Халық аманатының жауапкершілігі үлкен
Қоғамдағы тұрақтылық пен үздіксіз даму атқарушы биліктің құзіретімен айқындалады. Ел тағдырына қатысты әрбір шешімнің артында халықтың үні, тұрғындардың талабы, өмірдің өзінен туындаған қажеттілік жатады. Осы орайда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп отырған өкілетті орган – мәслихаттар қызметіне тоқталсақ. Жылжабар сәтте аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекпен сұхбаттасып, мәслихат қызметінің мазмұны мен мәніне тереңірек үңілдік.– Ғалымжан Жарқынбек, алдымен мәслихаттың негізгі миссиясы туралы жан-жақты тарқатып айтып берсеңіз...
– Аудандық мәслихаттың ең басты миссиясы – халықтың мүддесін қорғау, жұртшылықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді жоғары орындарға ашық әрі нақты жеткізу. Мәслихат – тұрғындар мен атқарушы билік арасындағы сенімге құрылған алтын көпір. Осы көпірдің берік болуы – елдің тұрақты дамуына, қоғамдағы үйлесімге жол ашады. Бүгінгі таңда аудандық мәслихат жұмысы ел өмірімен біте қайнасып жатыр. Әрбір депутат белгілі бір округтің ғана емес, тұтас аудан халқының аманатын арқалап келеді. Бізге жүктелген міндет – заң аясында шешім қабылдау және оның түбегейлі жүзеге асуына жан-жақты мүдделілікте болу. Осы талаптан көрінсек дейміз.
Мәслихат мінберінде ауылдағы жолдың жайы, ауызсу тапшылығы, мектеп пен балабақшаның жағдайы, денсаулық сақтау сапасы, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың мәселесі таразыланып жатады. Біз үшін ең маңыздысы – халықтың сенімі. Сол сенімді ақтау үшін депутаттар өз округтерінде тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, жеке қабылдаулар жүргізеді, ел ішін аралап, мәселелерді көзбен көріп, көңіл жеткізуге тырысады. Себебі қағаз жүзіндегі есеп пен шынайы өмірдің арасында кейде үлкен алшақтық болуы мүмкін. Мәслихаттың міндеті – сол алшақтықты болдырмау.
Мәслихатта қабылданатын әрбір шешімнің өзегі – әлеуметтік әділдік пен қоғамдық келісімге негізделеді. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, инфрақұрылымның дамуы, ауыл мен қала арасындағы теңгерім, жастар мен аға буынның, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғау – бәрі де біздің күн тәртібімізден түскен емес. Қысқасы, аудандық мәслихаттың миссиясы – халықтың сөзін сөйлеп, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарау. Біз үшін әрбір қабылданған шешім – халық алдындағы есеп, әрбір көтерілген мәселе – елге деген адал қызметтің өлшемі.
– Депутаттық сауалдар туралы айтып өтсеңіз. Биыл қандай мәселелерге басым бағыт берілді?
– Депутаттық сауал – мәслихат қызметіндегі ең пәрменді әрі ең жауапты құралдардың бірі. Бұл – депутаттың халық алдында ғана емес, мемлекет алдында да өз міндетін орындауының нақты көрінісі. Өйткені әрбір депутаттық сауалдың артында бір отбасының мұңы, бір ауылдың мәселесі, кейде тұтас бір саланың түйткілі жатады. Ағымдағы жылы аудандық мәслихат тарапынан барлығы 50 депутаттық сауал жолданды. Бұл – депутаттардың елмен етене жұмыс істеп, тұрғындардың өтініш-тілегіне бейжай қарамай отырғанын көрсетеді. Оның ішінде 27 сауал, яғни 54 пайызы әлеуметтік мәселелерге арналды. Бұл – қоғам үшін ең сезімтал, ең маңызды салаларға басымдық берілгенін аңғартады.
Нақтылап айтсақ, денсаулық сақтау саласына қатысты 11 депутаттық сауал жолданды. Оның ішінде ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігі, дәрігер тапшылығы, медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, алғашқы медициналық көмектің сапасы секілді мәселелер көтерілді. Білім беру саласы да депутаттардың назарынан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта 7 депутаттық сауал жолданып, мектептердің материалдық-техникалық базасы, білім сапасын арттыру, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жағдайы секілді өзекті тақырыптар көтерілді. Коммуналдық инфрақұрылым мәселелері бойынша 14 депутаттық сауал жолдануы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін проблемалардың әлі де өзекті екенін көрсетеді. Әсіресе жол инфрақұрылымының жай-күйі мен ауызсу, аяқ су тапшылығы – халықты ең көп алаңдататын мәселелердің қатарында. Кейбір ауылдарда жолдың нашарлығы жедел жәрдемнің жетуіне, балалардың мектепке қатынауына кедергі келтіріп отыр.
Әрбір депутаттық сауал заң аясында тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынады. Мәслихат депутаттары жауаптардың формалды болмауын, нақты шешімдер қабылдануын талап етеді. Өйткені халық бізден уәде емес, нәтиже күтеді.
– Мәслихаттың жоспарлы сессияларында талқыланған мәселелерге тоқталсаңыз...
– Аудандық мәслихаттың сессиялары – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының айнасы. Мәслихат жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспарын алдын ала бекітіп алады. Жоспар жасалып болған соң ғана күн тәртібі айқындалады. Күн тәртібіне енгізілетін мәселелер кездейсоқ таңдалмайды. Олар депутаттардың ұсыныстары, халықтан түскен өтініштер, сондай-ақ аудан экономикасының маңызды бағыттарына сәйкес іріктеледі. Кез келген мәселе тек «қағаз жүзінде» қаралмайды: ол жан-жақты талданады, түрлі қырынан қаралады, және оның шешімі нақты нәтижеге ұмтылатын етіп дайындалады. Сессияда қаралатын мәселелер әрдайым халықтың күнделікті өміріне, ауданның дамуына тікелей әсер етеді. Оның ішінде, бюджет жобасын бекіту, әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа шараларын енгізу, мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, жолдардың, су және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйін бақылау сынды міндеттер сессияның тәртібіне енгізіледі.
– Мәслихаттың VIII шақырылымында қандай маңызды мәселелер қаралды?
– VIII шақырылымда қаралған мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қамтыды. Бұл шақырылымның ерекшелігі – тек есеп тыңдау емес, әр мәселенің нақты нәтижеге әкелетін шешімдерге бағытталғаны. Мәслихат депутаттары өз жұмысында халықтың күнделікті тұрмысына, әлеуметтік жағдайына, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымның дамуына ерекше назар аударды. Алғашқы маңызды бағыт – ауданның білім беру саласы. Мәслихат сессияларында мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің жай-күйі жан-жақты қаралды. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасының жағдайы, білім беру сапасын арттыру жолдары талқыланды. Әрбір шешімнің негізгі мақсаты – ауыл мен қаладағы барлық балаға сапалы білім беру, олардың болашағын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ Жаңақорған кенті мен ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалды. Әкімдердің баяндамасы аудан дамуының нақты көрсеткіші болып табылады. Мәслихат депутаттары есептерді тек тыңдап қоймай, ұсыныстар жасап, қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік алды. Бұл – халықтың мүддесін қорғаудың нақты көрінісі. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі. VIII шақырылымда осы салаға қатысты мәселе қаралды. Біріншісі – жер ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау, жайылымдарды басқару мәселесі. Бұл – мал шаруашылығының дамуына, ауылдық жерлердің экологиялық жағдайына, жердің болашағына тікелей әсер ететін маңызды тақырып. Екіншісі – ауданның агроөнеркәсіптік кешенін және ауылдық аумақтарды дамыту. Бұл мәселеде егіншілік, мал шаруашылығы, суармалы жерлерді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңдеу және экспорттық әлеуеті қарастырылды. Мәслихат депутаттары ауылдың тұрақты дамуы үшін нақты ұсыныстар әзірледі.
Сонымен қатар, әлеуметтік әлсіз топтарға қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сапасын жақсарту, қолжетімді орта қалыптастыру мәселелері сессияда жан-жақты талқыланды. Бұл – халыққа тікелей әсер ететін, қоғамдағы теңдік пен әділдікті қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің бастамасымен жарияланған «Таза Қазақстан» акциясы елдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың бірі болып отыр. 2024–2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасының іске асырылу барысы, қалдықтарды жинау мен өңдеудің сапасы, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мәслихат депутаттары бұл бағдарламаның орындалуына бақылау жасау арқылы тұрғындардың қауіпсіз және таза ортада өмір сүруін қамтамасыз етуге атсалысып отыр.
– Бұл бағытта ауданда қандай жұмыстар жүргізілу қажет деп есептейсіз?
– Ауданымызда елді мекендердің бірінші кезекте жинау мен тасымалдау инфрақұрылымын дамыту қажет. Екіншіден, жергілікті тұрғындар арасында экологиялық тазалық мәдениетін қалыптастыру. Үшіншіден, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін құру және дамыту қажет. Осы міндеттердің нақты жүзеге асуының тетіктері әзірленіп, нәтижелі қадамдар жасалды.
– Осы ретте халық қалаулыларының еңбегіне қандай баға берер едіңіз?
– Депутат – халық пен өкілді орган арасындағы сенім көпірі. Олар ел ішіне барып, жай-жағдайларына жете қанық болады. Әрбір азаматтың мұңын тыңдап, ұсыныстарын назарға алу – біздің басты міндетіміз. Ағымдағы жылы депутаттар 12 кездесу өткізсе, 35 жеке қабылдау ұйымдастырылды. Әрбір өтініш тиісті мекемелерге жолданып, орындалуы қатаң бақылауға алынады. Мәслихат депутаттары әрдайым елдің ортасында, халықпен бірге, олардың жанайқайына құлақ асады. Мәслихаттың беделі – оның халық алдындағы адалдығымен өлшенеді. Халық бізге дауыс берген кезде бізге үлкен сенім артады, сол сенімді ақтау міндет.
– Әңгімеңізге рақмет! Соңғы сөз ретінде оқырманға айтар тілегіңіз...
– Халықтың сенімі – біз үшін ең қымбат аманат. Мәслихат әрдайым ел мүддесіне қызмет етеді. Мәслихат жергілікті әкімдікпен тығыз бірлесе жұмыс істеуге ерекше мән береді. Бірлік пен ынтымақ бар жерде береке де болады. Біз осы қағиданы әрдайым нық ұстанамыз. Ел мен халыққа қызмет ету – әрбір депутаттың иығында тұрған салмақты міндет. Тұрғындардың сенімін жоғалтпай, әр мәселені халық үшін шешу жолында қызмет ететін боламыз.
Әсел РЗАЕВА




