№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Талаптыға нұр жауар

Талаптыға нұр жауар

Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп. Қомақты қаржы салмай-ақ үйінде отырып кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар аз емес. Сондай кәсіптің бір түрі – торт пісіріп сату. Бүгінде сұранысқа ие кәсіп көзі десек қателеспейміз. Өйткені, қазір  түрлі тәттілерсіз дастарханды елестете алмаймыз. Мейлі туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарханымыздың сәніне айналды. Тіпті, дүкен сөрелеріндегі емес, арнайы тапсырыспен даярлау сәнге айналды. Міне үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың қатары қалыңдап келеді.  Сондай жандардың бірі Келінтөбе ауылының тұрғыны – Тоғжан Тілепова. Кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі – кондитерлік өнімдерін пісіру.
– «Алғашында тәтті өнім пісіру­ді хоб­­би ретінде айналыса бастадым, кейін келе кәсібіме айналды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде анамнан үйренгенім ғой, бәліш, кекс, нан пісіретінмін.  Есейген соң, қызығушылығым арта түсіп, әр түрлі торттарды пісіріп, тәжірибе жинақтадым. Үйге қонақ келе қалса, бар ынта-жігеріммен торт пісіріп,  алдарына ұсынатынмын. Алғашқы тапсырыс берушілеріміз де үйге келген қонақтардың қатарынан табылды. Содан басталған кәсіп бұл. Міне, осылайша торттар мен қолдан әзірлеген бәліштеріме туыстарымнан тапсырыс түсе бастады. Тәттілерімнің ойдағыдай шығуы үшін бар ықылас-ниетімді салуға тырысамын. ХХІ ғасыр ұялы байланыстың дамыған заманы ғой. Адамдар көбінесе торттарды ғаламтор арқылы тапсырыс беретінді шығарды. Енді әркезде әрқалай тапсырыс түсіп жатады. Кейде бір күнде 7-8 тортқа дейін пісіремін. Бұл менің бос уақытымда айналысатын ермегім ғой. Сондықтан түн ортасына дейін ұйықтамайтын кездерім де бар. Шыны керек, кейде уақытым жетпей де жатады. Бірақ, жүрек  қалауымен айналысқаннан болар, торт пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын,   – дейді Тоғжан Серғазықызы.
Кәсібін жан-тәнімен ұнататын Тоғжанның  қолынан шыққан торттың небір түрлері, тіскебасар, бәліштер ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Дастарханға Тоғжанның тәттілері қойылған сәтте, қонақтардың барлығы да дәмін татып, ерекше ықалас танытып, үй иесінен байланыс нөмерін сұрап алып жатады. Оның үстіне бағасы қолжетімді болғандықтан көпшіліктің қалтасына аса салмақ түсірдейді.
– «Мен барынша қарапайым халықтың жағдайына қараймын. Пісір­ген өнімдерімді қолжетімді бағамен ұсынамын. Адамда қанағат болса, аз-маз тапқан ақшаңның берекесі де болады екен. Әрине, бір тортқа қажетті заттар мен коммуналдық шығындарды есептегенде орташа бағаны ұстауға тырысамын. Өзімнің тұрақты тұтыну­шыларым маған сеніп, тапсырыс береді. Тіпті карантин уақытында да тортқа тапсырыс бергендер аз болмады. Мен үшін ең бастысы сапасы», –  дейді кәсіп иесі.
Тоғжанның тәттілері тіл үйіреді. Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын кәсіпкердің жасаған өнімдеріне өзге ауыл-аймақтардан  да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі дәмдімен қуантып жүрген жандар да жеткілікті.
Ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті. Бірі мамандық алып сол жолда қызмет етсе, енді бірі кәсіп ашып ісін дөңгелетуде. Ал Тоғжан Серғазықызы осы аталған екі бағытты да ұстанған жан. Күндіз балабақшада қызмет атқарса, кешқұрым сүйікті кәсібімен айналысады. Кейіпкерімізден байқағанымыздай балаларының тәрбиесіне де уақыт табады.
Тәтті пісіріп сатушылардың барлығы да бұл саланы алғашында хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырған. Қолдан келсе қабілетті пайдаланып, неге ақшаға айналдырмасқа? Үйреніп, білгісі келген адамға кедергі жоқ. Бастысы ниеті түзу, еңбегі адал болса болғаны.
Әсел КЕҢЕС
14 сәуір 2021 ж. 777 0