№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мәслихаттың міндеті не, абыройы қандай?

Мәслихаттың міндеті не, абыройы қандай?

Соңғы кезде әлеуметтік желіде VІІ шақырылымдағы мәслихат депутаттары қайда, неге белсенді емес дегенді жиі естіп жүрміз. Шын мәнінде, депутаттар не істеуі тиіс? Олардың міндетіне не кіреді? Осы сұрақтар бізге де қызық...

Мәслихат – қоғамды басқару жүйесінің басты тетігі, тиiстi əкiмшiлiк бөлiнiстегi тұрғындардың еркiн бiлдiретін, халық сайлайтын, iске асырылуы тиіс шараларды нақтылайтын әрі бақылайтын жергілікті сайланбалы өкiлдi орган.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жергілікті мемлекеттік басқа­ру және өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіруді тапсырды. Бұл – заңнамалар аясында аймақтардағы маңызды мәселелерді дербес шешуде ықпал ететін және бақылаушы міндет атқаратын және әкімдердің бастамаларын қолдап-қуаттайтын мәслихаттардың рөлін күшейту керектігін меңзейді.
Әлеуметтік желіде талқыланып жатқандай, мәслихат әлеуметтік осал топтарға қайырым­дылық істейтін қоғамдық қор емес, аймақтың дамуында қажетті шешімдер қабылдайтын қоғамдық институт. Мәселен, жергілікті жердің бюджетін талқылайды. Өңірдегі экономикаға қатысты көптеген мәселелер қаралады және тиісті мағыналы шешімдер шығарады. Депутаттар арасында қайырымдылық акцияларына қатысып, сауапты іске кеңеліп жатады. Бұл – әр адамның жеке таңдауымен іске асатыны анық...
Қоғам белсендісі Әбіл Сейданов: «Мәсли­хаттың беделі мен абыройы депутаттардың белсенділігіне, міндетіне жауапкершілікпен қарап, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынас орната білуіне байланысты», – дегенді алға тартты.
Иә, депутаттар билік пен бұқараның арасындағы көпір. Елдік істер әкімнің бастамасына дем беріп, сапалы жүзеге асуына ықпал ете алады. Осы ретте, VІІ шақырылымдағы аудандық мәслихатқа хатшы болып сайланған Ғалымжан Сопбековты сөзге тарттық.
– Жалпы, жергілікті қоғамдастық, жергілікті өзін өзі басқару қызметі, жергілікті өкілді орган (мәслихат) және жергілікті атқарушы билік төрттігінің үйлесім тауып жұмыс істеуі аса маңызды. Егер олардың арасында үйлесімді жұмыс болмаса, ашықтық, тұрғындардың ой-пікірімен санасу жолға қойылмайды, түйткілдерді анықтау, оны оңтайлы шешу ісі тығырыққа тіреліп, өзекті мәселелер қордалана түседі. Сондықтан ашықтық пен жариялылықты негізге алып, халықпен ұдайы кездесіп тұруды және аудан әкімімен бірлесе шешілу жолын табу мақсатында жұмыс жасаймыз, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Тұңғыш рет мәслихат депутаттығына партиялық тізіммен «Nur Otan» партиясынан – 13, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан – 2 депутат өтті. Мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Әсем Тілеубергенова:
– «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының сайлауалды бағдараламасы нақты істерге бағытталған. Бесжылдықта партияның негізгі жеті бағыты – экономикалық тұрақты аудан, жайлы аудан, әлеуметтік бағдарланған аудан, жастарға арналған аудан, тарих пен мәдениетті дамыту, ашық есеп беретін жергілікті органдар және қауіпсіз аудан бойынша жұмыс істейміз. Яғни мектеп салу және оның сапасын бақылау, жол салу, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр жүйелерін жаңарту және т.б қамтылады. Бұл істе аудан әкімінің бастамаларын қолдап, инфрақұрылым мәселесін кезең-кезеңімен жетілдіріп, халықты толғандырып отырған мәселелерді шешуге мән беретін боламыз, – дейді.
Қазір депутаттар іске кірісіп кетті. Халық қалаулыларының алғашқы отырысы өтіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Бұл жөнінде мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбековтен сұрадық.
– Жақында сессияның бірінші отырысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолдау шаралары, перспективалы кәсіп түрлерін ашу және кеңейту, кәсіпті жаңадан ашқан азаматтарға бағыт-бағдар беру және т.б талқыланды. Айталық, бізде жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде, тоқыма, жүн өнеркәсібі кенжелеп қалған. Осы саланы дамытуға ықпал етуіміз қажет. Сондай-ақ екінші жартыжылдықтың бюджеті пысықталды, – деп жауап берді ол.
Хатшының сөзінше, халық қалаулылары халықпен айына бір рет кездесу ұйымдастыруды жолға қояды. Интернет ресурста аудандық мәслихаттың сайты ашылады. Бұл – мәслихат пен мәслихат депутаттарының істерін дер кезінде ақпараттандырып, ашықтық пен жариялылықты басшылыққа алуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

P.S.: Халықтың талап-тілегін орындайтын мәслихат депутаттары бесжылдықта белсенді қызмет етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына үлес қосатынына сенеміз. Өйткені, жаңарған құрам белсенді, білімді, білікті азаматтардан құралған.

Әсел РЗАЕВА
27 қаңтар 2021 ж. 580 0