№96 (8910) 16

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (8909) 13

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (8908) 9

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ұлт рухының жаңғырығы

Ұлт рухының жаңғырығы


1986 жылы ел тәуелсіздігін талап етіп, алаңға шыққан аға толқынмен сұхбаттасқанда азат, еркін қоғамның қадіріне жете түскендей боламыз. Желтоқсан куәгерлері қатарында болған Берденұлы Саяуыш ағамызбен жүздесіп, сол бір үрей мен үміт астасқан ызғарлы күндер жайында әңгімелеп беруін өтіндік.


– 1986 жыл – бүкіл қазақтың тағдырын өзгерткен сындарлы жыл болды. Сол жылдары КСРО-ның саяси жүйесіне басқа ұлттар арасында да наразылық көңіл-күй күшейіп келе жатқан. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысын алып тастап, орнына өзге ұлт өкілін бір күннің ішінде тағайындау елді ашындырды. Осындай әділетсіздікке қарсы тұрған жастардың шеруі – ереуіл емес, еркіндікке деген ұмтылыстың бастауы. Қыстың қақаған аязы, алаңға ағылған жастар, елдік рух, намыстың буырқанған сәттері, барлығы да қаз-қалпында жадымда жаңғырып тұр.
Ол кезде Алматыдағы малдәрігерлік институтының 2-курс студенті едім. Қаныш Сәтбаев көшесінің бойындағы жатақханада тұратынбыз. 15-желтоқсан күні кешкісін жатақханаға маңдайында «Азат» деген жазуы бар жолақ орамалша тағып алған бір топ азамат кіріп келді. «Ертең таңертең орталық алаңға шығыңдар, биліктен Дінмұхамед Қонаевты алып тастады. Орнына бөтен ұлттың өкілін отырғызбақ, қазақ жерін қазақ басқаруы керек. Ол аздай, Қазақстанның 5 облысын Ресейге бергелі жатыр. Бізге қазақ басшы керек. Өз жеріміз өз елімізде қалсын. Ертең алаңда бейбіт түрде билік басындағылардан осыны талап етеміз. Бірің қалмай ел болашағы үшін келіңдер» деп шығып кетті. Олардың ешқайсысын да танымаймыз. Тек азаттықты аңсаған ел жанашырлары деп түсіндік. Барлығымыз жаспыз, алып-ұшып тұрған уақыт. Саясаттан бейхабармыз. Ақ-қарасын да ажыратпастан ертесіне азанда алаңға бардық.
Көше тола қол ұстасқан жастар. Алаңға жақындаған сайын адам саны көбейіп келе жатты. Бір қызығы – ешкім бір-бірін шақырып жатқан жоқ, бірақ халық өздігінен толассыз ағылды. Алаңда тұрған жастардың жүзіндегі намыс пен қайсарлық әлі есімде. «Менің Қазақстаным» әнін айтып келеміз. Осылай кешке дейін тұрдық. Шерушілер билік басындағылардың бір жауабын күткенімен ешқандай жаңалық болмаған соң кешкісін тарқады. Ертесіне, 17-желтоқсан күні көпшілік алаңға қайта жиналып, билікке уәждерін айтпақшы болды. Алайда, арнайы жасақталған әскерилердің келгенін аңғардық.
– Шерудің бейбіт басталып, кейін күш қолдануға ұласуына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Бәрі бір-ақ мезетте өзгерді. Алғашында алаңда милиция қызметкерлері ғана тұрды. Кейіннен әскерилер, сапер күректері бар сарбаздар келді. Әскер саны артқан сайын жағдай шиеленісе түсті. Бізге «тараңдар» деген талаптар қойылды. Жастардың өз еркімен тарамайтыны белгілі болғанда күш қолдану басталды. Ең алғаш болып жастарға су шашатын машиналарды әкелді. 27 градус аязда мұздай суға малынған жастар кейін шегінбеді.Содан кейін әскерилер сапер күректермен ұрып, қыздарды шашынан сүйреп, жігіттерді топтап ұрып, автобусқа тиеп жатты. Сол сәттегі айқай-шу, зорлық-зомбылықтың көрінісін айтып жеткізу қиын.
Қарулы жасаққа жалаң қолмен қарсылық таныта алмаған қанша жас жазықсыз жапа шекті. Қанша қыз-жігіттер жалаға ұшырап сотталып кетті. Байқағаным, қазақ қыздарын қорлап, аяусыз соққыға жыққан солдаттардың бірі де қазақ емес еді. Алаңға шыққандарды әлсіретіп ұрып, жүк көлігіне тиеп, таудың етегіне апарып аударып тастаған. Солардың ішінде шымкенттік Сәрсен деген досым тірі қалып, өлімші күйде арамызға оралды. Осы оқиғада қорланғаны сонша, «Бүйткен оқуы құрсын!» деп өз еркімен оқудан шығып кетті.
Алаңда жүріп мен де соққыға жығылдым. Бір әскери желкемнен дубинкамен ұрып, есімді жоғалтып, жатақханаға зорға жеткенімді білемін. Бұл күн қазақ үшін үлкен қасірет, қаралы күн болды. Біз алаңда жүргенімізде жоғарыдан фотоға түсіріп тұрған екен. Алаңға шыққандарды суретке түсіріп алып, кейіннен әрқайсысын жеке-жеке іздеп, айыпты деп танып жазалауды бастады. Өз елінде, өзінің азаттығын талап еткен қанша қыз-жігіт жазықсыз сотталып кетті. Мәселен, біздің топта оқитын қармақшылық Ерлан Бисенбаевтың ұран жазылған тақтайшаның бір шетін ұстап бара жатқаны суретке түсіп қалған екен, «көтерілісті ұйымдастырды» деген жаламен 5 жылға соттап жіберді.
Ол оқиғаны көзбен көре тұрып қанды қақтығыстың арасында жәутеңдеген қаракөздерге араша түсе алмаудан, итке таланған қарындастарымызға араша тұра алмаған шарасыздықтан, қанша жанталассаң да құқыңды таптаған қаруланған күшке қарсы тұра алмаудан өткен қорлық жоқ екен. Мені қынжылтатыны, бүгінде арамызда Желтоқсан оқиғасын, сыртынан бақылап, алаңға шыққандарды ақымақ деп сөккен «ақылдылар» бүгін «желтоқсаншымыз» деп желдей есіп, жас ұрпаққа жалған естелік айтып жүр. Бұл адамдыққа сын.
– Желтоқсан оқиғасынан кейін өміріңіз қалай өзгерді?
– Иә, бұл оқиға өмірімді екіге бөлді. Желтоқсанға дейінгі және Желтоқсаннан кейінгі кезең деп. Оқудан шығаруға қағаз дайындалды. Бірақ бірнеше ұстазым араша түсті. Соның арқасында аман қалдым. Кейін жұмысқа орналасу қиын болды. «Желтоқсанға қатысқан» деген таңба маған көп есікті жапты. Уақыт өте келе жағдай түзелді, ел тәуелсіздік алған соң Желтоқсанның шын бағасы беріліп жатыр ғой.
– Желтоқсанға қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Бірі – оның жоспарланған ереуіл болғанын, бірі – ұлттық қозғалыстың бастауы болғанын айтады. Сіздің ойыңыз?
– Менің ойымша, Желтоқсан оқиғасы – стихия емес, ұлттық сананың жарылысы. Жоспарланған төңкеріс деген әңгіме мүлде шындыққа жанаспайды. Өз жерімізде өгейдің күйін кеше бастауымыз өзгеріске, құштарлыққа мүдде біріктірген сынды. Үлкен-кішінің басын осы тілек біріктірді.
– Бүгінгі жас ұрпақ желтоқсан оқиғасынан қандай сабақ алуы керек?
– Ең бастысы – тәуелсіздікті қадірлеуіміз керек. Еркіндік аспаннан түсе салған жоқ, қаншама жастың, онда қаншама тағдырдың көз жасы жатыр. Ұлт намысын қорғау үшін бірлік керек. Әділдік бәрінен қымбат. Әділетсіздікке көз жұма қараған қоғам алға баспайды.
– Жастарға айтар тілегіңіз?
– Менің тілегім – еліміздің бірлігі мен Тәуелсіздіктің берік болуы. Қазіргі ұрпақ білімді, еркін ойлы. Олар үшін барлық мүмкіндік бар. Желтоқсан – өткеннің қасіреті ғана емес, жарқын болашақтың бастауы. Сол аманатты сақтай білсек, елдің іргесі берік болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Айсұлу Алданазар
16 желтоқсан 2025 ж. 228 0