Гүлсін апаның құтханасы

Қазір әр ауылдың өз наубайханасы бар. Кез келген ауылдағы ағайын бұрынғыдай дүкен сөрелері мен аудан орталығынан нан өнімдерін алдыртып әуреленбейді. Солардың қатарында шағын кәсіптің шырайын келтіріп отырған көктөбелік Гүлсін апайдың қолынан шыққан тәтті тоқаштары бүтіндей бір ауылдың қажетіне жарап тұр. Шалғай ауылдағы шағын наубайхананың шарапатын көріп отырған жұрт дән риза. Оны ауылға арнайылап барғанда ел арасынан естідік. Бұған дейін де қолдан нан жауып, нәпақа тауып жүрген кейіпкеріміз биыл жеңілдетілген несие арқылы кәсібін кеңейтіпті. Арнайы нан пісіретін құрал-жабдықтар алып, тапсырысын еселеген екен.
– Негізі нан пісіру – кез келгеннің қолынан келетін шаруа. Бірақ оны кәсіпке идіріп, бір ауылдың сұранысын өтеу үлкен жауапкершілік. Күн-түн демей еңбек етіп жатырмыз, тірлігіміз түзу, ең бастысы, ауыл халқы жұмысымызды жоғары бағалайды, – дейді Гүлсін апа.
700-дей тұрғыны бар Көктөбенің тұрғындары негізінен ауылшаруашылығына бейім. Төрт-түлікпен күнелтіп, тарымен тіршіліктерін түгендеп отырған тұрғындардың басты мәселесі – жарық екені рас. Күн сайын нан жабу үшін арнайы пешке тоқ көзі аса қажет. Сондықтан келер жылы жаңаратын электр жарығын әсіресе біздің кейіпкерлер асыға күтіп отыр. Шыны керек, қазір бұрынғыдай әр үйде таба-таба нан жауып жатқанын көрмейміз. Сондықтан наубайханашыларға көптің ұсынысы жетерлік.
Негізі бұл мамандық қадірлей білгенге үлкен табыс әкеледі. Гүлсін Оңалбекқызына қолғабыс болып жүрген жолдасы Алтынбек ағаның да еңбегі бір төбе. Үнемі қолдау білдіріп, бірлесе еткен еңбектерінің жемісін ауыл жұрты көріп келеді. Отбасылық кәсіпке айналған бұл бизнес болашақта дами беретініне сендірді.
– Нанды арнайы пеште пісіремін. Қауіпсіз әрі экологиялық таза. Мұнда әсіресе тазалыққа көңіл бөлемін. Ұнды араластыратын, ашытатын аппараттар да бар. Ас пісетін жер таза болуы керек. Бәрі талапқа сай. Ұнды ауылдан немесе аудан, облыс орталығынан алдыртамын. Бізде демалыс жоқ. Сенбі, жексенбі күні де жұмыс істей береміз. Той-томалаққа да тапсырыс аламын. Шүкір, өнімге сұраныс жоғары, – дейді наубайханашы.
Кейіпкеріміз келешекте кәсібінің көкжиегін кеңейтуді мақсат еткен. Үлкен цех ашып, тек ауылды ғана емес, көршілес елді мекен халқын нанмен қамтамасыз етсем дейді. Сөзінің жаны бар, өйткені бүгінде бұл өнімге сұраныс азайған емесі. Сонымен қатар кәсіпкер ауылдың жұмыссыз қыз-келіншектерін жұмыспен қамтығысы келеді. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.
Міне, шағын наубайхананың шарапаты бүкіл ауылдың экономикасына оң әсерін тигізіп отыр. «Еңбектің түбі – береке» деген осы болса керек.
Әли ТЕМІРБЕК




