№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БИДАШЕВКЕ КӨШЕ БЕРІЛДІ

БИДАШЕВКЕ КӨШЕ БЕРІЛДІ


Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында мемлекеттік мүдде жолында қызмет еткен талай тұлғалар ұлықталуда. Сондай азаматтың бірі – Социолистік Еңбек Ері Орынбай Бидашев.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста, Орынбай Отан қорғау мақсатында аудандық әскери комиссариатқа бірнеше рет барып, өтініш білдіреді. Бірақ, сол кездегі Үкімет пен партияның нұсқауына байланысты, ол тылдағы ауылшаруашылық ісіне қалдырылады. Сөйтіп, небәрі 17 жасында Төменарық ауылындағы мал шаруашылығында қолына шопан таяғын ұстап, еңбек жолын бастады.
Қырқыншы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, ол мемлекетке 2685 дана қаракөл елтірісін бірінші сортпен тапсырған. Еңбек майданында өзіндік ізін қалдырған Орынбай Бидашев қарауындағы отардың әр 100 саулығынан 220-ға дейін төл алып (1975 жылы), 400 қозыны өсімге қалдырған. Ол 1940-1983 жылы Төменарық кеңшарында шопан болып, жоспарды абыроймен орындап отырады. Осы жылдары кеңшарға 103280 сом таза пайда келтіреді.
Одақтың кезіндегі тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысы бойынша, әр жүз аналықтан 170-тен аса қозы алып, мал басын жыл сайын аман сақтаған Бидашевтің омырауына «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылып, «Қазақ ССР-інің ауылшаруашылығына Еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Оған Социалистік Еңбек Ері атағын қосыңыз.
Еңбек ерінің есімін тарихта қалдырып, оның өнегелі еңбек жолын насихаттау мақсатында Жаңақорған кентіндегі Ипподром аумағындағы 12 көшесіне есімі берілді. Еңбек адамын ұлықтайтын шараға ауданның игі жақсылары жиналды. Шараның алғы сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтпембет:
– Жаңақорған ауданынан 13 Еңбек Ері шықса, солардың ішінде елдің, жердің тарихы жайында шежірелі сыр шертетін, көзі ашық, көкірегі ояу, елшіл істерге ұйытқы бола білген Орынбай Бидашевтің орны бөлек. Ол 1976 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 10 наурыз күнгі жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Содай-ақ, Кеңес дәуірі кезінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық көрменің 7 рет жеңімпазы атанды. Енді еңбек ерінің рухани өмірі басталып, оның өнегелі еңбек жолын насихаттау жалғасатын болады. Артында ата аманатына адал ұрпағы тұрғанда оның аты өшпейді, – деді.
Қазақ қашанда қойдың қасиетін қастерлеп, төрт түліктің бабын білген халық қой. Осындай даралық Орынбай Бидашевтің бойына қонса керек-ті. Бұл туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов айтты. Ардагер ұстаз Зинабдин Шермағамбетов еңбек адамының ел біле бермейтін азаматтық болмысын, қадір-қасиетерін тебірене жеткізді. Әсіресе, көпшіл, қауымшыл қасиетін сөз етті.
Халық арасында еңбексүйгіш қасиетімен құрметке ие болған Орынбай Бидашеевтің есіміне берілген көшенің салтанатты лентасын Өмірсерік Тақырбасов, Зинабдин Шермағамбетов және Нұрғазы Нұрмышев кесті. Мазмұнды шарада «Арман» мәдениет үйінің қызметкерлері мәдени-рухани кеш сыйлады.
Еңбек ерінің қызы, ғалым Шолпан Бидашеваның сөзінше, қазақ халқы тұлғаларға қай кезеңде де кенде болмаған. Дегенмен, көшеге атау бергенде ұлтты біріктіретін атауға тоқталған дұрыс. Осы ретте, Орынбай Бидашев атындағы көше жастарды отаншылдыққа үндеп, еңбексүйгіштік қасиетін шыңдауға септігі тиеді...
Мақпал МАРҚАБАЙ.
11 мамыр 2018 ж. 1 782 0