ЕЛІ ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕР ЕДІ

Қазақта «Асыл адам – халықтың жүрегінде өмір сүреді» деген ұлағатты сөз бар. Осындай жандардың бірегейі, артына өшпестей із қалдырған, тағдырлы өмір кешкен тұлға – Жұмаділла Мәмірұлы еді.
Жұмаділла Мәмірұлы Қаратау баурайындағы «Талдысу» елді мекенінде дүние есігін ашқан. Жас кезінен атамекені – «Қосүйеңкі» ауылында еңбекке араласып, 1958 жылы аудан орталығындағы автомектепте оқып, жүргізушілік мамандығын меңгерді. 1958-1959 жылдары «Бірлік» совхозында жүргізуші, 1959 жылдың қарашасынан 1968 жылға дейін Жаңақорған аудандық №1 автобазасының жүргізушісі болды. Одан әрі автобус айдады. 1969 жылдары өзі еңбек еткен автобазада слесарь-жөндеуші қызметін қатар атқарды. Ал 1979 жылдан бастап, дербес мекеме болған №2 ПАТП мекемесінде жүргізуші болып, халыққа сапалы қызмет көрсетті. 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.
Ол туралықты сүйетін жан еді. Дегенмен, әріптестері мен автобаза басшысы Жұмаділла Мамировты жұмысқа қайта шақырып алды. Ол №2 ПАТП мекемесінде тағы да бірер жыл автобус айдап, халықтың алғысын алды. Ел ағасы ешкімге артық дауыс көтеріп сөйлеген емес, жол ақысын төлей алмағандарға да қамқорлықпен қарайтын.
Құдай қосқан қосағы Тұрсын Жүсіпқызы бүкіл әулеттің, ауылдың ұйытқысы бола білді. Қасиетті қарашаңырағынан қонақ үзілмейтін. Үйінің іші үнемі тап-тұйнақтай таза, ошақ оты сөнбейтін. Тұрсын апа мен Жұмаділла аға балаларын тазалық пен тәртіпке негізделген тірлігімен тәрбиелеп, қыздарын ибалы, ұлдарын жинақы етіп өсірді. «Тазалық – иманнан» дегенді айтып қана қойған жоқ, күнделікті өмірімен дәлелдеп өтті.
Жұмаділла аға сабырмен өмір сүріп, ұл-қызының тілеуін тілеп, туған-туысқа пана болды. Бұл қос тағдыр иесі алты перзент өсіріп, ұрпақ тәрбиесінде балаларына өнегелі өмір сүріп, адал еңбек етудің жолын көрсетті. Бұл екеуі де дақпырт пен дабыра қуған жандар емес. Жұмаділла Мәмірұлы үшін – өмір атақ үшін емес, абырой үшін, байлық үшін емес, ұрпақ үшін мәнді еді. Оның мақсаты – адал еңбек, жетістігі – елдің алғысы, марапаты – ұрпағының амандығы болды. Ол кісіні ауыл-аймақ сырт келбеті мен дене тұрқына қарап, балуан тұлғасы батыр деп еркелететін. Жұмекең өзгеге тек сөзімен емес, ісімен үлгі бола білді. «Біреудің қуанышын бөліссең – көбейеді, қайғысын бөліссең – жеңілдейді» деген тәмсіл өмірлік ұраны болатын. Көше салынып жатса, тасын тасып беруге дайын, бір жақыны баспана тұрғызып жатса, қабырғасын қалауға әзір, мұқтаж біреу бар десе, азығын арқалап баруға дайын тұратын. Мұндай жан көпке үлгі еді.
Ағасы Ибаділлә өмірден озғанда, артында қалған алты ұл мен бір қызды жетімсіретпей, оларға қамқорлық жасап, өз балаларындай тіршілікке бейімдеп, бағыт-бағдар беріп, жақсы жолға баулып өсірді. Талай адамға, талайдың баласына қамқорлық жасады.
«Жұмаділла көке бізге туған әкеміздей қамқор болды, – дейді туыс ағасының қызы Алмашай Қалтаева. Әкеміз ертерек бақилық болды. Алматыда оқимыз. Студенттік демалыстарда ауылға барсақ, алдымыздан күтіп алып, қайтарымызда Жаңақорғанның үстінен өтетін түнгі жалғыз «Мәскеу -Алматы» пойызына билет алып, бізді мінгізіп жіберетін. Пойыз кешіксе, таң атқанша күтуге даяр болып, қасымызда отыратын. Жақсылығын көп көрдік. Бұл-жалғыз бізге ғана емес, біз сияқты қаншама адамдарға жақсылық жасағанының бір көрінісі ғана, – деп еске алады сағынышпен.
Отбасында жары Тұрсын Жүсіпқызы екеуі бір емес, бірнеше мәрте баласынан айрылып, қайғы жұтқан кездері аз емес. Жан-жары Тұрсын перзент көтергенімен, шетіней берген соң, өмірге келген сәбиіне «Құдай алмасын» деп ырымдап, есімін «Алма» деп қойған. Бұл есімнің артында зарығу да, үміт те, тәубе де жатқандығын байқауға болады. Одан кейін ұлы – Алмаз, Асан мен Зөре, Анаркүл, Алпамыс атты балалары өмірге келді. Әр баланың есімінде бір тілек, бір үміт бар. Алмаз – өткір болсын, Асан – ақылымен елге бас болсын, Зөре – көркем мінезімен жүрекке жол тапсын, Анаркүл – анардай бал, мейірімді болсын, Алпамыс – батыр болсын дегендей, үмітпен есімдері ырымдалып қойылды.
Бала өсіру бір бөлек, оларды тәрбиелеп, елге лайық азамат ету – бір ғұмырдың ең үлкен парызы. Жұмаділла бұл жолда қателеспеді. Қолға тұңғыш ұстаған перзенттері – Алма. Тұңғыш – деген ұрпақтың төлбасы ғана емес, әке-шешенің үміті, отбасының тірегі, іні-сіңлілерге үлгі, бауырға қорған. Алма осы сенімді биік деңгейде ақтай білді. Жастайынан іскерлікке, тиянақтылық пен жауапкершілікке бой ұрған Алма қыз мемлекеттік қызмет саласында табан аудармастан 43 жыл еңбек етті. Өз ісіне адалдығы мен адамдармен қарым-қатынасындағы кішіпейілділігі, жұрттың мәселесін шешуді, халыққа қызмет етуді борыш деп ұғынған Алма Мамирова ел ішінде үлкен сенімге ие болып, кент әкімінің орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл тек мансап емес, маңдай тер мен қажыр-қайраттың, төзім мен адал ниеттің жемісі. Алма Жұмаділлақызы Мамирова зейнет жасына жеткенімен, әлі де осы салада қызметте жүр. Еңбегі мен тәжірибесі мол жан қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Алмаз Жұмаділлаұлы әке жолын қуып, жүргізуші мамандығын игеріп, адал еңбектің иесі атанды. Перзенттері Асан мен Зөре – егіздер. Асан 32 жасында жүрек талмасынан кенеттен дүниеден озды. Артында Қарлыға есімді қызы қалды. Қыздары Анаркүл мен Зөре шетелдік компанияда аспаз, Алпамыс Жұмаділлаұлы әскери салада қызмет атқарып, бүгінде зейнетке шыққан, елге сыйлы азамат.
Ұзақ жылғы адал еңбегі, қарапайым халыққа жасаған қызметі мен мінезінің кісілігі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалмады. Жұмаділла Мамиров ҚР Тұңғыш Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл ел мүддесіне қызмет еткен қарапайым еңбек адамына берілген лайықты құрмет еді. Ол қарапайым қызметімен ел ықыласына бөленді. Биліктің емес, адамшылықтың биігінде жүрді. Жақсыны көрсе қолдап, жаманды көрсе, жақсылықпен түзеуге тырысатын. Кісі ақысы, ағайын арасы, көрші хақы бәрін елге жақсылық жасаушы кісілік өлшеммен өлшейтін, көптің адамы болды. Осындай тұлғаның жақсылығы ел есінде сақтала бермек.
Мағираш ТҰРСЫНОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі




