«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» Мәуелі бақтың бағбаны

Мәуелі бақтың бағбаны


Ризығы мол Жер-Ананың еңкейіп еңбек еткенді, себелеп тұқым сепкенді құралақан қалдырмайтынын түсініп, жылыжай мен тұқымбақтың тұғырын тіктеген Сарбасов Амантай ағамыз бірнеше жылдан бері жылыжай шаруашылығының шырайын кіргізіп, жеміс-жидек көшеттерін өсіру питомнигіне егелік етіп келеді. Ағаш өсіруді әбден меңгерген ол «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС тұқымбағын гүлдендіріп отыр. Біз арнайы Қаратөбе ауылына барып, бағбанның шаруасымен танысып қайттық.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан жасыл белдеу ұзақтан көз тартады. Агро-индустриялық аймақта орналасқан тұқымбаққа бас сұқсаңыз қияр, шие, алхоры, өрік, шабдалы және алманың 4-5 сортын кезіктіресіз. Гүлдің де түр-түрі бар. Саялы ағаштар да көрік беріп тұр. Тропикалық, субтропиктік белдеуде өсетін бамбукты да жерсіндіру қолға алынған. Жасыл желекті жайқалту ісін әбден меңгерген бағбан бірнеше жылдан бері игілікті істі қолға алған еді.


Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан табиғаттың таңғажайып сыйы жылы суды пайдаланып, 70 сотық жерге жылыжай орналастырылыпты. Содан бері жылына екі мәрте қияр мен помидордың жемісін жиып алып отыр екен. Көкөніс өсіру барысында түрлі тәжірибені қолданып көрген біздің кейіпкеріміздің өнімдеріне сұраныс көп. Бағбанның айтуынша, өзі еккен бақшаға химиялық тыңайтқыш қоспайтын көрінеді. Сапасы сенімге селкеу түсіретін химиялық қоспалардан табиғи тыңайтқышты артық санайды.

– Баптай білсең жер деген шіркін жомарт қой. Мол өнім алу үшін аянбай тер төгу керек. Отбасылық кәсіп болғаннан кейін үйдегі барлық отбасы мүшелері толықтай осы кешенде қызмет жасаймыз. Былтыр көшеттер мен жеміс сақтайтын қойма салуды ойға алған. Осы шаруаны жобаламақ болып көршілес Түркістан облысындағы тұқымбақ тәжірибесімен танысты. Олар көшеттің көбін Польша, Италия, Түркия мемлекеттерінен алады екен. Екі мың тонналық қоймалары да жұмыс істеп тұр. Тұқымбақтағы ағаш та, жеміс те көздің жауын алады. Бірақ бақты бір маусымда 16 мәрте улайтыны көңіліне қона қоймады. Алма сақтайтын жер де осындай өңдеуден өтеді екен. Түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Біздің бар мақсатымыз жұртқа таза өнім жегізу болу керек. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, жолын таба білгенге қай кәсіпте де пайда көп. Бақ өсіру оңай кәсіп емес. Бейнеті мол. Олай етпесең, еңбегіңнің өтеуі қайтпайды. Шаруа қожалығында қаншама адам еңбек етеді. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз тірлік жасаймыз. Рас, бұл тірлікті қиын көретін адамдар көп. Еңбек еткен адамның еңсесі биік болады. Ширек ғасырдан бері осы кәсіпті жүргізіп келемін. Несібеме бұйырған табысты тауып жүрген жайымыз бар, – дейді ол.

Бүгінде аталған алқапта жайқалған жеміс ағаштары қаз-қатар бой түзеп тұр. Олардың арасында алма, алмұрт, алхоры, өрік, шабдалы, шие және гүлдің қаншама түрі бар. Жүзімнің де көптеген түрін кездестіруге болады. Тіпті, мұнда негізінен тропиктік аймақта өсетін бамбук өсімдігінің де бой тіктеп тұрғанын аңғардық. Барлығы 65 мың түпті құрайды. Алманың 20 сорты бар екен. Өрік, шие, шабдалы сынды жеміс-жидектерден бөлек грек жаңғағы, миндаль, бамбук дегенді өзге жақтан әкеліп біздің топыраққа жерсіндіріпті. Көзін тапсаңыз, Сырдың бойына бамбукті де жайқалтып қоюға болады екен.
Амантай Сарбасов алғашқыда бамбук жайында нақты деректер жинақтаған. Жаһандық желіні шарлай отырып көптеген құнды мәліметтерге кезікті. Оны алу жолдарын қарастырды. Таныстары бамбук ағашының көшетін жеткізіп бергенде әуелі қалай болар екен деп ойланып қалғаны рас. Қашанда тәуекел іске білек сыбана кірісетін дағдысымен тағы да мақсатына жетті.

– Алғашқыда өсіп кетуіне күмәнім болды. Оның себебі де жоқ емес. Негізінен ол тропиктік аймақтарда өседі. «Біздің өңірдің климаты, ауа райы, топырағы оған сай келе ме?» деген уайымым болғаны рас. Күмәнім бекер болып шықты. Бамбук күннен күнге бойын тіктеп, жасыл желегін жайқалта түсті. Қазір бойының ұзындығы 3 метрге жетті. Суда көбірек тұруы керек. Ол жағы қамысқа ұқсас. Ұзақ жылдан бері бағбандықпен айналысқандықтан, сан алуан өсімдіктерге тәжірибе жасағанды жаным қалайды, – дейді бағбан.

Тіпті, бағбан Американың «Аладар» деп аталатын жүзім сортын да егіпті. Оны кептіріп алса кәдімгі киш-миш мейіз, оның адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Бұдан өзге 25 градус суыққа төзімді, көмуді қажет етпейтін жүзім сортын тауып әкеп отырғызыпты. Павлония деген өсімдік бар екен, ағашын мебель жасауға, музыкалық аспаптың қабығын, қасық-тостақ, сейф материалына пайдаланады. Жеп-жеңіл, 450 градуста ғана жанады. Осы ағашты біздің жерімізге жерсіндіріпті. Шиповник, роза гүлінің 14 сорты будандастыру нәтижесінде қатар түзеп тұр.
– Шабдалы ағашы 7-8 жылда қурап, жеміс бермейді,– дейді ол. Осы ағашты жабайы миндальмен будандастырып, өмірін 35-40 жылға ұзартуға болады. Айва, алмұрт, алманы бір-бірімен будандастырдым. Өрікті жабайы өрікке, алшаға өрікті будандастырдым. 4-10 метрге дейін ылғалсыз құрғақ жерге миндаль мен алша ағашы төзімді келеді. Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Бұл жөнсіз айтылған. Қызылорда облысының қай ауданында да бау-бақша өсіруге толық мүмкіндік бар. Әрине, олардың әрбіріне күтім жасалуы тиіс. Сол арқылы облысты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз етуге болады. Өкінішке қарай, қазір біз мұндай өнімдерді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Ал өзімізде қаншама жер кәдеге аспай жатыр. Мен мына талдарды суару мақсатында арнайы скважина қаздырдым. Сондықтан су мәселесі бойынша ешқандай қиындық туындап отырған жоқ, – дейді бағбан.

Кейіпкеріміздің сөзінше, тұқымбақ ұстау – өте тиянақты тірлікті талап ететін жұмыс. Мысалы, қазір жеміс ағашын дәннен шығаратындар аз. Негізі осы әдіспен өскен ағаш ұзақ жыл жеміс береді. Ал көшеттеп егілген талдың ғұмыры 18-20 жылдан аспайды. Оның үстіне сырттан келіп жатқан көшеттің көбі ауру. Сондықтан да бағбан жеміс ағаштарын қаламша арқылы будандастырып жатқанын тілге тиек етті.
– Біздің өңірге түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Біздің бар мақсатымыз – жұртқа таза өнім жегізу болу керек. Сондықтан да мен осы жердің өзін малдың қиы, тауықтың көңі арқылы өңдеймін.
Базарда тұрған көшеттің көбі – өзбектердікі. Олар желтоқсан айында кіргізіп қояды. Бір көшетті өсіріп, жетілдіріп, сатуға шығару үшін үш жыл керек. Шет елден келген көшеттің көшін тоқтатып, өзіміздікін нарыққа қосу үшін халыққа сапалы өнімнің сырын түсіндіруіміз қажет. Ел сатылымда тұрған нәрсені таңдамай ала береді. Не алу керек екенін де білмейді. Жеміс түрін де таңдай алмайды. Көшеттің тірі екенін білу үшін оның тамырын тырнақпен жырып көрген жөн. Тамыр қарайыңқырап, қоңырқай түс тартып тұрса ол – өлген. Ал ақшыл түсті болса, оны өсіріп шығаруға болады. Бізге көшеттің көптігі емес, көктегені керек, – дейді бағбан.
Одан бөлек, бағбан тұрғындарға көшет өсіру мәдениетін үйреткісі келеді. Ең бастысы, ол басқаларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Тіпті, біз барған сәтте де баққа жер-жерден келіп түнеп, үйреніп жүрген жандарды көріп таңырқадық. Амантай ағаның айтуынша, Түркістан қаласы көшеттің ең көп сатылатын жері, онда көшеттер Өзбекстаннан, Сарығаштан әкелінеді. Бағбан әсіресе алма ағашына ерекше күтім керектігін айтты. Ағашты кесіп тұрған жөн. Ал кесілмеген алма жабайы түрде шығып кетеді. Қаралып, күтілген, кесілген ағаштан ірі, сапалы өнім алуға болады, – дейді.
Қызылорда қаласына барған бір сапарында кейіпкеріміз меценат жігітті кездестіріп қалыпты. Ол жігіт қаладағы 80 қамқоршысы жоқ балаға арналған «Атамекен» интернатына жылыжай салып беріп, балаларды қамқорлығына алған екен. Сол балалар қалашығына ауылдан 2500 көшетті өзі апарып, әр аулаға түгел отырғызып беріпті. Әрі Қорқыт Ата атындағы университетінің агрономия факультетіне ректордың өтінішімен үлкен бау егіп, бүгінде сонда студенттерді іс-тәжірибеден өткізіп, білгенін ешқандай ақысыз үйреткен еңбегі бізді қуантты.
Сонымен қатар үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 149 бас мал алып, жеті жылда алған несиесін толық өтеп болыпты. Есесіне мал төлі есебінен ойда жүрген бірталай тірліктің тетігі тарқатыла бергенге ұқсайды.
Бағбан алдағы уақытта питомникті 50 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, өнімдерді өңдейтін арнайы цех ашуға мән бермекші. Бүгінде сырттан тасымалданып жатқан шырын сусындарын сол цехта шығару ойда барын жеткізді.
Жылыжай кешенінің жұмысын жүйелі жүргізіп, шебер бағбаны бола білген Амантай ағамыз отбасының да алақаны аялы, жүрегі ізгілікке толы мейірімді «бағбаны». Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық бар. Асыл дінімізде де көшеттер мен жеміс ағаштарын егу – сауапты амал. Біздің кейіпкердің егін егудегі басты ұстанымы да – осы.

Әсел РЗАЕВА

---
09 сәуір 2024 ж. 142 0