ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ – ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР
Тәуелсіздік – азап пен төзімінің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған арман-тілегінің өтеуі. Бұл – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Жаңғырығы әлі басылмаған, әр қазаққа рух беретін Желтоқсан оқиғасына биыл отыз сегіз жыл толды. Бұл ұлт мүддесі жолында қол ұстасып шыққан жалынды жастардың ерік-жігеріне сын болған қасіретті әрі тарихи күн. Тәуменді тарихқа тағзым етіп, жергілікті желтоқсаншыларға құрмет көрсету дәстүрлі мерекеге айналды.
«Қазақ ұлтын қазақ қана басқара алады» деп қасқая алаңға шыққан қазақ жастарының ерлігі жеміс беріп, тәуелсіз елге айналдық. Бұл оқиға еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының жарқын көрінісі еді. Қазір экономикалық тұрғыдан кемелденген, саяси ұстанымы берік, бәсекеге қабілетті, өзіндік басқару жүйесі мен мәдениеті қалыптасқан, әлем елдері санасатын қуатты мемлекетке айналдық. Еліміздің осы дәрежеге жетуіне желтоқсан оқиғасына қатысқан, еркіндікті талап еткен қазақ жастарының қосқан үлесі орасан зор.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы тәуелсіздігіміздің қалыптасу жолында желтоқсан оқиғасына қатысқан, Жаңақорғандық аға-апаларымызды қабылдап, аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Рухани басқосуда Бектас Нуридинов еліміздің бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігі бүгінгі мен кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.
– Ата-бабамыздың үш жүз жыл бойы аңсаған арманы, қол жеткізген қазынасы– Тәуелсіздікке биыл 33 жыл толып отыр.
Бұл – ата-бабаның арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қол жеткен аса қасиетті күн. Бұл – жас ұрпақтарға “Ұлы Дала Елінің” ұланы атануына жол ашылған ұлық мереке. Ұлттық мүдде арқалаған жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге.
Тарихта ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған, Тәуелсіздік туын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Міне, содан бері 38 жыл уақыт өтті. Өмір бізді одан алыстатып бара жатса да, жүрегімізде мәңгі ұмытылмас елесі қалды. Ол – дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақтың өр мінезді қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет – деді ол.
Мұнан кейін аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Беденұлы мерейлі мерекемен құттықтатады.
– Тәуелсіздік алғанға дейін халқымыз біраз тар жол, тайғақ кешуден өтті. Соның бірі де бірегейі 1986 жылғы қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан Желтоқсан оқиғасына биыл 38 жыл толып отыр. Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ерлігімен ел аузында қалған желтоқсаншылардың бірқатары арамызда отыр. Әрқайсысыңыз егемен елдің еңсесін тіктеу жолында түрлі салаларда қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлес қосып келесіздер.
Келешек ел ертеңі – жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлестеріңіз орасан зор деп санаймын. Бұл–тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбектің ширек ғасырлық белесін түйіндейтін мерейлі сәт, – деп, жиылғандарға ақжарма лебізін жеткізді.
Ауданда желтоқсан оқиғасын көзбен көрген, куәгер қатысушылары саналатын бірқатар желтоқсаншылардың есімдерін атап өтті. Олардың қатарында Динаш Ахметова, Ибадулла Әбдіқадырұлы, Жарылқасын Еламанов, Бақберді Әмірбекұлы, Тамара Аманкелдіқызы, Ермағамбет Сүлейменұлы, Жанәділ Пайызұлы, Қатира Жолшықызы, Клара Тоғызқызы, Еркінбай Батыршаұлы, Мақсатхан Төрегелдіұлы, Алмасбай Досанұлы, Саяуыш Берденұлы, Дүйсенкүл Абибуллақызы, Сәлима Исмайлқызы, Ерубай Қалдыбек, Серік Қалилаұлының есімдері елге таныс.
Кездесудің құрметті қонағы «Желтоқсан» оқиғасына қатысушылар арасынан Жарылқасын Бердіманов сол бір ұмытылмас күндерден естелік өрбітті.
– Өздеріңізге белгілі, 1986 жылы желтоқсан айында Дінмұхаммед Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің келуі жергілікті халықтың наразылығын тудырды. Өзім ол кезде КазГУ-дің студенті едім. Орталық алаңдағы толқуды естіп, қыз-жігіттер түгел шықтық.
«Әр ұлттың өз басшысы болсын» деген ұранды ту еткен қазақтың ұл-қызы бейбіт түрде саяси көзқарасымызды білдіргіміз келді. Алайда жастардың бейбіт шеруі түс ауа стихиялық наразылыққа ұласты. Бұл наразылық соңында саяси шиеленіске әкелді. Иә, қазақ жастарының дәл осылай бас көтеруі Тәуелсіздікке жақындатқан бетбұрыс болды. Себебі, тарихи мекенде қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын қазақтың өзі. Шүкір, бүгінде Тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдік қауымдастық алдында беделіміз артты, – деп шынайы ойын жеткізді.
Қасіретті күннің салмағы қай қазаққа болса да оңай тимегені анық. Ел толқыған шақта жақынынан айрылған қандастардың қайғысы уақыт өте келе сағынышқа ұласады екен. Дүрбелеңде жарақат алып, өмірден ерте озған Ботакөз Қарабаеваның бауыры Әйгерім Әбілтаева да қымбат естеліктерін бөлісті.
– Әпкемнің жанары көз алдымнан кетпейді. Сол кезде ол небәрі 17 жаста еді. КазГу-дің биология факультеті студенті еді. Алаңнан ұстап әкетіліп, түрменің дәмін татқан. Азаптауларға шыдамай өмірін қимақшы болып түрлі дәрі ішіпті. Кейін Мұхтар Шахановтың бастамасымен ақталып шықты. Өкініштісі, денсаулығы сыр беріп, көп ұзамай бақилық болды. Қызғалдақ ғұмырын елдің егемендігі жолына арнаған әпкеміздің рухына мәңгі қарыздармын, – деді қоғам белсендісі.
Кездесуде желтоқсаншылар қазақ жастарының өшпес ерлігін тілге тиек етіп естеліктерімен бөлісті.
Тарих сахнасында Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы жайында сөз қозғамау мүмкін емес. Бұл оқиға еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының азаттық үшін арпалысының шынайы көрінісі. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны – оның халық тағдырымен егіз екендігінде. Ерлік ел есінде қалады.
Мақпал МАРҚАБАЙ