№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Асылды тот баспайды

Асылды тот баспайды

  Азаттықтың арайлы таңында дүниеге келген бақытты ұрпақ ұмытылуға тиісті емес тарих тағылымынан ұлағат ала білсе, ұлт басына түскен сан ауыртпалықты барша ағайын жұмыла арқалап, алғы күнге аңсар арманын бірде-бір үзбестен, үмітін үкілеп келгенін жазбай таныр еді. Осынау қилы-қилы кезеңде өмір атты ғажайып жарық күннің жақсылығына жар болып, қуанышын еселеуде тәубесін таяныш етіп, өз отбасын ғана емес, айнала туыс-бауыр, әулет-жұрағатын жан шуағымен жылытып, бүкіл елге тілекші бола білген ана жүрегінің құдыретіне бас июге болар еді.

"Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса ас көп" деген айшықты сөз осыдан қалса керек. Осындай ел анасы деңгейінде қадір арттырып, қараорман жұртына қамқор бола білген қайсар жүректі жандар туралы бүгінде өздері болмаса да көздерінің ақтарар сыры аз емес. Бүгінгі әңгімегелі отырған кейіпкеріміз –Байдүйсенқызы Шамшияның шыққан жері, тәлім алған ортасы туралы жамағайындарының бірі, Жаңақорған кентінің тұрғыны, Батыр ана Палбибі Әбдіқадырқызы былай дейді:
– Қазіргі "Жаңарық" ауылдық округі кезінде "1 май" колхозы болып ұжымдасқанда Байдүйсен ағамыз соның бел ортасында жүрді. Өзі еті тірі, сөзі өтімді, елді соңынан ерткен жан болатын. Бірақ ол кезде осындай көкірегі ояу, көзі ашық азаматқа алдымен жау келетін сұрқай бір саясат болды ғой. Бұл ағамызды да үш әріп құрығына түсірді. Сондағы жазығы, ауылда бала оқытуға деп қазығын қадап жабыла құрылысқа кіріскен ағайынға: Мына салып жатқан құжырамыздың терезесін мешіт сынды құбыла жаққа қаратайық. Игі ниетімізге тәңір өзі жар болсын" деген бір ауыз сөзі ғана. Осы үшін он жылға кесіліп, айдалып кетті. Гурьевтің түрмесіне түскен екен. Қамауда жатып көз жұмып, сонда жерленді.
Елде үш баламен қалған жары Жыға белді бекем буып, қиындыққа қайыспады. Өзі жараулы еді. Жетім қалған үш баласын ғана емес, осы айналадағы қаншама қорғансыз қалған ағайынның жәудіркөзіне пана бола білді. Құдай береке дарытып қойды ма, қарасынан мал арылмаған, қазаны оттан түспеген жан еді.
Екі ұлын да оқытуға жанын салды. Жыға апамыздың оқытқан үлкен ұлы Балташ Байдүйсеновтың есімі республикаға белгілі, ветеринария саласы бойынша ғалым, ал екінші ұлы Еламан тау-кен инженері ретінде Алматыда қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан. Ал Шамшиясы...
Жаңақорғандағы Сапарбайдың жалғыз ұлы – Сықақтың маңдайына бақ болып жазылғандай бұл жұп тамырын тереңге жайған бейтерекке айналды, – дейді ана.
Біздің ұққанымыз, анасы Жыра сынды Шәмшия апа да жараулы, жақсылығы мол кісі болып, келген үйін құтханаға айналдырыпты.
Мұның астарында тағы да сол ақеділ пейіл, кімді болсын бөле-жармай жағдайын жасап, қолтығынан желеп-жебеуден жазбайтын жанашырлық, жақсы сөз, жазбас ықылас жатыр. Бастысы, таза ниет, алғаусыз көңілдің шапағаты. Ол бір мөлдір суат сынды. Одан аш та, тоқ та, бар да, жоқ та, асыл да, жасық та мейір қандырады, ғибрат алады. Міне, осындай тағдырлылардың қаншасы Шәмшия апаның қамқорлығын көріп, арқасын сүйеп, алғы армандарына тілек жалғап, мейіріміне бөленді, хан деп, қараша деп бөлмей, жалпыға бірдей жайылған берекелі дастарханының ырзығына кенелді.
Халықта "Асылды тот баспайды" деген нақыл бар. Шамшия анамыздың өмір жолына ой жіберсек, осы бір нақылдың шынайылығына көз жеткізуге болады.
Сөйтсек, кісі баласына қамқорлық жасау үшін қалайда құзырлы қызметтің құлағында отыру міндет емес, қысылып келгенге қолұшын созып, төрін ұсынып, дәмін аямаған қарапайым көңіл жылуымен-ақ қараша халықтың жарқын келешегіне дәнекер болып, есе-есе сауап арқалауға болады екен.
Ал енді Шамшия ананың жары Ысқақ Сапарбайұлы да соғыстан кейінгі ауыр жылдары халық қызметіне қажырын аямаған жан. Бозбала шағы соғыстың аяғына тұспа тұс келген жас 16 жасында теміржол бойында монтер болып істейді. Әскери борышын Волгоград жерінде өтеп, телефонист – байланысшы мамандығын меңгерген екен, елге келген соң жалғастырып, аудандық УП мекемесінде зейнеткерлікке шыққанға дейін бір орында абыройлы қызмет атқарды. Кеңестік кезеңде СССР байланыс торабына қарасты жергілікті жердегі бөлімді басқарған, сол кезеңдерде жас келін, бүгінде дербес дәрежелі зейнеткер қатарында Қатира Қасқабаева апамыз былай деп әңгімелейді: Ол кездері селекторлық мәжіліс те, облыс басшыларына ақпар беру де осы УП мекемесі арқылы жүрді. Іс-тетігін үйлестіруде бүкіл техникаға жауапты Ысыкеңнің басшымен бірдей жаны иненің ұшында отыратын. Ал пошта – байланыс қызметінде біз тікелей Мәскеуге, кейін Алматыға есеп беретінбіз. Сонда жұмыс сәтімен біткен соң "Бәрінен де сенің орысшаң мықты шықты. Молдекең шын тілегін екен" деп мені мақтап, марқайып қалатын, – деп ақжарқын аға мінезін де еске алды.
Қазірде бұл шаңырақтан тараған ұл-қыздардың барлығы да ата-ана жолымен халық қызметінің түрлі саласында абыройлы еңбек етуде. Үш ұлы – Исабай, Төребай, Мұсабай – заң және құқық саласында қызмет атқарса, Ерсінәлі мен Қожабай теміржол саласында қызмет атқарған, қыздары – Жаннат аудандық байланыс мекемесінде абыройлы еңбек етіп зейнетке шықты. Қарашаңырақтың шырағын маздатып отырған ұлы Төребай мен келіні Банудың жаңа заман талабына сай жеке кәсіпте жетістікке жетіп, туған жер әлеуетіне қосып келе жатқан үлестері үлкен.
Бүгінде өмірден озғандарына жиырма жыл толып отырған ата-ана алдындағы перзенттік борыштарын өтеуді тек елге жақсылық жасау деп түсінетін тұлғалар талайды жәрдем-көмектерімен демеп, ата-ана үлгісін лайықты жалғап келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
22 желтоқсан 2019 ж. 664 0