№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН


Данияр Ахметовтың қолынан шыққан тұрмыстық сапалы бұйымдарын жаңақорғандықтар жоғары бағалайды. Әрі, тұтынып жүр. Аудан орталығының іргесіндегі Жаңаауылда тұратын шебер бұйымдарына сұраныстың артқанын ескеріп, кәсібін кеңейтуді ойлайды. Бұл ретте, оның ісіне «Бастау-Бизнес» дем береді. Яғни, нарықтық бәсекеде бизнесті тиімді ұйымдастырудың сыр-қырына қанығып, білімін жетілдіріп, қаражатқа қол жеткізеді. Біз ұстаның шеберханасына арнайы барып, бейнетті еңбегін көзбен көріп қайттық.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы іске асырыла бастады. Бұл бағдарлама әсіресе кәсіп ашқысы келетіндерге мол мүмкіндік туғызды. Мәселен, былтыр аудан бойынша 195 тұрғын білімін жетілдіріп, білікті мамандардан кеңес алған болатын. Қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру принциптеріне үйретуге, сондай-ақ, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталды. Отыз күндік тегін курс жұмыссыздар мен кәсіпкерлерге арналған. Курсты тәмамдағаны туралы сертификат алған жоба қатысушылары біржолғы шәкіртақымен қамтамасыз етіледі.
Оқыту процесінде міндетті түрде жеке кеңестер, қаржыландыруға арналған жобаны қорғау мақсатында көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары жөнінде тренингтер өткізіледі. Қорытындысында «Бастау Бизнес» жобасында оқуды аяқтағаны және қатысқаны туралы екі түрлі сертификат берілді. Ал осы сертификаттың келешек кәсіп ашамын деушіге көмегі көп көрінеді. Болашақ кәсіпкерлер сала мамандарының қолдауымен керек деген қаржысына қол жеткізеді.
Былтыр білімін жетілдірген 195 тұрғынның 130-ы жобасын қорғап шықса, «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 44-і 83 300 000 теңге алған. Ал, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 56 жобаға тиісті қаражатын бөлген. Кәсіпкерлердің көбі мал шаруашылығын дамытуды қолға алған болса, қалғандары шағын бизнестің шырайын келтіруге еңбек етуде.
Енді Даниярға қайта келсек. Ол аудан да кенжелеп қалған ұсталық бағытта нәпақасын тауып отыр.
– Жобаның тиімділігі қажеттілікті өтеуге сеп болды. Дегенмен, алған екі миллион қаржы керек құрылғыларды толық өтей алған жоқ. Бұйыртса, тағы да несие көлемін арттырып, жұмысты жандандыру ойда бар, – дейді Данияр Файзуллаұлы. Бұл кәсіппен айналысып, отбасын асырағанына да 10 жылдан асыпты. Қаннан келген асыл қасиетті қажеттілігіне жарата алған жаңақорғандықтың жоспары көп. Үлкен цех ашып, жұмыс қолын ұзартсам дейді, әзірге бір тұрғынды жұмыспен қамтып отырған азаматтың бейнеті берекелі.
Ағаштан ойып, қол жуғыш, сандық, үстел, кітап сөрелері сынды түрлі бұйымдар жасайтын шебер тапсырыс берушілердің жиілеуіне байланысты уақытының тығыз екенін айтты. Оның үстіне сапаның сын көтеретіндейі болуы шарт. Сондықтан, күні-түні шеберханасынан шықпай, бұйымды уақытылы бітіруге күш жұмсайды.
Отбасында төрт бала өсіріп отырған қамқор әке ата кәсіпті жас буынға үйретуге қарсы емес. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайтын» заманда жұмыссыздықты жеңіп, өзін де өзгені де табыс табуға талпындырған жанның туындылары енді көрмелерде көпшілікке ұсынылады.
Өз ісін сүйген жан ғана кәсібін өрге сүйрей алады деген ұстанымды ұстаған Данияр Ахметовтың керемет дүниелері тек аудан ғана емес, көрші өңір тұтынушыларының сұранысын арттырса игі. Ең бастысы, тыңнан туған туындылары қажеттілікті өтей алса болғаны. Қалғаны уақыт еншісінде.
Айта кету керек, биыл Қызылорда облысында «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқыту жоспарланса, оның 250-і жаңақорғандық. Оның ішінде, шалғай ауылдың тұрғындарына басымдық беріліп отыр. Сондықтан, кәсіптен нәсіп теруден тыс қалмаңыздар, ағайын! Оған Данияр Ахметовтің еңбегі дәлел бола алады.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
21 сәуір 2018 ж. 1 551 0