Агроөнеркәсіп ғылымға негізделуі керек

Ел экономикасында ауылшаруашылығы айрықша маңызға ие. Сондықтан да Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру бағытында жеңілдіктер мен қолдауды арттыруды тапсырды. Бұл жөнінде өз ауданымызда қандай жұмыстар атқарылуда? Биылғы дала жұмыстары қалай қорытындыланды? Келер жылдың егісіне дайындық жұмысы қалай? Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевпен сұхбаттасқан едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Биылғы жыл – Сыр өңіріндегі шаруашылықтар үшін оңай жыл болған жоқ. Су тапшылығы орын алды. Күрделі жағдай өз-өзінен орнына келеді деп үміттену де негізсіз. Бұл жерде барлық күшті, мүмкіндікті, ынтаны, ықыласты қолда барды барынша ұқыпты, тиімді пайдалануға бағыттау керек деген қағиданы мықтап ұстануымыз қажет. Аудан әкімдігі жанынан арнайы құрылған жұмысшы тобымен шаруалардың иелігіндегі жерлерді аралап көріп, суару жүйелерін тәртіпке келтіріп, алдағы егіс науқанында шығынға жол бермеудің амалын қарастырудамыз.
– Шаруаларға мемлекет тарапынан қандай қамқорлықтар бар?
– Биылғы өңірдегі су тапшылығы мәселесі республикалық деңгейде көтеріліп, шешімін тапты. Алдағы кезеңде егіске берілетін суға субсидияға қол жеткізіп отырмыз. Жеңілдікті алуда шаруа қожалықтарының қажетті құжаттарды уақтылы әзірлеп, порталға дер кезінде орналасуына бөлім тарапынан бағыт-бағдар беріп, сүйемелдеп келдік. Ортақ талап тұрғысында істі жүйелі ұйымдастыруымыздың арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз.
Судың ақысын төлеу мәселесіне келсек, 360 млн теңге қордаланған қарыздың 355 млн теңгесі төленді, яғни, 97,5 пайызы орындалып, облыста екінші орында тұрмыз.
Ел ырзығын арттыруда кәсібін алға жылжытып, жетістіктерді иеленіп келе жатқан еңбеккер қауымын істі ұйымдастырудың жаңаша тетігіне баулып, сандық технологияға бейімдеуде жетекші мамандардың қолдауын айтпай кетуге болмас. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің тәжірибелі мамандары Бақыт Жексенбаев, Мұхитдин Салыбаев, Жасұлан Тұраповтың, сондай-ақ техника көліктеріне қызмет көрсету, жүргізуші куәлігін беру, техникалық қадағалау, лизингке құжат рәсімдеу жұмысына жауапты маман Бақтияр Мұхамеджановтардың еңбегін бөле-жара айтқым келеді.
Су тапшылығын болдырмауда әртараптандыру бағытына көшуді жоспарлап отырмыз. Ауданда 7300 гектар күріш көлемін 500 гектарға азайту межеленіп отыр. Оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары қарастырылмақ. Жаңаша технологияның бұл түрінің лазерлік өңдеуден өткен жерлерге тиімділігі үлкен. Сондықтан мемлекеттен берілетін субсидияны да лазерлік тегістелген жер көлеміне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Мұның өзі шаруаны осы бағытқа ынталандырады. Біздің ауданда 28283 га жер инженерлік жүйеден өткен. 8 танаптық ротацияға белгіленген агрожерлеріміз бар. Сол жерлерге тұрақты күріш еккен көлемге сәйкес лазерлік тегістеуден өткізіп тұруымыз керек. Лазерлік тегістеудің артықшылығы – суды үнемдейді. Мәселен, 100 литр су ішетін алқап 15 литр сумен шектеледі. Бізде 2024 жылы 1,5 га жер лазерлік тегістеуден өтті. Биыл 4 мың гектар аумақты өткіздік. 2026 жылы тағы да осы жұмысты жалғастырып, жалпы межеде тұрған 7 мың 300 гектарды бітіреміз деп отырмыз. Біздің өңірде топырақ қыртысының тығыздығы бостау, су тез сіңіп кететіндіктен, суды көбірек қажетсінеді. Күннің қызуы көбірек түседі. Сондықтан көрші аудандардан күріш егуді де ерте бастаймыз. Мәселен, оларда мамырдың 5-не егіліп, қыркүйектің жартысынан басталып орыла бастаса, бізде науқан сәуірдің 25-не басталып кетеді. Қыркүйектің басынан ораққа кірісіп кетеміз.
Биылғы жылы аудан шаруашылықтарына 1130 тонна дизель отыны берілді. Соның 920 тоннасын, яғни 90,5 пайызын игердік.
– Дала жұмыстарына қанша қаржы бөлінді? Лизинг бойынша қанша дана техника алынды?
– Дала жұмыстарына «Қамқоршы несие серіктестігі арқылы жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ынталы шаруа қожалықтарына несие беруде іркіліс жоқ. Былтыр «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 14 шаруашылық құрылымдары 225 млн теңге алды. «Қамқоршы» несие сеткіктестігі арқылы 13 шаруашалық 196 млн теңге алған. Бұл жұмыстар 2026 жылдары жалғасын табатын болады. «Кең дала» бағдарламасына тағы да өзгеріс ендіріліп, бір жыл мерзім 1,5 жылға ұзартылды. Шаруашылықтар несие алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен анықтама беріп, реестр жасап отырамыз. Осы ретте келер жылға тапсырыс беру жұмыстары басталды.
Лезингке 14 трактор, 1 комбайн, 2 лазерлі жер тегістегіш, 3 дана пішен дестелеуіш алынды.
Қазірде он бір айдың көрсеткіші бойынша біз агроөнеркәсіптік өнім өндіруді 102,4 пайызға орындадық.
– Егістікке отандық ғылым сорттарын енгізу бойынша жаңалықтарыңыз бар ма?
– Ы. Жақаев атындағы күріш институты 90 күнде пісетін күріштің жаңа сортын ұсынып, оны еккен болатынбыз. Соның нәтижесінде 120 күн 90 күнге қысқарады. Әзірге Өзгент, Аққорған, Келінтөбеде жекелеген шаруашылықтар еккен болатын, «Сыр сұлуының» сапасы жөнінен «Лидерден» кем еместігі дәлелденді. Енді алдағы уақытта тамшылатып суару арқылы егуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта Түркістан облысы Шәуілдір ауданында болып, іс-тәжірибелерін көріп қайттық. Бір қателік орын алды ма, өнімділік оларда 5-10 центнерден ғана айналып, тамшылатып суаруға толық тәуекелдік қалыптасып отырған жоқ. Біз бұл тәжірибені өзіміздің өңірде зерттеп көруіміз керек. Белгісі, біздің жеріміздің топырағы бос, су сіңіп кетеді, тамшылатып суаруды әзірге 3-4 гектар аумақта күріштікте сынап көреміз. «Қара суда» жатып өнетін күрішті дәстүрлі технологиядан жаңа әдіске көшіруде көрсеткіш қалай болады? Ол алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа, – дейді ауылшаруашылығы маманы.
Суды ұтымды пайдалануда әртараптандыруға қатты ден қоюдың соңы инженерлік жүйедегі жерімізден айрылуға соқтыратынын да жасырмады. Өйткені күріш егілмеген жердің тұзданып кететіні тағы бар екен. Десе де ауданда суды тиімді пайдалануда жан-жақты жұмыстар жоқ емес. Қазір егістік скважиналар арқылы суаруға ден қойылуда. Мәселен, Ақүйікте бақшалық осындай тәсілмен егіліп жатыр. Жайылманың төменгі жағындағы егіндік шахта құдықтары арқылы суарылуда. Мұның бәрі су тапшылығының алдын алу үшін жасалып жатыр. «Жиделі» «Бесарықта» су скважиналары бар. Су болмаған жағдайда скважина қазу арқылы бақша егу жұмыстарын ұйымдастыруға болады.
– Ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Цифрландырудың нәтижесінде шаруалар қағазбастылықтан арылды. Тапсырыстарын да электронды түрде бере алады. Әрине, жаңа тәсілге бейімдеуде оларды оқытып, үйретіп, сүйемелдеп келеміз.
Лазерлік цифрлық технологияның арқасында техниканың ішіне орналастырылған компьютерлік жүйе арқылы басқарып отыруға қол жетті. Ауданда 8 шаруашылық құрылым осындай жаңа технологиямен жұмыс істеп отыр. Алдағы уақытта лазерлік тегістеуден өткен жерлерді субсидиялау мәселесі қаралып жатыр. Бұл бойынша аудан әкімінің орынбасарымен бірге бүкіл егістікті аралап, шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жасадық.
– Ел ырыздығын арттыруда агрозонаның да пайдасы үлкен. Бұл турасында не айтасыз?
– Жаңақорған кентінде және алты-жеті елді мекенде агроаймаққа қоршалған аумақта нақты жұмыстар бар. Қандөзде, Қаратөбеде, Төменарықта, Көктөбеде, Байкенжеде ауыл халқы азық-түлік дақылдарын өздері егіп ала алады. Кейдендегі агроаймақты іргесіндегі күкірт қышқылы зауыты кәсіпорны демеушілікке алған. Осылайша отбасылық егісті 400 гектарға жеткіздік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Баян ҮСЕЙІНОВА




