Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Желтоқсан оқиғасы өз бағасын алуы тиіс

Желтоқсан оқиғасы өз бағасын алуы тиіс

«Желтоқсан оқиғасы жыл өткен сайын алыстап барады. Отыз жыл өтіпті оған да. Бірақ әлі күнге нақты бағасы беріліп, оған қатысушылар толыққанды статусына еге болған жоқ. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында жас ғұмырлары тапталған оларды біз де тек желтоқсанда ғана еске аламыз. Біз алаңға ұлт мүддесі үшін шықтық. Қазақты тек қазақ қана басқарсын дедік. Ол тілегіміз бірден болмаса да кейіннен орындалды. Ал бүгін үкімет саясатына еш қарсылығымыз жоқ, Президентті қолдаймыз, сайлаудан қалмаймыз. Ең бір өкінішіміз, желтоқсаншылар өз деңгейінде ұлықталып жүрген жоқ» дейді Махсатхан Нысанбай.


– Желтоқсанның 15-і түстен кейін Д.Қонаевты орнынан алып тастап, Колбинді тағайындапты деген хабар шықты. Жатақханаға сол күні 30-35 жас аралығындағы 3-4 қазақ азаматы келіп: «Ертең институтта сабақ болмайды, барлық студенттер алаңға шығады. Елімізге қазақ емес, орыс ұлтының адамын тағайындамақшы» деп айтып кетті. Мен ол кезде 2 курс студентімін. Жасым небәрі 22-де. Бәріміз балалықпен сабақ болмайтынына қуанып, ертесі 16-сы күні сағат 8-де алаңға шықтық. Біз барғанда әлі адамдар толық жиналмай, әр-әр жерде 40-50 адамнан тұр еді кейіннен көптеп жинала бастады. Ол жерге «Әр ұлтқа өз көсемі!» деген талаппен ғана бардық. Д.Қонаев шығып, өз еркімен орнын босатқанын айтуын сұрадық. Бірақ ол шықпады. Оның орнына қазақтың танымал әртістері шығып сөйледі. Оларды тыңдап жатқан адам болмады. 400-500 адам болып алаңда тұрғанда әскерилер 2 уазикпен келіп қасымызда тұрғандарды күшпен машинаға салып жатты. Біз жанымыздағыларға араша болып, «іштегілерді түсірмесеңдер, машинаны аударып тастаймыз» деп оларды шығарып алдық. Барынша бір-бірімізді танып-танымасақта топ болып жүруге тырыстық, өйткені топтан ажырап қалған адамдарды жақындап кетсе таяқтап, ұстап алып кетіп жатты. Сол күні ауа райы да суық, қыс қаһарын төгіп тұрды, – деп қайғылы оқиғаны қиналып еске алды.

Трибунаның алдында тұрып, институт деканы байқап қалып, студенттерге қайтуды бұйырады. Жатақханаға суықтан жаурап кіреді. Іште оқытушылары мен қоса, КГБ адамдары да болып, студенттерден «Енді жатақханадан шықпаймын» деген қағаз жаздырып алғанына қарамастан, алаңдағы жастардың азапты даусы жатақханаға естіліп, оларды сыртқа шығуға жетеледі. 2-этаждан одеяло байлап төменге түсіп, алаңға оралады. Күндіз ортада қалып қойса, бұл жолы алаңға кіре алмай жүрген екен. 17 күні кешке дейін жүріп, басқа институттардың жатақханада қамап ұстап отырған студенттерінің шығуына көмектеседі.

– Біздің зоотехникалық малдәрігерлік институттың студенттері түгел алаңға шыққан болатын. Біздің топтағы 22 студенттің 13-і алаңда түсірілген суретінен танып жауапкершілікке тартты. Көбі армияға кетіп құтылса, қалған үшеуімізді комсомолдан шығарып, оқудан да шығаруға шақ қалды. Курстасым қармақшылық жігіттің лозунгты ұстап келе жатқаны суретке түсіп қалған екен, сол үшін 7 жылға соттады, кейіннен 2 жылдан соң шығып, оған компенсация төлеген еді. Қазір үкімет Алматының өзінде тұратын 702 желтоқсаншыға әлеуметтік жәрдем түрлерін көрсетуге тырысуда. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінде тұрып жатқан желтоқсаншыларға ешқандай көмек те, қолдау да болып жатқан жоқ, – дейді ағамыз.

Бұл кісімен әңгімелесе отырып түйгеніміз, бұл кісілер мақтауға, марапатқа зәру емес. Бірақ жүрек қалауымен туған ұлтының намысын жыртып, мүддесін қорғап, талабын биліктің құлағына жеткізуді ұйғарған кілкіндей жастар алған бетінен қайтпай аппақ қар үстінде үш күн тұрды. Осы күндері олардың ішінде өмірмен қоштасқандары да, жанына жазылмайтын жара салып, мүгедек атанғандар да, тәніне дерт жамап, жазылмас сырқатқа ұшырағандар тарихтан әділ бағасын әлі де ала алмай келеді. Туған ұлтының туы жығылмауына жас тілектерімен төсеніш болған оларға қоғам жанашырлық жасап, демеу көрсетуге құлықсыз.

Жаңақорғандық желтоқсаншы Махсатхан Нысанбай қазірде 3 қыз, 3 ұлдың әкесі. Сүттіқұдық ауылында №52 мектепте АӘТД пәнінің мұғалімі. Егеменді елдің ертеңі – перзенттерінің азат елде аңсаған арманына қол жеткізе алатын болашағына ол іштей сенеді. Тек сол жолда өзінің өксікті жолы еске түскенде терең күрсінетіні бар...

Рауза ӘЗІЛХАН
19 желтоқсан 2023 ж. 3 157 0