тірек мектебі саналыпты. Ауданнан барған өкілдер ауыл мектебінде математикадын сабақ берген Фатима Еденбайқызының сабағына енгенінде тоғыз тәсілді қатар қолданған ұстаздың әлеуетіне таң қалған екен. Біз мұны да дарын иесінің шығармашылық қабілетінің жемісі деп білеміз.
Фатима Еденбайқызы ұстаздық етумен қатар ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, халық пен билік арасында көпір болған депутаттық қызметті де қатар атқарыпты.
Фатима апай өмірден ерте озған әкелерінің бейнесін еміс-еміс еске алады. Ол өте тақуа кісі болған екен. Қашан қарасаңыз да оң тізесіне құран кітабын қойып оқып отырады екен. Ал екінші тізесінде шоқиып отыратын Фатимасының санасында қайран әкесінің көп сөздері ұмытылмастай қалып қойды. Әкесінің бір кездері айтқан «Бимен келеді, мен көрмеймін, Алтынкүл көреді. Өзім көрмесем де менің есімім ұрпақтарым арқылы елге таралады» деген сөзі бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Фатима анамыз ері екеуі Сейтқасым, Роза, Ләззат, Сәкен, Сәбит, Қайрат есімді алты перзент сүйді.
Еденбай атамыздың Бименнен туған тұңғыш немересі Серік кітапқұмар болып ержетіпті. Ол 1972 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтты бітіріп, еңбек жолын Төменарық шаруашылығында зоотехник болып бастаған Әкесі Бименнің өмір жолын айна-қатесіз қайталаған ұлы одан әрі облыстық комсо­мол ұйымында нұсқаушы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Талап совхозында директор, 1989-1992 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бірінші орынбасары, асылтұқымды мал дайындау мекемесінің директоры, 1992-2005 жылдар аралығында Төменрарық совхозының директоры болып қызмет атқарды. Одан әрі қарай өмірінің соңына дейін аудандық мәслихатта қызмет атқарған. Бірнеше мемлекеттік наградаларды иеленді. Бименнің екінші ұлы Бекарыс Қызылорда политехникумын, одан әрі Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, еңбек жолын туған ауылында аға есепші болып бастаған. Жаңақорған ауыл шаруашылық басқармасында аға тексеруші, облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінде аға бақылаушы-тексеруші, облыстық қаржы инспекциясында бас маман қызметтерін атқарған. Ақарыс инженер-құрылысшы, Жанарысы Семей мемлекеттік институтын бітірген. Ортасында беделді, қоғамшыл азамат 1996 жылы отыз алты жасында төтеннен келген сырқаттан көз жұмды. Соңында бес перзенті қалды. Кіші ұлы Мараты жеке кәсіпкер. Ал қыздары Ботакөз, Ділда, Аягөз ата-ана аманатына адалдықтарымен бауырлар ара­сын жалғаған алтын көпірге айналған.
Бименұлы Мұрат әке өнегесінің өміршең­дігі жөнінде өз басынан мынадай мысал келтіреді: «Әкеміз бізге адал еңбектің қадір-қасиеті жөнінде сөзімен де, ісімен де көп насихаттап кеткен тұлға. Төменарық ауылында ертеден орныққан орыс ұлтының өкілдерінен құралған «Горняк» кенші жұмыскерлері баласына арналған «Горняк» орыс мектебінде қазақ балалары да оқыдық. Заман саясаты солай болды, орыс тілін еркін меңгеріп шығуымыз үшін әкеміз барлығымызды орыс мектебінде оқытуға ден қойды. Мен де орыс мектебінде білім алдым. Орта мектептен соң әкем мені ертіп бая­ғы партшколда өзімен бірге оқыған Целиноград облысының бірінші хатшысы Морозовтың алдынан бір-ақ шықтық. Студент атандым. Бірақ, көрмейсіз бе, сексенінші жылдары мектеп бітірген ұрпақ, қиындықты онша сезінбей өскендігімізден бе, тым асаумыз, бұл қалада жүргім келмей, оқуды тастап кеттім. Әкем бұл қылығыма ренжіп, мені Шалқия­дағы жерасты шахтасының қара жұмысы­на салды. Маңдайдан сорғалаған ащы тер кеудемсоқ ұланның көкірегіндегі менмендік пен өзімбілермендіктің кірін айнадай жуып тазартқандай, айналаға басқаша көзқарас­пен аялай қарайтынымды аңғардым. Міне, қара еңбектің құдіреті. Осыны білсе, түйсінсе деген оймен еңбекке баулу арқылы жандүниемді тазартуды мақсат еткен әкемнің көрегендігі мені таңқалдырды. Қазірде біздің көбіміз бала тәрбиесінде осынау асыл құндылықты ақсатып, оның маңызын өмірде қолдануға көп мән бермейміз. Ал, шындығында адал нан тауып жеу, күнкөріс қамы мыңдардың осындай тамшылаған маңдай терімен, адал еңбегімен келеді емес пе? Осыны сезіндіріп кеткен әкеме шын қарыздармын» дейді.
Мұрат келер жылы Жеңіл және тамақ өнеркәсіп техникалық инженерлік институтының Алматы қала­сындағы фи­лиалына оқуға түскенін айтады. Бірақ, өзі студент атанған 1981 жылдың 14 қыркүйегінде әкесінің өмірден өткені жөнінде қаралы хабар келіп жетті.
«Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді халық даналығы. Өмірден өздері өткенімен соңында қалдырған жақсы іс, жарқын іздері уақыт өте келе одан сайын айқындалып, ел деп соққан жүрегінің шуағы келешекті сәулелендіріп тұратын жандар бар. Солардың қатарында биыл туғанына 100 жыл толатын Бимен Еденбайұлы туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
21 қараша 2025 ж. 1 015 0