Жанашыр бағбан мәуелі баққа жан бітіреді

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Түгіскен массивін инженерлік жүйеге келтіру мәселесі шешіліп, қатарында бірнеше шаруашылық ірге көтерді. Соның бірі – қазіргі Қаратөбе ауылы. Осында соңғы онжылдықта қанат жайған Амантай ағаның кәсіпкерлігі. Біз осы аймақтағы кең алқапты жайқалған жасыл мекенге айналғандырған кәсіпкер ағаны әңгімеге тарттық. Сайын далаға жан бітіріп, дархан топыраққа нәр беріп, жыл он екі ай бау-бақшада жүріп, маңдай терінен береке тапқан, «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС жетекшісі, тәжірибелі бағбанның айтары көп.
Жер-ананың қадірін жете түсінген жан ғана топыраққа жан бітіре алады. Амантай ағаның жылыжай шаруашылығынан жыл он екі ай өнім алынады. Тек жаз мезгілінде екі айда тірлік сәл саябырсиды екен. Ең бастысы – химиялық тыңайтқышсыз, тек табиғи мал қиы мен құс көңі пайдаланылуда. «Жерге ізет көрсетсең, ол саған мейірін төгеді» дейді бағбан. Ризығы мол жер-ананың еңкейіп еңбек еткенді, себелеп тұқым сепкенді құралақан қалдырмайтынын түсініп, жылыжай мен тұқымбақтың тұғырын тіктеген Амантай ағамыз бірнеше жылдан бері жеке шаруашылығының шырайын кіргізіп, жеміс-жидек көшеттері питомнигіне егелік етіп келеді.
Біздің мұнда келуімізден сәл бұрын Амантай ағаның шаруашылығын көріп қайту үшін Алматыдан арнайы ғалымдар келіпті. Олар – ұзақ жылын ғылымға арнаған, жоғары білімді, ғылыми атағы бар, тәжірибелі мамандар. Бірақ қағаздағы құрғақ қиялдан гөрі маңдайдан төгілген тер, шынайы еңбектің нәтижесі бөлек. Ауылдағы қарапайым ғана тірлік кешіп жүрген еңбек адамының бар арманы – бала жастан көзін тапқан бағбандықтың қыр-сырын елмен бөлісу. Амантай ағаның «ғылымы» топырақтың тамырында, көшеттің жапырағында, жылыжайдың тынысында тиянақ тапқандай. Сол себепті де төл кәсібі жүрекке жақын, жанға жылы. Ғылыми атақсыз-ақ, халыққа пайдасын тигізіп жүрген осындай жандардың ісі – ғалым ашқан жаңалықтың өзінен артық болатыны содан.
– «Аралдың табанына сексеуіл отырғыздық» деп, жетістік санап мәз боламыз. Өзбек ағайындар қуаң, тұзды топырақтан тіршілік көзін тауып, жеміс беретін бақ өсіріп отыр. Бұл жерде мәселе табиғаттың қаталдығында немесе жердің жарамсыздығында емес. Мәселе – ниетте, көзқараста. Біреу сол жерден «болмайды» деп сырт айналса, екінші біреу «неге болмасын?» деп іске кіріседі. Құрғаған теңіз табанын да өмірге қайта әкелуге болады, егер соған шын ықыласпен, жүйелі еңбектенсек, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
«Біз көбіне барға қанағат қылып, азға тәубе етеміз де, одан арғысына ұмтылмаймыз. Ал өзгелер мүмкіндікті іздейді, тәуекелге барады, тәжірибе жасайды. Сол арқылы жерді де, елді де көркейтеді». Амантай ағаның қынжылысы – біреуді кінәлау емес, ойландыру. Табиғат бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Тек соны көре білу, бағалай білу және ең бастысы – әрекет ету жетіспейді. Егер құрғаған теңіз табанында бақ жайқалса, бұл тек қияпат еңбектің жемісі.
Амантай ағаның айтуынша, ең қиыны – табиғаттың қаталдығы да, қаржының тапшылығы да емес. Ең қауіптісі – мән бермеушілік. Жаңашыл ойға селқос қарау, еңбекті бағаламау, бастамаға қолдау білдірмеу – үлкен жобалардың жолын бөгейтін басты кедергі осы.
Амантай аға Қорқыт ата атындағы университетпен және «Болашақ» университетімен байланыс орнатып, ғылыми кеңестер алып, күрделі жобаларын өз еңбегімен жүзеге асыруға тырысып келеді. Ол институттың ғылыми-зерттеу шаруашылығынан лимонның, апельсиннің, банан өсімдігінің сабағын әкеліпті. Ол жеміс ағашын сабағынан өсіріп, жетілдіріп, екі-үш жылда саудаға шығаруды жоспарлап қойыпты. Бұл жемісті бір ексеңіз, он бес жылға дейін өзі өсіп-өне береді. Сосын бір ғана түптен тонналап өнім алуға болатынын айтып қызықтырып қойды. Сан емес, сапа деген осы болу керек. Ол үшін басты тірек – сырттан келетін көмек емес, өз ісіне деген сенім.
Амантай ағаның шаруашылығының жүрегі – жылыжай. Көпшілік қыстың қақаған аязында немесе көктемнің құбылмалы күндерінде өнім алу мүмкін емес деп ойлаған кезде, ол тәуекелге барып, еңбектің нәтижесіне сенді. Бүгінде сол сенім ақталып, жылыжайдан алынған қияр өнімі табыс көзіне айналып отыр. Жылыжайдағы еңбек жеңіл емес. Температураны бақылау, топырақты құнарландыру, суару жүйесін реттеу, өсімдіктің әр сабағына дейін қадағалау – мұның бәрі тиянақтылық пен жауапкершілікті талап етеді. Амантай аға үшін бұл – жай кәсіп емес, жанымен берілген іс. Ол қиярдың әр түбін дер кезінде күтіп-баптаудың арқасында мол өнімге қол жеткізуде. Ең бастысы – жылыжай өнімінің сұранысы жоғары. Ерте піскен, экологиялық таза қияр ауыл ішіндегі саудада да, көрші елді мекендерде де сұранысқа ие. Міне, сондықтан маусым сайын шығынды ақтап қана қоймай, таза пайдаға шығып отыр. Бұл – ауыл жағдайында да тұрақты табыс табуға болатынына нақты дәлел.
Бүгінде азық-түлік бағасының қымбаттауы көпшілікті алаңдатып отыр. Нарықта қиярдың келісі 800–900 теңгеден саудаланып жатса, жылыжайдан 300 теңгеге алуға болады.
– Өнімді көбіне Түркістан өңірінен келетін кәсіпкерлер қорабымен алып кетеді. Одан соң бағасына үстеме қосып, нарыққа шығарады. Өз ауданымызда да қаншама өндіріс орындары, демалыс ұжымы, асханалар бар. Өнімге сұраныс жоқ емес. Бірақ олардың бәрі тендер арқылы жұмыс істейді. Шағын кәсіпкерлердің осындай жүйеден шетқақпай қалып қоятыны қиын. Негізінде нарықта ет те, көкөніс те қатты қымбаттап кеткен жоқ. Бағаны көтеріп отырған – ортадағы алыпсатарлар, – дейді ол нық сеніммен.
Бұл жағдай тек қиярға ғана емес, мал шаруашылығына да тән екенін білдік. Амантай аға ірі қара мал өсірумен де айналысады. Мал етін базарға апарғанда алдымен делдалдың қолына түсіп, шаруа еңбегі сол арада-ақ арзандап шыға келеді.
Егер аудан тарапынан нақты сұраныс болса, қазірдің өзінде жеткізіп беруге дайын екенін айтады. Аудан түгілі, облысты қамтамасыз етуге шамам жетеді, – дейді ол.
Бұл сөз – жай уәде емес, нақты мүмкіндіктің көрінісі. Тек ұсақ шаруалар мен тұтынушының арасын жалғайтын жүйе болса, ауылдағы өнім де арзан, халыққа қолжетімді болар еді. Бұл бір ғана шаруаның емес, кәсібін аяққа нық қойған шаруалардың мәселесі.
Амантай ағаның тәжірибесі өзгелерге де ой салары анық. Жылыжай кәсібі – көп жерді қажет етпейді, бірақ ыждағатты еңбекті талап етеді. Соның арқасында бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың берекесін арттыруға болады. Қияр өсіру арқылы ол тек өз күнін көріп отырған жоқ, ауыл шаруашылығына деген көзқарасты өзгертіп, еңбекпен табыс табудың жаңа үлгісін көрсетіп отыр.
Бүгінде Амантай Сарбасовтың жылыжайы – табандылықтың, ізденістің және еңбекке деген адалдықтың айқын көрінісі. Бұл кәсіп оның өміріне береке әкеліп қана қоймай, ауылдағы талай адамға үміт пен сенім ұялатып отыр. Қыстың қытымыр аязында есігін ашып, ішке енген сәтте-ақ басқа әлемге тап болғандай боласың.
Сыртта үскірік жел мен ақ қар жатса, мұнда жап-жасыл жапырақ, жайқалған көшет, тіршілікке толы тыныс бар.
«Жылыжайдың ішіне енгенде, бар шаршағанымды ұмытамын», – дейді аға. Шынында да, мұнда еңбек – ауыр бейнетке емес, рухани демалысқа айналған. Әр көшетке баладай қарап, әр жапырақтан үміт күту – нағыз диқанға тән қасиет.
Амантай ағаның тәжірибесі бір ауылға ғана емес, тұтас аймаққа үлгі боларлық. Егер осындай жылыжайлар көбейсе, оңтүстіктің климатына бейімделген жаңа дақылдар өссе, ауыл экономикасы да, халықтың тұрмысы да еңсесін тіктемек.
Иә, тәжірбиелі маман Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан табиғаттың таңғажайып сыйы - жылы суды пайдаланып, 70 сотық жерге жылыжай орналастырып, бірнеше жылдан бері табанды еңбек етіп, халыққа еңбегінің жемісін көрсетіп отыр. Көкөніс өсіру барысында түрлі тәжірибені қолданып көрген біздің кейіпкеріміздің өнімдеріне сұраныс көп. Бағбанның айтуынша, өзі еккен бақшаға химиялық тыңайтқыш қоспайтын көрінеді. Сапасы сенімге селкеу түсіретін химиялық қоспалардан табиғи тыңайтқышты артық санайды.
– Баптай білсең жер деген шіркін жомарт қой. Мол өнім алу үшін аянбай тер төгу керек. Отбасылық кәсіп болғаннан кейін үйдегі барлық отбасы мүшелері толықтай осы кешенде тер төгіп келеміз. Былтыр көшеттер мен жеміс сақтайтын қойма салуды ойға алдық. Осы шаруаны жобаламақ болып көршілес Түркістан облысындағы тұқымбақ тәжірибесімен таныстық. Олар көшеттің көбін Польша, Италия, Түркия мемлекеттерінен алады екен. Екі мың тонналық қоймасы бар екен. Тұқымбақтағы ағаш та, жеміс те көздің жауын алады. Бірақ бақты бір маусымда 16 мәрте улайтыны көңіліме қонбады. Алма сақтайтын жер де осындай өңдеуден өтеді екен. Түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Менің мақсатым – елге таза табиғи тыңайтқышпен өңген жемісті ұсыну. Бақ өсіру оңай кәсіп емес. Бейнеттенбесең еңбегіңнің өтеуі қайтпайды. Шаруа қожалығы мүшелері таңның атысы, күннің батысы тынымсыз тірлік жасаймыз. Ширек ғасырдан бері осы кәсіптің нанын жеп, несібемізге бұйырған табысты тауып жүрген жайымыз бар, – дейді ол.
Бағбан одан әрі ағаш егудің қыр-сырына тоқталды.
– Шабдалы ағашы 7-8 жылда қурап, жеміс бермейді,– дейді ол. Осы ағашты жабайы миндальмен будандастырып, өмірін 35-40 жылға ұзартуға болады. Айва, алмұрт, алманы бір-бірімен будандастырдым. Өрікті жабайы өрікке, алшаға өрікті будандастырдым. 4-10 метрге дейін ылғалсыз құрғақ жерге миндаль мен алша ағашы төзімді келеді. Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Бұл жөнсіз айтылған. Қызылорда облысының қай ауданында да бау-бақша өсіруге толық мүмкіндік бар. Әрине, олардың әрбіріне күтім жасалуы тиіс. Сол арқылы облысты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз етуге болады, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінше, тұқымбақ ұстау – өте тиянақты тірлікті талап ететін жұмыс. Мысалы, қазір жеміс ағашын дәннен шығаратындар аз. Негізі осы әдіспен өскен ағаш ұзақ жыл жеміс береді. Ал көшеттеп егілген талдың ғұмыры 18-20 жылдан аспайды. Оның үстіне сырттан келіп жатқан көшеттің көбі ауру. Сондықтан да бағбан жеміс ағаштарын қаламша арқылы будандастырып жатқанын тілге тиек етті.
– Біздің өңірге түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Біздің бар мақсатымыз – жұртқа таза өнім жегізу болу керек. Сондықтан да мен осы жердің өзін малдың қиы, тауықтың көңі арқылы өңдеймін. Базарда сатылатын көшеттің көбі – өзбектердікі. Олар желтоқсан айында кіргізіп қояды. Бір көшетті өсіріп, жетілдіріп, сатуға шығару үшін үш жыл керек. Шет елден келген көшеттің көшін тоқтатып, өзіміздікін нарыққа қосу үшін халыққа сапалы өнімнің сырын түсіндіруіміз қажет. Ел сатылымда тұрған нәрсені таңдамай ала береді. Не алу керек екенін де білмейді. Жеміс түрін де таңдай алмайды. Көшеттің тірі екенін білу үшін оның тамырын тырнақпен жырып көрген жөн. Тамыр қарайыңқырап, қоңырқай түс тартып тұрса ол – өлген. Ал ақшыл түсті болса, оны өсіріп шығаруға болады. Бізге көшеттің көптігі емес, көктегені керек, – дейді бағбан.
Одан бөлек, бағбан тұрғындарға көшет өсіру мәдениетін үйреткісі келеді. Ең бастысы, ол басқаларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Тіпті, біз барған сәтте де баққа жер-жерден келіп үйреніп жүрген жандарды көріп таңырқадық.
Амантай ағаның айтуынша, Түркістан қаласы көшеттің ең көп сатылатын жері, онда көшеттер Өзбекстаннан, Сарығаштан әкелінеді. Бағбан әсіресе алма ағашына ерекше күтім керектігін айтты. Ағашты кесіп тұрған жөн. Ал кесілмеген алма жабайы түрде шығып кетеді. Қаралып, күтілген, кесілген ағаштан ірі, сапалы өнім алуға болады, – дейді.
Бүгінде сырттан тасымалданып жатқан шырын сусындарын сол цехта шығару ойда барын жеткізді. Жылыжай кешенінің жұмысын жүйелі жүргізіп, шебер бағбаны бола білген Амантай ағамыз отбасының да алақаны аялы, жүрегі ізгілікке толы мейірімді «бағбаны». Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық бар. Асыл дінімізде де көшеттер мен жеміс ағаштарын егу – сауапты амал екені айтылады. Біздің кейіпкеріміздің егін егудегі басты ұстанымы да – осы.
Байыптап қарасақ, қияр жылыжайы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, іші тұнып тұрған тіршілік. Мұнда әр күн есеппен, әр қадам жауапкершілікпен жасалады. Таңертең жылыжайдың есігі ашылған сәттен-ақ еңбек басталады: температура тексеріледі, суару жүйесі реттеледі, қиярдың әр сабағын көзбен шолып, қолмен күтіледі. Өсімдікке дер кезінде күтім жасалмаса, өнім де болмайтынын Амантай аға жақсы біледі.
Жылыжайдың басты артықшылығы – маусымға тәуелсіздік. Далада суық пен жел соғып тұрса да, жылыжай ішінде қияр жайқалып өсіп тұрады. Ерте піскен өнімнің нарықтағы сұранысы да жоғары. Сондықтан өсірілген қияр ұзақ жатпайды, тез өтеді. Бұл – ауыл жағдайында тұрақты табыс табудың нақты жолы.
Амантай Сарбасов қияр өсіруді тек табыс көзі ретінде қарастырмайды. Ол үшін бұл – ең алдымен еңбек мәдениеті. «Жерге қарасаң – жер де саған қарайды» деген қағиданы ұстанған ол әр түп қиярды баладай баптайды. Соның арқасында өнім сапалы, дәмді әрі экологиялық таза болып шығады. Қияр жылыжайы көп жерді де, аса мол қаржыны да қажет етпейді. Есесіне, төзім, ыждағат және үздіксіз еңбек керек. Осындай талапты орындаған жан міндетті түрде нәтижесін көреді. Амантай ағаның тәжірибесі – соның айқын дәлелі. Бүгінде ол жылыжайдан түскен табыспен отбасын асырап қана қоймай, ауылдастарына да үлгі болып отыр.
Қарапайым қиярдан басталған бұл кәсіп – ауыл экономикасын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға жол ашатын тиімді бағыт. Ең бастысы, ол «ауылда жұмыс жоқ» деген түсінікті жоққа шығарады. Қияр жылыжайы – еңбектен қашпаған адамға береке әкелетін, болашағы бар кәсіп екенін дәлелдеп отыр.
Әсел РЗАЕВА




